Қоғамдық көлік: қордаланған мәселе

Қоғамдық көлік: қордаланған мәселе
ашық дереккөз
Қоғамдық көлік: қордаланған мәселе
Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында 2020 жылы желтоқсан айында кеңесте қаралған «Қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жағдайы туралы» ұсынымдардың орындалуы жөнінде жүргізілген қоғамдық мониторингтің нәтижесі талқыланды. Мәселе бүгінгі күні өзекті болып тұр. Сондықтан жиынды ашқан кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов әуелі облыс орталығында жолаушылар тасымалымен айналысып отырған серіктестіктердің ахуалын, салада атқарылып жатқан жұмыстарды білу үшін сөзді қала әкімдігінің тұрғынжай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғабит Алтаевқа берді. Оның айтуынша, бүгінде қалалық жолаушы бағытында 9 тасымалдаушы мекеме 34 бағыт бойынша күнделікті 340 бірлік автобуспен қызмет көрсетіп отыр. Көліктердің дизельді автобустар саны – 153, ал Ресейде шығарылған газбен жабдықталған «ПАЗ» автобустар – 172, бензинмен жабдықталған «ПАЗ» автобустар – 15 бірлікті құрап отыр екен.

Салада қандай жаңалық бар?

Пандемияға дейін қала аумағында 42 бағыт бойынша күнделікті 430 автобус қызмет көрсеткен. Сол аралықта кей бағытта жолаушылар қатарының сиреуіне байланысты бүгінде 34 бағыт қалған. – Қазір автобустардың барлығына «TulparCard» электрондық жүйесі орнатылған. Айта кетерлігі, «ДамРус», «City-Bus», «ArsenTransCompany» серіктестіктерінен басқа 6 тасымалдаушы мекеменің өндірістік техникалық базасы жекеменшік. Автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстары бойынша 2019 жылдан бастап жалпы 154 бірлік автобус жеткізілді. Тасымалдаушылардың тасымалдаудағы шығындарын жаппаған жағдайда, белгіленген тариф пен тасымалдаудың нақты шығындарының арасындағы айырмашылыққа тиісті бюджет есебінен субсидия төленеді. Өткен жылы әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге қалалық бюджет есебінен 1 миллиард 440 миллион теңге бөлінді, қосымша 298,6 миллион теңге төлеп беруіміз қажет. Бүгінде шығын көлемі сатып алынған жаңа автобустардың нарықтық құнына байланысты едәуір өсіп отыр. 2021 жылы жаңа автобустар жеткізілгенге дейін субсидия көлемі шамамен айына 80 миллион теңгені құраса, өткен жылы жаңа келген автобустар есебінен бір айлық субсидия көлемі 185 миллион теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ жыл басынан бастап рейстерді толық орындамаған, арнайы үлгідегі киім үлгілерін сақтамаған, тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүру кестесін, жылдамдық режимін, жылжымалы құрамды жаңалауға және кешкі рейстерді толық орындамаған тасымалдаушыларға 92 ескерту хаттары берілді. «Орталық диспетчерлік қызмет» серіктестігіне қарасты бақылау тексеру қызметінің және бөлім мамандарымен бірлескен рейдтерде жүргізушілер мен жолаушыларға жалпы 5981 акт толтырылып, 320 жолаушыға 1 миллион 919 мың теңге, 30 жүргізушіге 461 мың теңге айыппұл салынды. Өткен жылы қала тұрғындарының өтінішімен №19 маршрут бағыты «Шалғай Қарасу» алқабына №55, 28 бағыттары, «Ұлы дала» (15) шағынауданына №12, 34 бағыттар, Родничок, Қайнар алқаптарына дейін созылды. Сонымен қатар №9 «Талас ауылы – Саңырық батыр көшесі», №10 «Тектұрмас – «Ауыл-Береке базары» бағытында жаңа маршруттар ашылды. Жаңа оқу жылы басталғанда үш бағыт түнгі сағат 24:00, 8 бағыт 22:00, 13 бағыт 21:00 -21:30-ға дейін ұзартылды. Дегенмен 12:30 қыркүйек аралығында жалпы кешкі уақыттардағы 5338 рейстен орындалғаны 4625 рейс – 86 пайыз, орындалмағаны 713 рейс – 13,4 пайызды құрады. Жұмысшы топтың жүргізген зерделеуі кешкі сағат 20:00-ден кейін жолаушылар ағымы 2-3 есеге дейін азайса, сағат 21:00-ден кейін жолаушылар ағымы өте төмен, мысалға әр рейске шаққанда 4-5 адамды құрайтындығы анықталды. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан жиі наразылықтар туындаған «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарына қызмет көрсететін №54 бағыттың кесте саны 5-ке дейін көбейтіліп жүру аралығы 20 минутқа қысқартылды, қосымша 3 кестемен «Құмшағал», «Көлтоған» алқаптары – Теміржол вокзалы бағытында қызмет көрсетуді бастады. 15 «Ұлы дала» шағынауданына №55, №28, №36, №23 автобус бағыттары қатынауда. Қала тұрғындары тарапынан әлеуметтік желілер мен «Jambyl 109» диспетчерлік қызметіне қоғамдық көліктердің жұмысына қатысты шағымдар жиі түседі. Әрбір шағым бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Өткен жылы кемшіліктерге жол берген 18 жүргізуші жұмыстан босатылды, 49 жүргізуші 3-5 күнге дейін жұмыстан уақытша шеттетілді. Дегенмен қоғамдық көлікпен тасымалдау барысында туындап отырған бір мәселе бар. Қалаішілік бағыттарда қоғамдық көліктерді жүргізу үшін «D» санаттағы жүргізушілердің тапшылығы. Заңнамаға сәйкес «D» санатын алу үшін «D1» санатынан кейін 3 жыл мерзімді қажет етеді. «D1» санатымен қалаішілік бағыттарда қоғамдық көліктерді жүргізуге рұқсат етілмейді. Тек қалааралық және облысаралық бағыттарда ғана жүргізуге рұқсат етілген. Осы мәселені көтеріп атқарушы орган, тасымалдаушылар тарапынан тиісті Министрлікке бірнеше рет өтініш хаттары жолданды. Алайда бүгінгі күнге бұл мәселе өз шешімін таппады. Бүгінде жолаушылар көлігімен тұрғындарды толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Яғни 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату, аялдамаларға 90 бірлік жарық диодты цифрлық таблолар орнату, кемінде 200 автобус сатып алу, жаңа 15 жолаушылар бағыттарын ашу, күнделікті қызмет көрсететін автобустар санын 460-қа жеткізу. Биыл қалаға тасымалдаушылар есебінен 100 бірлік автобус жеткізу жоспарланған. Жаңадан келген және қолданыстағы автобустардың шығын көлемін субсидиялау үшін 2,5 миллиард теңге керек. 30 аялдама орнатуға 55,9 миллион, аялдамаларға 20 бірлік жарық диодты таблоларды орнатуға бюджет есебінен 37,9 миллион теңге қаралып отыр, – деді Ғабит Серғазыұлы.

 Жүргізуші мәдениеті төмен

Бұдан соң көпшілікке жүргізілген мониторингтің нәтижесін Қоғамдық кеңестің құрылыс, энергетика, инфрақұрылым және коммуналдық салаларды дамыту жөніндегі комиссиясының төрағасы Рахманқұл Байтелиев таныстырды. Бүгінде әлеуметтік желілерде қоғам белсенділері мен блогерлер тарапынан жолаушылар тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің қызмет көрсету этикасына қатысты сын көп айтылады. Тіпті, басылым беттерінде де бұл мәселе жиі көтеріледі. Рахманқұл Тұрсынқұлұлының сөзіне сүйенсек, саланың тұралаған тұстары жетерлік. Қала көшелерінде жүрген 84 автобустың техникалық жағдайы, яғни пайдалану мерзімі 7 жылдан, кейбірі 10 жылдан асқан ескі, тозығы жеткен көліктер екен. Жалпы тапсырыс беруші мен тасымалдаушы арасындағы келісімшарт баптарында және конкурстық құжаттарда тасымалдаушы автопаркті жаңа автобустармен жаңартып отыруға міндеттеледі. «Осы міндеттемелер неге орындалмайды және оны кім қадағалайды?» – дейді маман. – Соңғы 7-10 жылдың көлемінде бірде-бір автобусын жаңартпаған «Саяхат-99», «ДамРус», «ТаразПассТранс», «ArsenTransCompany» секілді кәсіпорындар осы уақытқа дейін нарықта неге жүр? Неге осындай саны бар, сапасы жоқ кәсіпкерлермен келісімшартты тоқтатып, оларға тиесілі маршруттарды нарықтағы бәсекеге қабілетті бір кәсіпорынның иелігіне топтастыруға болмайды? Тағы бір жайт, «ДамРус», «CityBus» және «ArsenTransCompany» ЖШС-ның жеке өндірістік техникалық базасы жоқ, олар келісімшарт арқылы өзге кәсіпорындардың базаларын паналауда. Экономикасы дамыған елдерде жеке компаниялардың мәселесін мемлекет шешпейді. Бізде олай емес. Өйткені жолаушылар тасымалының проблемалары ушыққан ошақтардың біріне айналып отыр. Тасымалдаушы кәсіпорын иелері «қит» етсе қоғамдық көліктің жұмысын доғаратынын айтып, қорқытады. Ал саланы нарықтық айналымға жіберіп, субсидияны тоқтатса, жолақы құны күрт көтеріліп, қарапайым жолаушының қалтасын қағатыны белгілі. Сондықтан қала жұртының тұрмысы мен табысының төмендігін ескеріп, жергілікті билік амалсыздан тасымалдаушылардың дегеніне көніп, бюджеттен субсидия бөлуге мәжбүр. Ал автобус қожайындары субсидияға сүйеніп, миллиондап, миллиардтап несие алып дағдыланған. Қазір күнделікті рейске шығатын 340 автобустың жалға алынған 61-інің («ТаразПассТранс»-8,«СапарТранс 2012»-6, «Саяхат-99»-28, «ДамРус»-19») қызметі бойынша қала әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұсынған келісімшарттарын зерделеу нәтижесі көптеген кемшіліктерді анықтап отыр. Атап айтқанда, жасалған келісімшартта жалға алынған көліктің жүргізушісіне төленетін еңбекақы, жанармайдан басқа негізсіз шығындар есепке алынған. Өткен жылдың маусым-тамыз аралығында «ДамРус» ЖШС 10 миллион 717 мың, «ТаразПассТранс» ЖШС1миллион 941 мың, «Саяхат-99» ЖШС 8 миллион 232 мың, «СапарТранс 2012» ЖШС-на 1 миллион 849 мың теңге субсидиялық қаражат артық төленген. Ал «СапарТранс 2012» ЖШС жалға алған 6 автобусының шығындарын өзінің жекеменшігіндегі автобустардың шығындарына негізсіз қосып 1 миллион 849 мың теңге артық субсидия алған. Тағы бір мәселе – күнделікті рейске шығуға міндетті 340 автобустың жүргізуші жетіспеушілігі және техникалық жағдайлары жарамсыздығынан олардың тек 65-70 пайызы ғана шығып отыр. Мониторингтік топ тұрғындар тарапынан көп шағымдар айтылатын №54, 28, 55, 4, 43, 23 бағыттарындағы автобустардың қозғалыс жиілігі, жүргізушілердің мәдениеті, электронды төлемақыны пайдалану қызметіне зерделеу жүргізді. Яғни бастапқы аялдамадан соңғысына дейінгі бір ғана рейстің өзінде орташа есеппен электронды карталары жоқ 20-30 жолаушыдан 130 теңгеден жолақы алып, оларға билет бермегендігіне көз жеткіздік. Есепке алынбаған қаражат кімнің қалтасына кетіп жатыр. Өйткені құзырлы мекеме тарапынан көліктердің қызмет көрсету барысын қадағалап, тексеріп жүрген ешкім кездеспеді. Ал №54, 55, 28, 4, 43 және Тараз-Шөлдала бағыттарында қатынайтын бағыттарда жолаушылар саны күндіз сирек болғанымен таңертең және кешкі қарбалас кезде автобустардың іші лық толып, есігі әзер жабылып бара жататындығын көруге болады. Осындай жағдайлар қаланың 15 шағынауданы, «Көлтоған», «28 саяжай», «Родничок» бағытында да орын алуда. Қала тұрғындары кешкі сегізден кейін автобустардың тоқтап қалатындығын айтып, зар қағып келеді. Тұрғындар №30, 55 бағыттар түнгі сағат 24:00-ге дейін жүреді дегенге тіпті сенбейді. Кесте бойынша 22:00-ге дейін жүруге міндетті №16, 19, 30, 32, 46 бағытындағы автобустарды да кешкі сағат 20:00-ден кейін қала көшелерінде кездестіру қиын. Сенімін жоғалтқан тұрғындар такси қызметіне жүгінуге мәжбүр. Ал 300 адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорын ТЗМК (Тараз металл қондырғылары зауытына) қатынайтын «Әулие-АтаТранс Пасс», «ДамРус» ЖШС иелігіндегі №14, 15, 29, 35 бағыттарының жұмысына зауыт ұжымының өкпесі қара қазандай. Жүргізушілер соңғы аялдамаға 1,5 шақырым жетпей кері бұрылып кететіндігін айтып шағымдануда. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалдаушылар тізімінде өткен жылы қосылған «Құмшағал – Ауыл-Береке» аралығында қатынайтын «ArsenTransCompany» ЖШС-на қарасты №54 маршруты тұрғындардың ашу-ызасын тудырып отыр. Бұл бағыттағы жалғыз автобус 25,5 шақырымды қалай игермек? Соған қарамастан «шығын ақтамайды» деген компанияға өткен жылдың 3 айында (5 автобус) бюджеттен 23 миллион 286 мың теңге субсидия төленген. Бұл неткен батпан құйрық?! 2021 жылы тасымалдаушылардың шығынын өтеу мақсатында жергілікті бюджеттен 803,5 миллион теңге субсидия берілсе өткен жылдың 8 айында тасымалдаушылар 950 миллион теңге субсидия алып үлгерген. Оған қоса қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ай сайын жекелеген әлеуметтік санаттағы азаматтардың қалаішілік қоғамдық көлікпен жүру ақысына бюджеттен 3-4,2 миллион теңге бөліп отырады. Тек өткен жылдың он айында 30 миллион 250 мың теңге бөлінген, – деді Рахманқұл Тұрсынқұлы. Сонымен қатар мониторинг топ Құмшағал, Шөлдала бағыттарына баратын автобустарды көбейту қажет деп отыр. Бұл – тұрғындар талабы. Елді мекендерге қатынайтын №51, 52, 2 маршруттар бар. Мұнда 40 мыңнан астам адам тұрады. Ал қалалық полиция басқармасының дерегі бойынша соңғы екі жылда қалаішілік қоғамдық көліктердің қатысуымен 19 жол-көлік оқиғасы орын алып, 21 адам түрлі жарақат алған. Оның 15-не тікелей автобус жүргізушілері кінәлі деп танылған. Өткен жылдың 5-11 желтоқсан аралығында құқық қорғау органдары тарапынан облыс аумағында жүргізілген «Автобус» оперативтік-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан 1612 жол ережесін бұзу дәйектері орын алған. Ұялы телефон пайдаланғаны үшін 181 жүргізуші, жылдамдықты арттыру, басып озу дәйегі бойынша 331 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған. Рейске техникалық жарамсыз көліктерді жібергені үшін 29 жауапты тұлға жауапкершілікке тартылып, 42 автобус айып тұрағына тоғытылыпты. Сондай-ақ бүгінде 9 кәсіпорында 286 жүргізуші жетіспейді немесе «D» санаты бар жүргізушілердің тапшылығы 84 пайызды құрап отыр. Тіпті, күнделікті рейске 130 автобус шығаруға міндетті «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-ында 200 жүргізуші жетіспейді. Мұнда жүргізушілерді 8 сағатта ауыстырып отыратын резервті ауысым жайында сөз қозғаудың өзі де артық дейді мамандар. «Саяхат 99» ЖШС-ында рейске шығарылатын 28 автобусқа 22 жүргізуші жетіспесе, автопаркінде бар-жоғы 5-ақ автобусы бар «ArsenTransCompany» ЖШС 3 жүргізушіге зәру. Өткен жылы қала орталықтарында 30 аялдама жаңғыртылды. «Ақылды аялдама» жобасы аясында 10 аялдамаға жарық диодты цифрлық таблолар орнатылды. Ағымдағы жылы 15 аялдамаларды жаңартуға бюджеттен 40 миллион теңге қарастырылыпты. Мұның барлығы тек қаланың орталық көшелерінде атқарылған шаруалар. Орталықтан басқа жерлерде жағдай мүлдем басқаша екені түсінікті. – Қаланың жолаушылар тасымалдау нарығында өткен жылдың тамыз айында пайда болған алматылық «CityBus» компаниясы халқының саны миллионнан асатын мегаполистерге арналған ұзындығы 12,5 метрді құрайтын «Golden