«Халық жауының қызы болдым»
Бүгінгі қонағымыз – А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова. -- Еңбек жолыңызды мұғалім болудан бастаған екенсіз. Ол кездегі білім саласындағы тәртіптер қандай еді? -- Ол кезде мектептер он жылдық болатын. Ұлы Жеңістен кейінгі қиын жылдар ғой. Соғыстан кейінгі ауыр кезең, қай салада да білікті мамандар аз. Мен оныншы сынып оқып жүрген жылы әкем қатты ауырды. Ол кісіні кеңшардан аудан орталығына әкелді. Диагнозы жүрек талмасы екен. Бір қол, бір аяқтан қалды. Жүріп тұруы тіпті қиындады. Алайда, анық сөйлейтін. Қарашада құлаған әкем ақпан айында бақилық болды. Ол кісі тірісінде: «Осы қызым мектепті бітіре салысымен доқтырдың оқуына түсіремін» деп айтып отыратын. Дәрігердің оқуына баруыма әкетайымның сол бір ауыз сөзі себеп болған.
Орта мектепті бітіріп, сол жылы Семей медициналық институтына (ағам апарды) бардым да, өкінішке қарай түсе алмай қайттым. Ол үшін биология, химия пәндерін жақсы білуің керек екен. Ол кездің бір кемшілігі мектебімізде химиядан сабақ беретін мұғалім болған жоқ. Алгебрадан сабақ беретін ұстаз да жетінші сыныпта әрең келді. Мектеп кезінде: «Алгебра, химия, қонбайды менің миыма» деп күліп жүруші едік. Қысқасы дәрігердің оқуы көңілдегі арман күйінде қалды. Содан аудандық білім бөлімінің басшысына кіріп барып : «Маған жұмыс беріңіз, мұғалім боламын» дедім. Міндетім бардай батыл сөйледім. Ол кісі: «Неге оқуға түсе алмай қалдың?» деді. Мен химиядан өте алмағанымды, есесіне жағрапия мен тарих пәндерін жақсы меңгеріп шыққанымды айттым. «Қызылжетек ауылының мектебіне барасың»,- деді бастық. Мен: «Ол өте алыс. 75 шақырымға қалай сандаламын. Мені Молотов ұжымшарына жіберіңізші»,- деп өтіндім. Ол кездің ұстаздары да, адамдары да шетінен мейірімді ғой. «Мақұл» деді. Содан «Қараш ауылы қайдасың?» деп Молотов ұжымшарының орталығына тарттым. Сол ауылдың мектебінде бесінші, алтыншы, жетінші сынып оқушыларына тарих және жағрапия пәндерінен сабақ бердім. Бір қызығы кейбір оқушылардың жасы өзімнен үлкен. Шешен ұлтының бір баласы оқушым болды. Денесі таудай үлкен. Бірақ, сабақ оқымайды. Сондайда : «Әй, сен неге сабақ оқымайсың?» деп қолымдағы «укаскамен» тартып жіберетінмін. Сонда ата –аналары ештеңе демейтін. Ол кезде мұғалімге деген құрмет өте жоғары болатын. Балалар тосыннан сұрақ қойып қалса, білмей тұрмайын деп, кітапханадан шықпаушы едім. Тарих, жағрапия пәндеріне қатысты кітаптарды қопарып оқитынмын. Қарап жүрмей мектепте көркемөнерпаздар үйірмесін ашып, мерекелерде концерттер қойып жүрдік. Бір актілі қойылым (скетч) қоятынбыз. Бірақ, менің ендігі арманым театр институтын бітіру болды. Кейіннен Жамбыл қаласына келіп, мәдени-ағарту училищесінде білім алдым ғой. Солай жастай мұғалім болғам. Өмірде оның жақсы пайдасын ғана көрдім. Қазір де Мемлекет ұстаздарды қолдап, мұғалімдерді құрметтеп жатыр ғой. Бұл өте қажет дүние. Ұстаз сапалы, білім жоғары болса, біздің жастар талай биік белестерді бағындырары анық.
«ЕЛДІҢ ҚОЙЫЛЫМҒА ДЕГЕН ЫҚЫЛАСЫ ЕРЕКШЕ ЕДІ» -- Театр табалдырығын қай жылы, қалай аттадыңыз? -- Сол кезде отағасы Мақсат Салықов драма театрда жұмыс істеп жүрген. Бір күні театр басшылығы мені де шақыртып алып, бірнеше әндер айтқызды. «Қараторғайды», «Сырымбетті», «Махамбет вальсін» шамам келгенше шырқадым. Шамасы көңілдерінен шыққан шығармын, мені жұмысқа алды. Театрдағы өмірім осылай басталып кетті. Театрда жүріп қосымша істемеген жұмысым қалмады. Костюмер, кассир, адмистратор да болдым. Сонда артық жұмысым үшін 1 сом 50 тиын жалақы алатынмын. Ол уақытта театр гастрольдерге жиі шығатын. Өзбекстанның Бұхара облысының үш ауданында қазақтар тұрады. Ол жақтың қазақтары Жамбыл театрын ерекше сыйлайтын. Бір жолы басшымыз Әбіл Төлебаев: «Бұхара облысына бригада басқарып барасың» деді. Оған да көндім. Бұхара облысының Тамды ауданында екі кеңшар, 9 ұжымшар бар еді. Солардың бәрін аралап жүріп, «Айман - Шолпан», «Бөлтірік бөрік астында» спектакльдерін қоямыз. Сонда бір ғана Тамды ауданында жиырма күн жүруші едік. Бір колхозында екі күн жатамыз. Тамдыда жаздық клуб бар. Қай ауылға барсақ та екі сағат спектакль қойып, артынан бір сағат концерт беруші едік. Сонда шаршауды білмейтінбіз. Мүмкін, көрерменнің ерекше қызығуы біздерге шабыт берген болар, шаршатпаған болар.
Қасымхан Қанабаев деген кісі концерт жүргізеді. Біздер Әтіркүл Дүйсекенова, Шәмшәгүл Жәмекеева бәріміз ән шырқаймыз. Бар мақсатымыз -- театрдың жақсы атын шығару. Басқа ештеңені ойламаймыз. Ол жақта ауыл белсенділері екі – үш әртістен бөліп алып, үйлеріне күтеді. Әртісті үйіне шақыра алмаған үй иелері ренжіп, өкпелеп қалатын. Бұл сол кездегі қонақжайлылықты, халықтың пейілін байқатса керек. Тіпті, кеңшардың фермаларына дейін қойылым көрсетіп, концерт беріп жүрдік. Бір жолы Тамды ауданының «Бесбұлақ» фермасына бір күнде екі спектакль қойып, соңынан концерт бердік. Не керек, сөйткенімізше рауандап таң да атты. Ал дала толы көрермен кетер емес. Ондай ықыласқа қалай риза болмассың. «Таңның арайлап атқанын көру - бақыт» деген ұғым бар ғой. Біз арайлап атқан таңды талай көрдік. – «Спектакльдерің керек емес. Қоймай-ақ, қайта беріңіздер» деген ауылдар болды ма? Әр ауылдың көзқарасы әртүрлі ғой... – Тікелей «Қоймаңдар бізге» деп айтып, көңілімізді қалдырған кеңшарлар болған емес. Бірақ: «Тамды ауданындағы Жыланды кеңшарының директоры үнемі ауылына қойылым қойдырмайды екен, әртіс шақырмайды екен» дегенді естіп жүрдік. Оның жанама аты – «орыс». Сол «орыс» директордың өзі бір жолы : «Алдымен шағын фермаға қоясыңдар. Ұнап жатса кеңшардың орталығына қоюға рұқсат беремін» деді. Келістік. Фермаға қойып бердік. Директор бүкіл нөкерлерімен келіп көріп, риза болды. Содан кеңшардың орталығында «Сөнбеген шоқ» қойылымын қоятын болдық. Үлкен Мәдениет үйінде ине шаншитын орын жоқ. Директор, партком, кәсіподақ ұйымының , ауылдық кеңес төрағасы, бас мамандар бірі қалмай келіпті. Спектакль аяқталған соң, кеңшар директоры бізді үйіне шақырды. Ішімізде Әбиірбек Тінәлиев те бар. Бәріміз таңға дейін ән салдық. Сонда әлгі қатал директордың өзі керемет әсерге бөленгенін айтып ризашылығын білдірді. Ала таңнан Бұхара қаласына бюроға баруы керек екен. Біз отырған бөлменің терезесіне қара мата жаптырып қойды. Концерт, ән бітпесе екен деп отыр ғой. Жұмысын да ұмытты. Бір кезде қара матаны біреулер ашып қалса, директор: «Ашпаңыз, әлі таң атқан жоқ» деп қояды. Бұл да өнердің, театрдың кереметі болса керек. Ол кезде мұндай жайлы, ыңғайлы автобус та жоқ. Театр ұжымы қорапты көлікпен жүреміз. Көліктің алдыңғы жағында орта буын, ортасында үлкен буын, артында жастар отырады.
1966 жылы Кенемах ауданын су басты. Сондықтан, жетер жерімізге жете алмай, қойылым қоя алмадық. Содан Тамды ауданына бара жатып, жүк көлігіміз суға батты. Сондай уақытта болған. Қысқасы театр үшін біз бәрін құрбан еттік, театр үшін бәріне бардық. Құдайға шүкір араламаған жеріміз жоқ. Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғыз елінің ауылдарын тегіс араладық. Көп жүрдік. Жаяулатқан кезіміз де болды. Сахнада көп қозғалыс жасадық. Соның барлығы денсаулыққа пайдалы болған болар. Қазір 82 жасқа қараған шағымда сергек жүрсем, сол қозғалыстың пайдасы болар деп ойлаймын. 1966 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 30 жылдығына орай Алматыда 5 спектакль қойып, өнер көрсеттік. «Қаракөз», «Жазықсыз жапа», «Табыттан шыққан үн», «Белгісіз батыр» және басқаларын сахналадық. Жазушы Әлжаппар Әбішев «Белгісіз батыр» қойылымы қойылатын күні келіп, спектакльге риза болды. Сол кезде басты рөлдің бірін біздің үйдің отағасы ойнады. Осындай әсерлі сәттер естен кетпейді.
- Елбасымен кездескен сәтіңіз туралы әңгімелесеңіз...
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді