Пайдасын баспасөздің ескерейік
Кез келген дәстүрлі ақпарат құралының, соның ішінде баспасөздің қоғамға, бұқараға берері қисапсыз мол екені талас тудырмайды. Әдетте тасқа басылған сөздің маңызы шашетектен болатынын ғылым әбден дәлелдеген. Өкінішке қарай, қазір газет сөзінің күші кеміп, ықпалы азайып бара жатқаны жасырын емес. Мұны өкінішті әрі қауіп десе болады. Бұған кінәліні алыстан іздеп әуреге түсудің қажеті жоқ. Сарапшылардың айтуынша, елімізде аталған кәсіпке және оның бәсекеге қабілетті маманын даярлауға деген енжарлық пен немқұрайдылық орнаған. Журналистердің алдыңғы шептегі орнынан ығысуы (ығыстырылуы), пайдасын көре тұра көп оқырманның газеттен қол үзуі, түрлі себеппен жазылым мен таралымның күрт азаюы, билік орындары мен лауазымды кісілердің икемді әлеуметтік желіге иек артуы, оперативтілігі жағынан ұтымды қызмет ұсына білген жалдамалы блогерге тәуелді болуы – мәселенің астарын, төркінін көрсетеді.
Ал қағаздың, өзге де қосымша қызметтердің қымбаттауы, пошта жұмысының жүйесіздігі, қаламақының әлеуеті, мемлекеттік тапсырысты орындаудағы оралымсыздық – жоғарыда келтірілген жағдайдың салдары.
Шынтуайтына келгенде, бұқаралық ақпарат құралдары бұдан да күрделі кезеңде қыспақтан шыға білген. Қалай болғанда да ұлттық сананы жаңарту жолында, оны идеологиялық жағынан қуаттау үшін ең алдымен балаларға арналған, жастарға бағытталған және салалық мемлекеттік басылымдарға ерекше қамқорлық, ал облыстық, қалалық, аудандық газеттерге, олардың редакция қызметкерлеріне айрықша мемлекеттік көзқарас қажет деп санаймыз. Бұл жөнінде көптен бері айтылып та келе жатыр. Мәселен, қоғамда баспасөзге жазылуды күштеп таңудан, міндеттеуден өзге жолдарды неге бірлесіп қолға алмасқа? Елімізде саяси ұйымдардың, қауымдастықтардың, кәсіби одақтар мен бірлестіктердің өз жарғысына сәйкес жұмыс істеуіне, соның ішінде өз газеттерін өздері жаздырып алуына ешкім тыйым сала алмайды. Ал қазір бізде газетке жазылу науқанына қарсы әсіре науқаншылықты әдейі ойластырып қойғандай көрінеді. Тиісті орындар шетел асқан заңсыз активтерді табудың орнына таңдау құқығы негізінде газет-журналға жазылу ісінен жемқорлық іздеп әуреге түседі. Мұндай іс-шараны алдыңғы қатарлы елдердің өздері түсінбей дал болуы мүмкін.
Құқықтық мемлекет азаматының заңды ақпарат алу, оны тарату құқығын ешкім шектемеуге тиіс.
Біздіңше, жаңа да әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысып жатқан біртұтас халықтың үнін, азаматтық қоғамның жұмысын, іс-әрекетін қалың жұртшылыққа жан-жақты, терең, байыпты түрде жеткізуде жергілікті газет-журналдардың орнын алмастыратын құдырет әлі туған жоқ. Мұндай үрдіс бүкіл әлем елдеріне тән, яғни жергілікті басылымдарға ерекше сенім артылып, жәрдем көрсетіледі. Ал бізде аса зиянды үрдіс – жергілікті халыққа әлеуметтік әрі ақпараттық қолдау көрсететін аудандық газеттерді жекешелендіру науқаны жүріп жатыр. Бұл жергілікті басылымдарды, онда жұмыс істейтін журналист қауымы қоғамдық институтын құрдымға кетіруі мүмкін.
Енді ойлаңыз: елімізде бастау алған саяси реформаларды, сайлау мәдениетін қалыптастыру қалай жүзеге аспақ? Дәл осы тұста дәстүрлі баспасөздің пайдасын ескермей болмайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, өркениетті елдердің салиқалы, орнықты басылымдары өздерінің интернет нұсқаларын қосымша ретінде таратады. Ол үшін, әрине, мемлекет бюджетінен қосымша қаржы қарастырылған.
Сонымен бірге кәсіби журналистерге қойылатын біліктілік талабы да, төленетін қаламақы да тиісті дәрежеде болуы шарт. Сонда газеттегі жарияланымдар пәрменділігі бірден көзге түседі. Жалпы қай заманда да ықпалы бар газет қана сұранысқа, яғни үлкен таралымға ие.
Газет сынынан соң тиісті орындардың жауабын міндетті түрде жариялау үрдісін қайта жандандыру – уақыт талабы. Бұл – екі жақтың да жауапкершілігін арттыратын жұмыс тәсілі. Бұдан басқа тіршілік қамын, қоғамдағы жаңалықтар мен құбылыстардың, оқиғалардың жай-жапсарын жөн-жөнімен ақпараттық жағынан сүйемелдеуде де тың формалар мен озық әдістерді батыл енгізу міндеті тұр. Тұтас алғанда, журналистер тарихқа енер дүниені күнделікті қаттап, қағаз бетіне түсіріп қана қоймайды. Сол арқылы ағартушылық миссияны да қоса орындайды. Халқымыздың сауатын арттырып, жадын жаттықтыра түседі. Өркениетті елдер, көзі ашық, көкірегі ояу жұрттар мерзімді басылымдардың құдіретін әлдеқашан мойындаған. Таң ертеңнен газет оқу зиялы адамның күнделікті дағдысына айналғанын мақтаныш тұтады.
Жаңа кезеңде баспасөздің өзіндік мәдениетін, бұлжымас дәстүрін қалыптастыру үшін еліміздің әрбір журналисі мемлекеттік мүддені құндылық ретінде құрметтеуге және насихаттауға тиіс. Өйткені газет – билік емес, бірақ қоғамдық пікірді шоғырландыратын күш екенін ұмытпалық.
Дархан МЫҢБАЙ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді