«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жәнібектің жан жылуы

Жәнібектің жан жылуы
ашық дереккөз
Жәнібектің жан жылуы
Кейінгі уақыттары нарықтың қыспағынан ба екен, адамдар арасында мейірімнің азайып бара жатқанын түрлі жағдайларда көріп жүрміз. Әйткенмен, сол көпшіліктің ішінде өзгелерге шарапатын тигізіп, шуағын шашып жүретіндер жоқ емес. Сондай жандардың бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы «Жан жылуы» қайырымдылық қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіпов. Ол сондай-ақ өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер ретінде де жақсы таныс. Жәнібек басқаратын қор өзі құрылған 2019 жылдан бері ауданда 7 отбасына асарлатып үй салып берген. Бұдан бөлек, көмекке мұқтаж жандарға азық-түлікпен де, қаржылай да қайырымдылық көрсетіп жүр. Тапқан табысын ел-жұртымен бөлісе отырып, адамдар арасында жан жылуын таратуды көздеген Жәнібек Жалғасұлы қайырымдылық қорын құрудан бұрын өзі де сауапты іспен айналысқан екен. – Орта мектепте 9-сыныпты бітірген соң Алматыға оқуға аттандым. Өзім әскери қызметті ұнатқандықтан, осы мамандықта білім алуды көздедім. Алайда комиссия талаптарынан өте алмадым да, ауылға қайтуыма тура келді. Бірақ құр қайтпадым, бейнетаспаны сапалы түсіретін камера ала келдім. Бастапқыда дос-жарандардың, таныс-туыстардың тойын түсіріп, аз-кем тәжірибе жинадым. Сөйтіп, осы іске әбден машықтанып алдым. Оқуға түсе алмаған соң мектептегі білімімді жалғастырдым. Ал 2005 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «мұнай-газ саласының инженер-механигі» мамандығын алып шықтым. «Қазқұрылыссервис» компаниясында өз мамандығыммен екі жыл жұмыс істеп, алған білімімді іс жүзіне асырдым. Сөйте жүріп, бұрынғы бейнетүсірілім жасайтын ісімді де дамыттым. Дегенмен оған көбірек уақыт бөлуім керек болғандықтан, «Қазқұрылыссервис» мекемесінен өз еркіммен жұмыстан шықтым. Өзімнің білгендерімді ініме үйреттім. Сөйтіп, өзім ата-анаммен бірге мал бағып, егін егіп, жеке кәсіпкерлік құрдық. Шаруашылыққа қажетті ірі техникалар алып, оларды жалға беріп, көлік жөндеу орталықтарын, автобөлшектер дүкенін аштық. Дүниенің мәнін ұғындыратын асыл дініміз Ислам шариғаттарында ісіңнің сәттілігін, табысыңның берекесін садақадан табатының айтылады. Біз де табысымыздың белгілі бір бөлігін шын мұқтаж жандарға үлестіріп отырдық. Қайырымдылық іспен айналысып жүріп, көмекті қажет ететін жандар жайлы біліп отыру үшін аудандық әкімшілікпен бірлесіп жұмыс жасағанды жөн көрдік. Әкімшілік мамандары барлық істің заң аясында болуы керектігін ескертіп, қайырымдылық қорын құруды ұсынды. Сөйтіп 2019 жылы «Жан жылуы» қоры құрылды. Бұл расымен де жұмысымызды жеңілдетті. Бізден де басқа тапқан табысынан садақа беріп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созғысы келетіндер арамызда баршылық. Міне, сондай азаматтар да біздің есепшотымызға қажет санаған қаржысын аударып, сауапты істің өрісін кеңейтті. Әйтсе де, көбіне өзіміз бастамашы болып жатамыз. Мысалы, кімге, қандай жағдайда көмектескелі жатқанымызды хабарлап, үлес қосамын деушілер үшін есепшотымызды көрсетіп, әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жариялаймыз. Әрине, қайырымдылыққа арналған қорға алғашқы қомақты қаржыны өзіміз саламыз, – дейді «Жан жылуы» қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіпов. Қор ауданның мұқтаж жандарына көмектесумен ғана шектелмей, еліміздің өзге аймақтарында да игі істерімен танылып жүр. Ауданның Жастар ресурстық орталығы ашқан «Мейірім» дүкеніне жұма сайын қайырымдылық қорының тарапынан азық-түлік апарып, тегін таратып, мұқтаж отбасыларына баспана салып берумен қатар, Луговой ауылынан зәулім мешіт те тұрғызған. Мұндағы құрылыс жұмыстарына еріктілер көмекке келгенін де айта кеткен жөн. – Баспана тұрғызу жұмыстарына еріктілер келіп, тегін көмек көрсетеді. Сондай-ақ аудандағы құрылыс заттарын сататын «Арнат» дүкені қомақты үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта қордың 400-ге жуық мүшесі бар. Көбісі жастар. Қатарымызда кәсіпкерлер де бар. Олардың бірі терезесін орнатса, екіншісі есіктерін салып беріп жатады. Көбісі атын атамауымызды өтінеді. Бергенін бұлдамайтын, барына қанағат ете білетін халқымыз: «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді емес пе?! Әрине, жан-жағына мейіріммен қарайтын кісілер, шүкір, баршылық. Уақыт арнасы қалай бұралаң тартса да бәрін еңбекпен жеңіп, мейір-махаббатпен кез келген кедергіні бұзып-жара алатын қазағымның кең пейілі тарылмақ емес. Біз бүгінде осыған анық көз жеткізіп жүрміз. Иә, «қазіргі қоғам қатыгезденіп кетті, адамдар арасында азғындық артып барады» деген пікір жиі айтылады. Дейтұрғанмен мал-жанын садақамен қорғап, ағайынға асарлатып көмек қолын созуды айнымас дәстүріне айналдырған біздің қазақ қашан да қанында бар ізгілікті ешуақытта да ұмыт қалдырмайтыны ақиқат. Себебі біз игілікті насихаттаушы асыл дін – Исламға мойынсұнған халықпыз, көк бөріше жаужүректілікті жауызға ғана көрсетіп, жалпақ жұртқа тұлпарша тектілікті таныта аламыз. Қарлығаштың ұясын бұзбау үшін көштен қалған Төле бидің ұрпағымыз. Жатты да жатсынбай бауырына баса білген мейірбанбыз. Қайырымдылық қорының жұмыстары осыны бізге нақты көрсетіп келеді. Иә, көмекке мұқтаж жандар арамызда аз емес. Алайда бір адамға қайталап көмектесе берсең, сұраншақтыққа үйреніп алған масылдық психологияны байқайсың. Біздің барлық жұмысымызды басқарып, жастықпен артық-кем кеткен тұсымызда тізгінді тартып, ақылын айтып отыратын жасы үлкен ақылшымыз, ұстазымыз бар. Сол ұстазымыз бізге: «Бір көмектескен адамға екінші барушы болмаңдар. Өйткені көмек ала берген адам тағы да соны күтіп үйреніп қалады. Пендешілік бәрінде бар. Қолдан келсе, дайын ас емес, соны өзі еңбектеніп табатын жұмыс тауып беріңдер», дейді. Біз осы қағиданы ұстанамыз. Мүмкіндігінше ондай жандарға жұмыс тауып беруге, ерінбей еңбек ету жолын нұсқауға тырысамыз, – дейді кәсіпкер Ж.Жүсіпов. Дана Абайдың: «Өзің үшін еңбек қылсаң – өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген өсиетін өмірлік ұстанымына айналдырған Жәнібек Жалғасұлы қарттар және балалар үйлеріне сыйлықтармен барып бас сұғып тұратындарын да жеткізді. – Ауданда қарттар, балалар үйлері жоқ, көбіне облыс орталығына барамыз. Сый-сияпаттарымызды апарып, аз да болса көңілдерін көтеруге тырысамыз. Қазіргі таңда мұсылмандар діни басқармасымен бірлесіп, ауданда 20 балаға арналған қайырымдылық мекемесінің ғимаратын салып жатырмыз. Онда көпбалалы отбасыларынан шыққан балалар жатып оқитын болады. Сонымен қатар қазіргі уақытта ауыр сырқатқа шалдыққан баланың еміне қажетті 9 миллион теңге қаражатты жинап жатырмыз. Керекті қаржы жиналып болып қалды, бұйыртса жақында бала ем қабылдауды бастайды деп үміттенеміз. Міне, осындай аса қажетті деген көмектерді халық болып жинау арқылы қайырымдылық істерді ұйымдастырып отырмыз. Жауапкершілігі зор мұндай игі іспен айналысу мүмкіндігі бізге бұйырғанын өзімізге бақыт санаймыз. Жастайымнан ата-анам «Атаңның емес, адамның баласы бол» деген сөзді жиі айтып өсірді. Өзімнен кейінгі інілеріме де осылай айтып жүремін. «Жалғыздың шаңы шықпас» деген бар ғой, біз болсақ көппен бірігу арқылы ауқымды істерді жүзеге асырып келеміз, – деген Жәнібек Жалғасұлы алда жоспарлаған істерін де тілге тиек етті. Қайырымын көпшілікке тигізіп жүретін Жәнібектей жандармен қоғамда жан жылуының да молаяры сөзсіз. Садақаны жарияламай берген – сауапты іс, әйткенмен қайырымдылықты көбірек насихаттасақ, игіліктің өркені кеңейер деген үміттеміз.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар