«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіптік білімнің көкжиегі кең

Кәсіптік білімнің көкжиегі кең
ашық дереккөз
Кәсіптік білімнің көкжиегі кең
Келешек ел басқарар, туған жерді гүлдендіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен – білім ордасы. Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру кез келген ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. Осы орайда, Т.Рысқұлов ауданында орналасқан Құлан агротехникалық жоғары колледжінің ұстаздары бұл үдеден шығып жүр. Қазіргі таңда жаңа қырынан танылып келе жатқан оқу ордасының алғашқы іргетасы 1923 жылы қаланған. Асыраушы саланың мамандарын даярлайтын мұнда бүгінде 584 жас білім алуда. Оларға 74 инженер-педагог қызметкер дәріс береді. Қазыналы білім ордасына айналған жоғары колледждің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылса, олардың арасында ел мақтанышына айналып үлгергендері де аз емес. – Ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал білімнің сарқылмас көзі – оқу ордасы. Коллледжден қанат қағып, заман талабына сай майталман маман атанып жүрген шәкірттеріміз де аз емес. Дарынды студенттеріміз өз ісінде шын шебер атануда. Олардың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атануы осындағы ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Білім ордасының білікті ұстаздары шығармашылық ізденісте көптеген әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетуде. Біздің ұстаздардың қатарында «Білім беру саласының үздігі», «Үздік педагог» және «Еңбек ардагері» сынды марапаттарға қол жеткізгендер бар. Үлкен жетістіктерге ие болып жүрген мұғалімдеріміздің болашағынан күтер үмітіміз зор. Себебі кез келген шәкірттің тұлға болып қалыптасуы ұстазына байланысты. Әрбір тәлім алушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін дариядай терең білім, биік парасат, үнемі еңбексүйгіштік пен таза ниет керек. Біз де дәл осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік, – дейді колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Райхан Ташыбаева. Оқу ордасында 12 мамандық бойынша лицензия болса, 2022–2023 оқу жылында 10 мамандық және 23 біліктілікке сәйкес кадрларды дайындау жүзеге асырылуда. Ветеринария, агрономия, сүт өнімдерінің өндірісі, ет және ет өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу сынды мамандықтарда білім алатын жастар ауыл шаруашылығының өрісін кеңейтіп жүр. Мәселен, колледждің өндірістік оқыту шебері Рахат Орманәлиевтің шәкірттері екі көміртекті электродтың тілін меңгеріп, дарынды дәнекерлеу ісінде шеберліктерін арттырып жүр. Соның бірі – құландық Дәурен Молдасимов. – Бала күнімнен дәнекерлеушілердің жұмысына қатты қызығып өстім. Кейін ержеткен соң, аудан орталығындағы колледжге оқуға түстім. Мұнда Рахат Сәрсенәліұлы ағайдан тәлім алдым. Ұстазым маған металдың қалай балқитынын, нені және қалай жасау керектігін үйретті. Оқу ордасында алғаш рет дәнекерлеу құралын қолыма алдым. Болашақ кәсібіме адалдық таныттым, қызықтым және үйрендім. Осылайша, бүгінде шағын ғана жеке кәсібімді ашып, жұмыс істеп жатырмын. Төрт жылдан бері жаныма қолынан іс келетін бірнеше жігіттерді жинап, халықтың күнделікті тұрмысына қажетті түрлі дүниелерді жасап шығарудамыз. Жалпы, жақсы маман болсаңыз, өзіңізді және отбасыңызды қамтамасыз ете аласыз. Бұл іске жан-тәніммен берілуім әрі қандай да бір нәтижеге қол жеткізуім ұстаздарымның өлшеусіз еңбегінің арқасында,– дейді Дәурен Қайратұлы. Иә, байырғы кәсіптік білім ордасының бүгінгі шәкірттері түрлі кезеңнен өтіп, тұрақты даму жолына түскен. Жоғары колледжде оқыған Айнұр Атабаева да «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығында білім алған. Оқуын үздік дипломмен тәмамдаған ол сол жылы еңбек бағдарламасы бойынша 530 000 теңге қайтарымсыз несиеге қол жеткізеді. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлігін ашып, тапсырыс бойынша түрлі киімдер мен бұйымдар тігеді. Болашақта кәсібін ұлғайтуды мақсат еткен тынымсыз жан тігіншіліктің қыр- сырын үйреткен Майра Рахманова ұстазына қарыздар екенін айтты. Айта кетейік, келер жылы Құлан агротехникалық жоғары колледжі 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Уақытында мұнда «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыстай кемеңгер де білім алған. Аймақтың ғана емес, бүтіндей бір елдің ауыл шаруашылығын дамытатын мамандар даярлап келе жатқан оқу ошағының алар асуы мен бағындырар белесі әлі алда екені даусыз.  

Есен ӨТЕУЛІ

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар