Көркем әлемнің көрінісі
Суретшілік пен қолөнер – шеберлікті талап ететін нағыз өнер түрі. Оқушы кезімізде сурет сабағына белсене қатысып, қызығушы едік. Салған суретіміз пәлендей ғажайып шықпаса да, ынтамыз жоғары болатын. Бірақ пән мұғалімі Марат Мұхтаров ағай салған әдемі суреттерге сүйсіне қарайтынбыз. Балалар жылына орай биыл кәсіби суретшілер және көркем еңбек пәні мұғалімдері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Тараз толғауы» атты облыстық көрме барысында сол балдәурен бала күнімізді бір еске алдық. Бұл іс-шараны облыс әкімдігі білім басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірігіп ұйымдастырыпты. Іс-шараны ашқан Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Құсайынов суретшілік пен қолөнердің қайталанбас ерекше құндылық екенін айтып, әр маман өзін ынталандырып, қамшылап, шеберлігін арттырып отыруы керектігіне назар аударды. Мұнан соң облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева ерекше мамандық иелерін көрменің ашылуымен құттықтап, белсене қатысқандары үшін алғысын білдірді. Ал Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернаттың мұғалімі Айман Орманова «Қазақ елі», «Атамекен» әндерін керемет шеберлікпен орындап берді. Бұдан кейін белгілі қолөнер шеберлері Балқия Тұрысбекова мен Ләззат Естемесованың бірнеше шәкірті ұлттық киім және тігін үлгісі бойынша сән топтамасын ұсынды. Сондай- ақ үздік суретші және қолөнер шеберлері арнайы дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар Қазақ педагогикалық академиясының вице-президенті Тамара Мақпалқызы бірқатар суретші мамандарға аталған академияның профессоры атағын салтанатты түрде табыс етті. Ал осы көрмені ұйымдастырушылардың бірі, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі Мәкен Ахметов: «Бұл көрмеге сурет және қолөнер мамандықтары бойынша жеті жүзге жуық ұстаз қатысып отыр. Олардың барлығының жұмыстары сапалы. Көргенде көңілің толады. Одан бөлек суретші және қолөнер мамандары өзара жүздесіп, пікір алмасып, жақсы әсерге бөленді. Түйіндеп айтқанда, аталған көрменің өтуі өте нәтижелі болды. Алдағы уақытта да ұйымдастырса деген ниет бар», – дейді.
Біз аталған көрмені аралап көрдік. Байзақ ауданы, №1 мектеп- гимназиясының мұғалімі Рая Қосмұратованың «Қос тұлпар» және «Сирень» атты суреттері көпшілік назарын аударарлықтай. Байзақтық суретшілер Асылхан Алдабергеновтың «Ғасыр ұстазы», Жанат Тұрғымбаевтың «Ымырт», «Балнұр» атты суреттері де сәтті шыққан. Талас ауданы, Ы.Алтынсарин орта мектебінен келген Мейірбек Байбековтың «Асығың алшысынан түссін» атты қолөнер бұйымын қызыға тамашалағандар көп болды. Сонымен қатар тараздық Гүлнар Ділдабекованың «Жамбыл», шулық Гүлзада Дуанбекованың «Көне Тараз» суреттері көздің жауын алады. Т.Рысқұлов ауданынан келген А.Айымбекованың «Пейзаж», «Тәттім» суреттерінің де мазмұны терең. Құландық Дана Еркебекова «Қос сұлу» атты еңбегінде ару мен тұлпардың сұлулығын көрсетуге күш салыпты. Тараздық Назира Әбдіхалықованың «Наурыз шуағы», «Көктемнің пірі» еңбектері де атап өтуге лайық. Тараздық Айман Орманованың «Гүлдер» және Жарқынай Жамашеваның «Торсық», «Кимешек» қолөнер бұйымдары да сән-салтанатымен қызықтырды. Сол сияқты Мойынқұм ауданы, Көкжелек ауылы, Б.Момышұлы орта мектебінен келген Жазира Сейітжанованың еңбегі бір төбе. Ол көрмеге өзі дайындаған құрақ көрпе, жастығын және құрақ сөмкелерін тарту етіпті. Біз аталған көрмені тамашалаушылардың қарасы көп екенін байқадық. Бұл да аталған суреттердің сапалы деңгейін көрсетсе керек.
– Мойынқұм шалғай аудан болса да, өнер мен жақсы істерден кенде емес. О с ы көрмеге де өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Бұл жиында танымал суретшілерді көріп, шеберлік сабақтарын тыңдадық. Профессор атағын алып жатқан майталман мамандармен де тәжірибе бөлістік. Бір сөзбен айтқанда, шараның берері мол, – деді Жазира Кеңесқызы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Түркия – медициналық туризмде бесінші орында
- 24 қазан, 2024
Миға дәрі тасушы ретінде паразиттер қолданылмақ
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді