Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың есептілігі туралы

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың есептілігі туралы
ашық дереккөз
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың есептілігі туралы
Соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде де микронесиелеу нарығы белсенді дамып, үлкен қарқынмен өсіп келеді. Микронесиелеу – бұл ипотекалық несиелеу, автонесиелеу немесе бизнесті несиелеу сияқты несиелеу нарығының толыққанды сегменті. 2019 жылғы 3 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданған болатын. Осы Заңның нормаларына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап бұрын реттеуге жатпайтын қаржы нарығының қатысушылары, нақты айтқанда кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар жаңа қадағалаушы орган – Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеу саласына енді. Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен тиісті лицензия алғаннан кейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қаржылық және өзге де есептіліктерді тапсыруға міндеттеледі. Бұл есептіліктердің тізімін, нысандарын, мерзімін және тапсыру тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді. Қаржылық есептіліктер (бухгалтерлік баланс және пайда мен зиян туралы есеп) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы No41 қаулысымен бекітілген Қаржы ұйымдарының қаржылық есептiлiктi ұсыну қағидаларына 7 және 8 қосымшаларымен бекітілген нысандар бойынша тапсырылады. Сонымен қатар микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне өзге де есептілікті «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның есептілік тiзбесiн, нысандарын, ұсыну мерзiмдерiн және оны ұсыну қағидаларын бекіту туралы» 2019 жылғы 28 қарашадағы No222 қаулыға және «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның пруденциялық нормативтердi және сақталуы мiндеттi өзге де нормаларды және лимиттердi орындауы туралы есептіліктің тізбесін, нысандарын, ұсыну мерзiмдерiн және оны ұсыну қағидаларын бекіту туралы» 2019 жылғы 28 қарашадағы No224 қаулыға сәйкес тапсырады. Микроқаржы ұйымы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне барлығы 13 түрлі, ал кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар – 9 түрлі қаржылық және өзге де есептілік тапсырады. Қаржылық және өзге де есептілікті тапсыру мерзімі: микроқаржы ұйымдары үшін – тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі 20 (жиырмасыншы) күннен кешіктірмей; кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар үшін – тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі 25 (жиырма бесінші) күннен кешіктірмей. Есептіліктер электрондық нұсқада frsi.nationalbank.kz. сілтемесі бойынша қолжетімді «Қаржылық реттеуші статистикалық көрсеткіштер» ААШЖ (бұдан әрі – «ҚРСК» ААШЖ) арқылы тапсырылады. Есептілікті бірінші рет тапсыратын жаңа ұйымдар, алдымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің жаңа Веб-порталында (digital.nationalbank.kz) тіркеліп, «ҚРСК» ААШЖ қол жеткізу құқығын беруге өтінімді (ұйымның бірінші басшысына және бас бухгалтеріне) толтырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалына (zhumb_80@nationalbank.kz) хатпен жіберу керектігін айта кеткен жөн. Сұрақтар туындаған жағдайда және/немесе есептілікті толтыру бойынша кеңес алу үшін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалына 8 (7262) 999-348, 8 (7262) 45-59-81 телефондары арқылы жүгінуіне болады.  

Дана БАЙМОЛДАЕВА,

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының жетекші маман-экономисі.

Ұқсас жаңалықтар