Dragon» маркалы 10 автобусты лизинг шарты арқылы қаламызға алып келді. Олардың әрқайсысының құны 70 миллион теңге. Автобустар «Талас ауылы – Жібек жолы базары» аралығында қатынайтын №9 бағытта жолаушылар тасымалдаумен айналысып, қыркүйек айында 166284 жолаушыға қызмет көрсетті. Тасымалдаудан түскен қаржы 13 миллион 57 мың 325 теңге. Ал аталмыш 10 автобустың шығындарын өтеу үшін төленген субсидия көлемі 41 миллион 310 мың 610 теңге. Салыстырмалы түрде алсақ, «Әулие-Ата ТрансПасс» ЖШС №30 маршрутында сыйымдылығы төмендеу, құны 5 миллион 804 мың теңге тұратын автобустар шілде айында 173 848 жолаушы тасып, бюджеттен субсидия арқылы 16 489 800 теңге есептелген. Яғни жолаушыларды «CityBus» ЖШС-нен 7,5 мың адамды артық тасыған, субсидиялау көлемі алдыңғыға қарағанда 2,5 есе төмен болған. Бұл бюджетке салмақ түсіріп, қарызды көбейтіп, тиімсіз маршруттарға осындай қымбат автобустар қою ойланатын дүние. Қоғамдық көлікке қатысты атқарар шаруа әлі де толып жатыр. Бұл істі соңына дейін жеткізіп, тұрғындардың төлейтін жол ақысына лайықты қызмет сапасын жақсартуға қоғам болып күш салу керек, – деді кеңес мүшесі.

 Үш жылда 200 көлік келеді

Кеңейтілген отырыста кеңес мүшелері мен қала тұрғындары бірқатар өтініштер айтты. Олардың қатарында – пандемия кезінде тоқтап қалған бағыттарды қалпына келтіру де бар. «Қызылабад» аумағына қазір қоғамдық көлік көп жүргендіктен, тұрғындар үшін қолайлы «TulparCard» карталарын толтыруға ыңғайлы дүңгіршектер орнату. Және қоғамдық көліктерде астаналық тәжірибе негізінде төлемді Kaspi QR арқылы төлеу ыңғайлылығы ұсынылды. Сала мамандары бұл мәселенің барлығы қарастырылып жатқандығын алға тартып, ақпан айында қоғамдық көліктерде Kaspi QR жүйесі енгізілетіндігін жеткізді. Ал Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов жолаушылар тасымалымен айналысып отырған компанияларға «субсидия төлеу керек пе, жоқ па?» деген мәселені төтесінен қойды. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков субсидия төлеу бүгінгі нарық талабы екендігін айта келе, олай болмаса тарифтің көтеріліп, қала тұрғындарының қалтасына түсетіндігін айтты. Бұл мемлекеттік тапсырысты орындап отырған компаниялардың бизнес-әлеуетін көтеру саясаты. – Әлемдік тәжірибеде, яғни қалалық стандарттарға сәйкес қоғамдық көліктер түнгі 24:00-ге дейін қызмет көрсету керек. Біз бұл мәселені сатылап реттейміз. Екінші мәселе – қала аумағында қосымша 13 маршрут ашып, 200 автобус алу үшін 8,5 миллиард теңге керек. Қазір мүмкіндік жоқ. Осыны ескере отырып, мәселені шешу үшін үш жылға жоспар жасадық. Енді қалаға келетін жаңа автобустар орташа сыйымдылықты автобустар болмақ. Және биыл келетін жаңа автобустардың барлығы дерлік зауыттан газ қондырғысы қойылған автобустар болады. Біз қала экологиясын да ескеруіміз керек. Осыған орай қалада газ стансасының құрылысы жүріп жатыр. Ол наурыз айында пайдалануға беріледі. Тәулігіне 250 газбен жүретін автобусты қамтамасыз етеді. Газ бағасын білесіздер, сондықтан бұл келешекте тарифке де әсер етіп, жол жүру бағасы төмендеуі мүмкін. Ал бүгін кеңесте айтылған мәселенің барлығы назарға алынады, – деді қала әкімі. Жиын соңында қала әкімі Құрметті құрылысшы, Қоғамдық кеңестің құрылыс, энергетика, инфрақұрылым және коммуналдық салаларды дамыту жөніндегі комиссиясының төрағасы Рахманқұл Байталиевті «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атағын алуымен құттықтап, кеудесіне төсбелгі тақты.  

Ұқсас жаңалықтар