Жас жауынгерлер – ел қалқаны

Жас жауынгерлер – ел қалқаны
ашық дереккөз
Жас жауынгерлер – ел қалқаны
Шу қаласындағы №40 мектеп-лицейінде «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» атты әскери-патриоттық акция өтті. Іс-шараға Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Нұрлан Бөден, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы кіші сержант Айдос Саданов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Нариман Бекбауов, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері, сондай-ақ аудан мектептерінің алғашқы әскери және технологиялық дайындығын ұйымдастырушы оқытушылар қатысты. – Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» атты әскери-патриоттық акция өтуде. Осыған байланысты біз Шу ауданының «Жас сарбаз» қозғалысы мен бірлестігіне қатысушыларды жинадық. Бұл акция болашақта елді қорғайтын өскелең ұрпақтың ұлттық рухын арттырып, Отанға деген сүйіспеншілігін нығайтуға бағытталған, – деді Н.Бекбауов өз сөзінде. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы армиясының қалыптасу тарихы, Қарулы Күштердің түрлері мен әскер түрлері, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары, әскери қызмет өткеріп жатқан және зейнеткерлікке шыққан әскери қызметшілерге берілетін жеңілдіктер туралы тыңғылықты баяндалған арнайы бейнебаяндар көрсетілді. Мұнан кейін Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Нұрлан Бөден сөз сөйледі. – Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Бүгінгі таңда бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Еліміздің жастарына өзін-өзі дамыту үшін көптеген мүмкіндіктер берілуде. Бейнебаянда көрсетілгендей, елде көптеген әскери оқу орындары жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар үшін көптеген түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, Әңгімелесу нәтижелері бойынша ҰБТ есепке алынбай, әскери қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу, ең лайықты әскери қызметшілерге университет гранты есебінен тегін жоғары (оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі) білім алу, мүмкіндігі; университеттің әскери кафедрасына гранттық негізде емтихансыз түсу (офицер шенін алу үшін), ҚР ҚМ әскери оқу орындарына емтихансыз және аса лайықты әскери қызметшілер үшін ҰБТ-ны есепке алмай түсу мүмкіндігі, – деді ол. Өз кезегінде ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы кіші сержант Айдос Саданов әскери қызметшілердің өмірі мен тұрмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ардагер мерзімді әскери қызмет атқарып, келісімшарт бойынша әскери қызметте қалған. 25 жыл қызмет еткен Айдос Мұхтарұлы лайықты демалыста және әскери қызметтің қиындығы мен қызық өміріне қарамастан, өз өмірін әскери қызметпен байланыстырғанына өкінбейді. Әрі қарай акцияға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауаптар алды. Іс-шара барысында қатысушыларға Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтің өмірінен театрландырылған қойылымдар, патриоттық бағыттағы ән-биден концерттік бағдарлама ұсынылып, сондай-ақ «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары АК-74 автоматын толық бөлшектеу және құрастыруды көрсетті. Жиын соңында Нариман Бекбауов Шу ауданында алғаш рет құрылып отырған әскери-патриоттық қозғалыс пен «Жас сарбаз» бірлестігі туралы айтып, оның тәрбиеленушілері облыс көлеміндегі түрлі әскери-патриоттық жарыстарда өздерінің жоғары нәтижелерімен қуантып жатқанын тілге тиек етіп, жастарды әрқашан Отанды қорғауға шақырды.  

 Адель ИСКАКОВ,

журналист.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар