Әділет вице-министрі жамбылдықтармен кездесті

Әділет вице-министрі жамбылдықтармен кездесті
ашық дереккөз
Әділет вице-министрі жамбылдықтармен кездесті
Кеше Қазақстан Республикасының Әділет вице- министрі Бекболат Молдабеков Жамбыл жеріне келіп, облыс тұрғындарымен және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып отырды. Бекболат Серікұлы өз сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында айтылған реформалар топтамасынан бастады. – Әділет министрлігі Конституцияға енгізілген өзгерістердің логикалық жалғасы болған барлық үш Конституциялық заңның негізгі әзірлеушісі болып табылады. Аталған мәселеге қатысты Президенттің тиісті тапсырмасы болды. Қазақстандықтар көптен күткен келесі өзгеріс – Конституциялық сот құру еді. Конституциялық сот туралы заң да қабылданды және ол биылғы жылдың 18 қарашасынан бастап күшіне енді. Конституциялық сот өз қызметін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастайды. Қазіргі уақытта «Нотариат туралы» Заңға қабылданған түзетулер мен жылжымайтын мүлікпен мәмілені рәсімдеу рәсімі жеңілдетілді. Енді мәмілені азаматтың жылжымайтын мүлкі орналасқан жеріне міндетті түрде бармай-ақ республика бойынша кез келген нотариуста рәсімдеуге болады, – деді вице-министр. Сондай-ақ биыл 20 маусымда «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаптау құрбандарына, бірінші және екінші санаттағы мүгедектерге, зейнеткерлерге құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегіне кепілдік берілген. Бекболат Молдабековтің айтуынша, биылғы өткен 11 айда Жамбыл облысында 10 мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген. Сонымен қатар вице-министр АХАЖ саласындағы рәсімді жеңілдету аясында некені тіркеу мерзімі 15 күнге дейін қысқартылғанын атап өтті. – «Электрондық үкімет» және «eGovmobile» порталы арқылы туу, неке және қайтыс болу туралы куәлікті электронды түрде алуға болады. Сонымен қатар жаңа туған нәрестеге туу туралы куәлікті екінші деңгейдегі банктердің (Kaspi және Halyk Банктің) мобильді қосымшалары арқылы да алуға болады», – деп толықтырды өз баяндамасында вице-министр. Әділет министрлігі еліміздегі зияткерлік меншік мәселелерімен де айналысады. Бекболат Молдабековтің ақпараты бойынша, 11 айда облыс тұрғындары мен кәсіпорындардан берілген өтінімдер бойынша тауар таңбасына 75 куәлік, өнертабысқа – 8, пайдалы моделдерге 28 патент берілген. Сонымен қатар атқарушылық іс жүргізу – Жамбыл облысы бойынша ғана емес, бүкіл ел бойынша ең күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінде облыс бойынша барлығы 15 мемлекеттік және 104 жеке сот орындаушысы өз қызметін жүзеге асырады. Бүгінгі күні олардың қолында 440 мың атқарушылық өндіріс бар болса, оның 209 мыңы ғана өндірілген. Көрсетілген санның басым бөлігін алименттерді өндіріп алу бойынша құжаттар құрайды. Ал облыс бойынша бұл іс 19 мыңнан асады екен. – Бұл ретте жекелеген борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктерге ие бола отырып, балаларына жәрдемдесуден әдейі жалтарады немесе өз мүлкін жасырады. Алимент өндіруге қатысты іс жүргізу процесінде сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қабылдайды. Өткен он бір айда Жамбыл облысы бойынша алименттік төлемдер бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 214 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды (республика бойынша – 3355). Ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 47 ұсыным жіберілсе, 142 борышкерге қатысты республика аумағынан шығуға уақытша тыйым салынды, – деді Әділет вице-министрі. Берешекті мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде және қоғамдық орындарда орнатылған терминалдар, сондай-ақ Каспий банкі мен Қазпошта мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимде төлеу мүмкіндігі берілген (Kaspi.kz және Post.kz). Берешек толық өтелген кезде атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ИЫҰ ААЖ) шоттарға тыйым салуды және шығуға тыйым салуды автоматты түрде жояды. Бүгінгі таңда Әділет министрлігі «Әділет» ақпараттық- құқықтық жүйесіне жалпыға бірдей тегін қолжетімділікті қамтамасыз етті, бұл кәсіби заңгерлерге ғана емес, қарапайым азаматтарға ресми тіркелген нормативтік- құқықтық актілердің мәтінімен танысуға мүмкіндік береді. Әділет министрлігінің «119» нөмірі бойынша тәулік бойғы құқықтық-ақпараттық қызметі жұмыс істейді, ол халыққа барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес береді. Әділет министрлігінің сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда құқықтық түсіндірме ақпарат орналастырылады. Жиын соңында Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Соңынан азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Вице-минстр сондай-ақ облыстық әділет департаментінің қызметкерлерімен де кездесті.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар