«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Трилогияның ауылы алыстап барады

Трилогияның  ауылы алыстап барады
ашық дереккөз
Трилогияның ауылы алыстап барады
Кәсіпқой бокс әлемінің жарық жұлдызы мексикалық Сауль Альварес пен IBF тұжырымы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин арасындағы үшінші жекпе-жекті жанкүйерлердің асыға күткені рас. Шаршы алаңда екі мәрте қолғап түйістірген сайыпқырандар мамандардың пікірінше ағымдағы жылдың қыркүйек айында үшінші мәрте жұдырықтасуы тиіс еді. Қос боксшы арасындағы алғашқы шайқас нәтижесі бокс сарапшылары мен мамандардың үлкен қарсылығын тудырған-ды. Тіпті, төреші Аделайда Бердтің 118-110 есебін (Альварестің пайдасына) тіркегені езуге күлкі үйірген. Бірінші шайқаста Головкиннің мысы басым болғанымен, қос боксшы тең нәтижені қанағат тұтқан-ды. Ал екінші кездесуде төрешілердің басым даусымен Альварес жеңімпаз атанған еді. Коронавирус пандемиясы спортқа кері әсерін тигізгені анық. Кәспқой бокс та індеттің зардабын шегіп жатыр. Кәсіпқой бокс кештері қайта жанданған күннің өзінде отандасымыз бірінші кезекте IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер поляк боксшысы Камил Шереметамен жұдырықтасып, міндетінен құтылатынын мәлімдеді. Бұл дұрыс қадам. Сол арқылы ол өзіне тиесілі чемпиондық атақты сақтап қалуға ниетті. «Sports Illustrated» журналисі әрі «DAZN» платформасының жүршізушісі Крис Мэнникстің сөзіне сенсек Головкин мен Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек биыл өтпейтін секілді. Ал бұған дейін екі тараптың командасы 12 қыркүйек күні кездесуді өткізу туралы ауызша келісімге келген болатын. Тіпті шайқас Техас штатында өтуі мүмкін екендігі де хабарланған. Алайда Мэнникс екі боксшының да командасынан хабар алғанын, олар коранавирус пандемиясының бұл мега жекпе-жекке кері әсер ететінін айтып отырғанын жайып салды.Сол арқылы кездесудің өткізілу мерзімі ұзара түскенін жеткізді. Негізгі себеп көрермендер тапшылығы болатын секілді. Екі мықтының арасындағы үшінші шайқас «DAZN» платформасы үшін аса қажет екені талас тудырмайды. Плафторма сол себепті де Головкин мен Альвареске қыруар инвестиция құйып, келісім шарт жасасты. Алайда қазіргі қалыптасқан жағдай платформа үшін қаржылық жағынан тиімсіз екені белгілі. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы бір дағдарыс өткен соң бұл кездесу ақылы трансляциялар арқылы да, басқа жағынан да қыруар табыс әкелетіні сөзсіз. Қысқасы, жұрт күткен шайқас жақын айларда ұйымдастырыла қоюы екіталай. Жанкүйерлер осы жылдың соңынан үміттенген еді. Бірақ, бұл жекпе-жек келесі жылы өткізілетін секілді. Ол да дұрыс шығар.

Ұқсас жаңалықтар