Жүрек тебірентерлік қойылым
Жайлықта әркімнің сана көкжиегі сан тарапқа шарықтайтыны белгілі. Әсіресе қолына қалам алған жандардың қиял-ойы тым бөлек. Өзгені қайдам, өз басым Отан деген ұғымды еске алғанда, я болмаса айтқанда жауырыны қақпақтай, ер-тұрманы келіскен, қару-жарағын асынған ат үстіндегі батырды еріксіз ойға аламын. Неге екенін білмеймін, бәлкім, мен Отанды өзінің қорғаушысысыз мүлдем елестете алмайтын шығармын. Ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан қайсар Тоныкөк батыр: «Қаған парызы – халқының қарнын тойғызып, мерейін өсіріп отыру. Түнде – ұйқы көрмедім, күндіз – күлкі көрмедім, қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді, күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін!» деп толғанған екен. Түйсігі бар, түсінігі кең адамға таптырмайтын сөз – бұл. Түбіне терең үңілсеңіз, қазіргі қоғамда орын алып жатқан сан түрлі жағымсыз оқиғалардың жауабын табуға болатындай.
Сөз барысында «жағымсыз оқиғалар» деп қалдық қой. Рас. Дәл қазір айрандай ұйып отырған елдің тыныштығын бұзғысы келетіндер көп-ақ. Тіпті, сыртқы және ішкі саясатты сан соқтырып, ел экономикасын әлсіреткісі келетіндер де табылады. Ең сорақысы – әлгі сыртқы күштер өздерінің осы құйтырқы әрекеттеріне өзгенің емес, өзіміздің қаракөз бауырларымызды қолданып, алдаусыратып, санасын улауда. Өкінішке қарай, оларды елге қарсы қойып, көздеген мақсаттарына да жетуде. Алданып, өзге елдің яки ұйымның тәуелсіздігі үшін қан төгуге ел асып кеткендер қаншама?
Дегенмен уланған санасын тазартып, қайта елге оралуды сұраған жандар да бар. Мемлекет оларды тасада қалдырған жоқ. Оған дәлел – «Жусан» операциясы. Аталмыш операция арқылы алғаш рет 2019 жылдың 6 қаңтарында Сирияда жүрген бауырларымыз өз туған жеріне оралды.
Өткен аптада Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан құралған Басқар Битанов атындағы халықтық театрдың ұжымы дәл осылай шалыс басқан жандар жайлы сахналық қойылым көрсетті. «Терроризм – адамзаттың қасіреті» тақырыбы аясында сахналанған көріністе жоғарыда біз сөз еткен мәселе айна қатесіз көрсетілді. Санасы уланған, діни-нанымнан, салт-дәстүрден, тарих пен тағылымнан, әке-шеше, бауырдан, бала-шағадан бас тартқан жігіттің рөлін Мият Медетов шебер сомдай білді. Ал баласының болашағына алаңдаған ананың образын Эльмира Асылбекова сәтті алып шықты.
Сахналық көріністе анаға ауыр сөйлеген баланы, жалғыз ұлын уайымдаған ананы, азғырған белгісіз топты, Отанға деген опасыздықты көруге болады. Қуаныштысы сол, қойылымның соңы жақсылықпен аяқталады. Нақтысын айтсақ, өз қатесін түсінген ұл алақаны жұмсақ анадан тізерлеп отырып кешірім сұрағанын көргенде тұла бойымыз шымырлай түсті. Бір сөзбен айтқанда, кешке келген қонақтар туындыға жоғары баға берді.
Шара барысында Отанды құрметтеу әрі қастерлеу тұрғысында пайымды пікірлер де айтылды. Аудандық орталық мешіттің бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев «Отан – отбасынан басталады» деген ұғымды әрдайым берік ұстану керектігін қадап айтты.
Іс-шара соңы мәдениет қызметкерлері арнайы даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты. Атап айтар болсақ, Біржан Көпбаев, Ерболат Құлышев, Тыңжан Сайырманов, Эльмира Асылбекова сынды өнерпаздар «Ауыртпа Алла анамды», «Қабірден хат», «Өмір», «Кінәлама» атты мағыналы әндерді орындап, ел ықыласына бөленді. Ал жалпы іс-шара Нұрлан Әмірбетов пен Айша Жүнісованың орындауындағы «Туған жер» әнімен қорытындыланды.
Жәнібек СҰЛТАН.
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді