«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қалдырған ізің мәңгілік...

Қалдырған ізің мәңгілік...
ашық дереккөз
Қалдырған ізің мәңгілік...
Ұлт пен ұрпақ үшін қасиетті ұғым, ол – ұстаз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор. Еліміз бойынша ұстаздар күні қарсаңында мұғалімдерге құрмет көрсетіліп, үздіктерін марапаттау шарасы өтеді. Жер-жерде арнайы шаралар ұйымдастырылып, ұстаздар қауымы қошеметке бөленеді. Биыл да осы дәстүр үзілмей, мұғалімдерді марапаттау шарасы жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен жиын А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры сахналаған Ұлт Ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатын танытатын шағын қойылыммен ашылды. Ұстаз әні шырқалып, өңірдегі педагогтердің жетістігі туралы шағын бейнеролик көрсетілді. Бұдан соң аймақ басшысы білім саласындағы оң көрсеткіштерге тоқталып, мұғалімдерді мерекемен құттықтады. – Адам баласы қай заманнан бері жаңаны үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Оқушы зердесіне асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны ол ең алдымен – ұстаз. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» дейді халық даналығы. Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» десе, әлемдегі ең асыл мамандық иесі – мұғалім екендігі сөзсіз! Сіздер өскелең ұрпаққа өмір бойы рухани азық болатын, болашағын және шынайы өмір жолдарын қалыптастыруда ең қажетті білім мен тәрбие бересіздер. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі, жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды, – деді аймақ басшысы. Облыс әкімінің айтуынша, білім саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Облыс бюджетінің 53 пайызы осы саланың еншісінде. Биыл 22 білім нысанын салуға 7 миллиард 600 мың теңге бөлінді. Бүгінге 13 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 4 нысанның құрылысы аяқталмақ. Сонымен қатар 4 миллиард 100 мың теңгеге 13 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтсе, 3 мектеп пен 2 балабақшада жұмыстар жалғасуда. – Өткен оқу жылы республикалық, халықаралық байқауларда 4557 мұғалімнің жеңімпаз болып танылуы, дарынды оқушыларымыздың халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда 217 медальді, шығармашылық және спорттық додаларда 1490 жүлделі орындарды иеленуі – облыс ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білемін. Осы орайда, облысымыздың білім беру саласында абыройлы қызмет етіп жатқан 40 мыңға жуық мұғалімдерге өз алғысымды жеткізгім келеді, – дей келе облыс әкімі аймақты білім саласын жетілдіруге белсенді үлес қосып жүрген бір топ педагогті марапаттады. Марапат иелеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді. Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар