Қарасаз ауылдық округіндегі «Қуаныш-1» деп аталатын мал жайлауында ақтылы қой өргізіп, Шопан ата тұқымының көбеюіне сүбелі үлес қосып отырған іргелі шаруашылықтардың бірі – «Корпорация Ақсанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік 2014 жылы «Бірлік» өндірістік кооперативінен 680 бас меринос қойын, 22 асыл тұқымды қошқарын және мал қыстауын қоса сатып алыпты. Содан бері шаруашылық құрылымы мал басын көбейтуге ден қойған. Бүгінде мұнда 700 бастан астам меринос қойы төлдеуде.
Мал төлдету науқанының барысы туралы аталған шаруашылықта біраз жыл аға шопан болып еңбек етіп, осыдан екі жыл бұрын ғана зейнет демалысына шыққан көктастық азамат Алтыбай Сегізбаев айтып берді. – Қазір қыстауда қарбалас шақ. Олай дейтініміз, қой жаппай төлдеп жатыр. «Қой шелді болмай, төлді болмайды» деген аталарымыздың сөзі бар. Қыс бойы жақсылап қарағанымыздың арқасында қойымыз қоңды. Бұл да малдың төлдеуіне елеулі әсер етеді. Қазір отардың жартысына жуығы төлдеп үлгерді. Қой туған уақытта оны жылы қораға қамап, әрқайсысын жеке-жеке бөлеміз. Жаңа туған қозыны ауыздандырып, тұратын жерінің де жылы болуын қадағалаймыз. Туған қой әлденіп, қозы толықтай аяқтанған соң сақпанға қосып, шетінен өріске шығара береміз. Әр сақпанда 150-200-ден қой бар. Оларды да жеке-жеке қадағалап, қыстаудан ұзатпай бағамыз. Сақпаншылар бар. Олар да өздеріне тапсырылған жұмыстарын тыңғылықты атқарып жатыр, – дейді ардагер шопан. Біз қойшы үйінің жанында шаруашылық басшысы және малшылармен әңгімелесіп тұрған сәтте қыстауға ат жегілген арба жақындап келе жатты. Жанымызға келгенде байқап қарасақ, арбаға жаңа туған 5-6 қой тиелген екен. Сақпаншылар қойды жылы қораға кіргізіп, алдын ала дайындалған орындарға жайғастырып жатыр. Қазір мұнда негізгі қойшыдан бөлек төрт сақпаншы еңбек етуде.
Көктас ауылының тұрғыны Алтекең бұрынғы Карл Маркс совхозында, одан кейінгі жылдары «Бірлік» өндірістік кооперативінде шопан болғанын айтады. Қазір зейнет демалысында болғандықтан, шопан таяғын өзінің ұлы Ілиясқа берген екен. Ілияс келіншегі Ақбота Тұрарова екеуі қыстауда шаруашылықтың қойын бағып, осындағы шаруаға бас-көз боп жатқанына 5-6 жылдың жүзі болыпты. – Қазір шаруа баққан ағайын үшін өте қауырт кезең. Көктеуде мал төлдеу науқаны жүріп жатса, бір жағынан алқаптарға арпа, бидай егіп жатырмыз. Қазір егінді толықтай егіп болдық. Мал төлдету науқанын жауапкершілікпен өткізіп, төлдің шығынын барынша азайтуға тырысып жатырмыз. Бұл мақсатта отардың қыс бойы жемшөптен қысылмауын қамтамасыз еттік. Туғаннан кейін де саулықтарға жем беріледі. Жақсы күтім жасалады. Осылайша малдың басын көбейтуге күш салып келеміз. Қойдың санын көбейтіп, сапасын арттыруға толықтай мүмкіндігіміз бар. Ол үшін иелігіміздегі егістік алқаптарына жоңышқа, арпа, бидай егіледі. Нақтырақ айтқанда, 260 гектар жоңышқалық алқабымыз бар. Одан бөлек, жыл сайын 500 гектардай алқапқа арпа, бидай егеміз. Жерді өңдеп, егуге, жинап алуға барлық қажетті техника өзімізде жеткілікті. Үш трактор, үш комбайн, екі бірлік «К-700» маркалы трактор, тағы да басқа қосалқы агрегаттардың көмегімен жерді тиімді игерудеміз. Жұмысшылардың тұрақтап жұмыс істеулері үшін тиісті жағдайларды жасап отырмыз. Жалақылары уақтылы төленеді,– дейді «Корпорация Ақсанат» ЖШС-ның директоры Бақытжан Оспанов. Серіктестік басшысының айтуынша, шаруашылықтың Түркістан облысының Түлкібас ауданында да ірі қара және жылқы ұстайтын фермалары бар екен. Қорыта айтқанда, серіктестіктің жұмысы сан-салалы, алға қойған мақсаттары да айқын. Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист. Жуалы ауданы.Ұқсас жаңалықтар
Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді