Халқының рухын оятқан жазушы
Шерхан Мұртаза – қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпестей із қалдырды. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қашанда биік мінберде жұртының мүддесін қорғап, жасындай жарқылдады. Өзін толғандырған шығармалары арқылы халықтың ой-өрісін көтеріп, санасына сәуле құйды. Ол «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан» секілді повестері мен бірнеше әңгімелер жазды. Оның қай әңгімелері мен повестері болмасын, қай тақырыпты қозғамасын, олардағы негізгі арқау – адам тағдыры, ой-арманы, тіршілік-тынысы, махаббат. Мәселен, «Мылтықсыз майдан» повесінің оқиғасы соғыс жылдарындағы ауыл адамдарының өмірінен тыныс-тіршілігінен хабар береді. Шығармада алапат соғыстың кесірінен ауыл балалары бақытты балалықтың не екенін білмей өседі. Ауылда қалған кемпір-шал, қыз-келіншектер қолдағы барын майданға жөнелтеді. Осындай сүреңсіз сәтте отауға жаңадан келін болып түскен Тотия жұбайлық өмірдің қызығын көре алмайды. Күйеуі Орақ майданға аттанып кетеді. Сонда қаза табады. Тотия небәрі жасы жиырмаға жетпей жесір қалады. Ал бозбала Тұтан майданда снаряд жарықшағы астында қалып, белінен шойырылып, елге жарымжан болып оралады. Ауылға келген соң үйленген. Алайда әйелі жарымжан күйеуімен көп ұзамай ажырасып кетеді. Міне, осылай қылшылдаған жас жігіт сұм соғыстың кесірінен бақытсыз өмір кешеді.
Повестің тағы бір кейіпкері он алты жасар Нұрперзентті атасы жесір қалған жеңгесі Тотияға үйлендірмек болады. Осындай қияндағы ауылды азапты өмірге, қиындыққа ұшыратқан не нәрсе? Әрине, ол – сұм соғыс әлегі. Ауылда да мылтықсыз майдан жүріп жатқанын жазушы нанымды сипаттайды. Шығарманың тілі жеңіл, оқиғасы қою, қызықты оқылады. Табиғат көрінісін адам өмірімен, тыныс-тіршілігімен байланыстыра суреттейді.
Ш.Мұртазаның «41-жылғы келіншек», «Бір нәзік сәуле», «Тұйық шарбақ», «Шекшек шырылдайды», «Ақсай мен Көксай», «Көкемарал гүлдегенде», «Интернат наны», «Шақалақ» және басқа да әңгімелері кезінде оқырман қауымнан жақсы баға алған. Бұл шығармаларда күнделікті адам өміріндегі жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен қатыгездік, тойымсыздық, соғыс кезіндегі қиындықтар суреттеледі. «41-жылғы келіншек» әңгімесінде күйеуі соғыста қаза болса да, келер деп одан үмітін үзбеген Хадишаның ішкі толғанысы, қайғы-қасіреті шеберлікпен сипатталады.
Ш.Мұртаза өндіріс тақырыбында «Қара маржан» романын жазды. Уақытында бұл роман жоғары бағаланып, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ие болды. Жазушы шығармасында тікелей өндіріс мәселелерінен гөрі осы өндірісте еңбек етіп жатқан инженер-техниктердің, қарапайым еңбек адамдарының өмірлік, тұрмыстық жағдайларына тереңірек ден қояды. Яғни өндіріс мәселелеріне байланысты немесе соның тікелей әсерінен туындайтын адамдар арасындағы моральдық-этикалық байланыстарға, солардың шығу себеп-салдарына тоқталады.
Нариман Данаев – білікті инженер. Ол «Соколов-Сарыбай» комбинатында мамандығы бойынша іс-тәжірибеден өтіп, шыңдалып, Оңтүстік аймақта жаңадан ашылған Нәртас кенішіне басшы болып келеді. Осында ол қолынан іс келетін басшы екенін дәлелдейді. Сонымен бірге адамгершілік қасиеті, жеке мүддеден гөрі қоғамдық мүддені жоғары қоюы ұжымда үлкен беделге ие болуына көмектеседі. Оның қарсыласы – Жарас Хамзин. Қаратау комбинатының бас инженері. Шығармада ол іс-әрекеті арқылы өзімшіл, тоғышар, кекшіл адам ретінде сипатталады. Бүгінгі өндіріс басшысы жаңалыққа құштар, қоғам дамуын, уақыт ерекшелігін дәл танып, қажет жағдайда батыл шешім қабылдай білуі, істің көзін таба білуі, осы мақсатта көпшілікті соңынан ерте білуі керек. Міне, осындай қасиеттерді романның бас кейіпкері Нариманның тұлғасынан табамыз.
Ш.Мұртазаның тоталитарлық режимнің құрбаны болған Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловты ортамызға қайта оралтуы сол заманда жазушының ерлікке пара-пар ісі еді. Жазушы көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов жайлы көп томдық роман. Олар: «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір» және «Тамұқ» деп аталады. Жазушы Тұрар бейнесін сомдау үшін ұзақ ізденіп, мұражайлардан көп деректер табады. Үлкен тақырыпқа зор жауапкершілікпен, дайындықпен барады.
Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл туралы Ш.Мұртаза да қалам тартты. Әуезов повесі: «Оқуға ұғымды, ерекше талапты момын қара бала болашақ заманның белгісіз бір жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап ер жетіп келе жатты», – деген жолдармен аяқтаса, Ш.Мұртаза романын: «Түрме әкімшілігі айламызды асырдық деп ойлайды», – деген жолдармен бастайды.
Бірінші кітабы «Қызыл жебеде» абақты камерасында Рысқұл социал-демократ Бронниковпен бірге жатады. Абақты басшылары бұл екеуі бірін-бірі түтіп жеп қояды деп есептеген. Алайда олай болмай шықты. Роман оқиғасы осылай ұтымды, психологиялық ситуациядан сабақталған. Камерада тағы да үшінші бір адам жатады. Ол – сегіз жасар Тұрар. Ол күндіз түрме бастығының қызы мен жиені Аркашаны арбамен мектепке алып барып, алып келеді және түрме аттарына қарайды.
Саймасай болыс Рысқұлдың жүйрік аты Қызыл жебені ұрлатып, бауыздап тастайды. Екі арадағы кек осылай тұтанып, шиеленісе түседі. Ақыры Рысқұл Саймасайды атып өлтіріп, түрмеге түседі. Саймасайдың әулеті Тұрарға қастандық жасауынан сақтанып, Рысқұл жоғарыға арыз жазып, баласын абақтыға алдырады.
Міне, түрмеде жатқан Тұрардың сауатын Бронников ашады. Осында кекпен, намыспен суарылған Тұрар өсіп келеді. Әкесі итжеккенге айдалады. Алғашқы екі кітабында Тұрардың жетімшілік көріп өсуі, ер жетуі, ұлт-азаттық көтеріліске қатысуы, революциялық жолға түсуі көрсетіледі. Үшінші, төртінші кітабында Тұрар нағыз революцияның батыры дәрежесіне көтерілу жолы, Түркістан республикасының тұңғыш төрағалығына дейін өсуі қамтылады.
Ташкенттегі қызметіне 1918 жылы келеді.
Оған дейін Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы екен. Ол Денсаулық министрі болып тағайындалады. Кейін өз өтінішімен аштықпен күрестің басшысы болады. Мұсылман коммунистері бюросының да бастығы, ТУРЦИК мүшесі. Ол Ташкентте Түркістан республикасын құрмақ болады. Бірақ ол ойын жүзеге асыра алмайды. Орыс шовинистерінің қарсылығына ұшырайды. Әділдік іздеп Мәскеуге кетеді. Романда талай тұлғалармен қызметтес болады. Тәуелсіздік жолына кедергі жасағандармен аяусыз күрес жүргізеді. Үшінші кітабында өмірдің есігін ашқандай болады.
Төртінші кітабында Мәскеуде ұлт мәселесі жөніндегі Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Бұл қаһарлы отызыншы жылдың таяп қалған кезі еді. Сол жеке басқа табынушылық пен әпербақандық саясат кесірінен қазақ халқының басына үйірілген қара бұлт Тұрардай ел азаматын жайбарақат қалдыра алмады. Туған елі үшін отқа түсіп, азуы алты қарыс арыстандай ақырған Сталинге қарсы шығып, шыр-пыр болған Рысқұловтың жан күйзелісі, шарасыз жай-күйі нанымды суреттелген. Голощекин Қазақстанды басқарған жылдары қазақ халқы ашаршылыққа ұшырап, қырыла бастады. Аман қалғандары шетелге жан сауғалап босып кетті. Осыны көре білген Рысқұлов Орталық басшыларына халықты құтқару үшін шара қолдануды сұранады. Олардан пәрмен болмаған соң, Сталиннің қабылдауына кіріп, Қазақстандағы жағдайды баяндайды. Голощекинді орнынан алуына қол жеткізіп, туған халқын жаппай қырылудан аман сақтап қалады.
«Тамұқта» атты соңғы романында Т.Рысқұловтың халық жауы деген атпен абақтыға жабылуы, ондағы азапталуы сипатталады. Жазушы осы көп томдық романы арқылы Алаш ардақтысы Т.Рысқұловтың қайраткерлігін, елі үшін еткен жанқиярлық қызметін кең тұрпатта суреттеген.
Ш.Мұртазаның тәуелсіздік жылдары жазған «Бесеудің хаты», «Сталинге хат», «Домалақ ана», «Есек саудасы», «Жалғызүйлі зілзала» пьесалары театр сахналарында бірнеше рет қойылды. Онда өз халқының қалғыған рухын сілкіп оятты деуге болады.
Жазушы кейінгі жылдары «Ай мен Айша» романын жазды. Бұл шығарманы сүйікті анасына арнаған. Болашақ қаламгердің жастайынан әкесінің халық жауы атанып ұсталып кетуі, әке тәрбиесін көре алмауы, жетім өсуі, анасының барлық қиындыққа шыдап, ұлын адам қатарына қосуы жолындағы іс-әрекеті шынайы бейнеленеді. Бұл роман оқырман қауымнан жоғары бағасын алды.
Ш.Мұртаза әр жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Егемен Қазақстан» газеттерін, «Жалын» журналын, республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясын басқарды. Бұл басылымдарда халқымыздың өзекті, көкейкесті мәселелерді көтеріп, оқырмандардың ілтипатына ие болды. Қаламы жүйрік жас таланттарды танып, оларды редакцияға қызметке шақырды. Оңтүстік Қазақстаннан М.Шахановты, Атыраудан Ф.Оңғарсынованы, Шығыс Қазақстаннан О.Бөкейді, Қарғандыдан А.Сейдімбек сынды бірнеше азаматты тартып, олардың қабілет-қарымының ұшталуына ықпал етті. Олар кейіннен қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосты. Ш.Мұртаза бірнеше рет Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы болған кезінде өз жұртының мүддесін қызғыштай қорғады.
Ш.Мұртаза қай тақырыпты қозғаса да, қандай биік мансапта қызмет атқарса да, өз еңбегін халықтың рухани болмысын биіктетуге арнады. Оның жүректен шыққан туындылары жүректерге жетіп жатты. Сондықтан да жұртшылық оны өз елінің ары мен намысы деп білді.
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
ардагер ұстаз. Түркістан облысы, Төле би ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді