«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

САТИРА САРДАРЫ - 70 ЖАСТА!

САТИРА САРДАРЫ - 70 ЖАСТА!
ашық дереккөз
САТИРА САРДАРЫ - 70 ЖАСТА!

Сын садағына талайды іліктіріп, мысқылмен мықтымсынғандардың талайының мысын басқан белгілі сатира сардары Көпен Әмірбек 70 жасқа толып отыр. 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елдімекенінде дүниеге келген ол орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр Шығыста екі жылдық әскери партия мектебінде оқыған.1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, «Правда» баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланған. Бұл оның кейін «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Бас редактор болып қызмет етуі үшін жеткілікті тәжірибе жинауына мүмкіндік бергені анық. Көпен Әмірбек – ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және сықақ бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында Бас редактор боп қызмет істеді. Саяси-қоғамдық сатиралық «Ара» Kz журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы. Ол «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде де, сондай-ақ өзі құрған «Көпен келе жатыр!...» атты сатиралық театрымен де көрерменге кеңінен танылды. Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың мысал-мысқылдары мен лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бірсыпыра сықақ өлеңдерін қазақ тіліне аударды. «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауыз бастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Көпен келе жатыр!...», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!...» атты әзіл-сықақ, сын мақалалар кітаптарының авторы. Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Көпен Әмірбек

Әдет-ғұрпым: Әркіммен Әзілдесіп тұрам!

Өзім туралы эпиграмма

Әдебиеттен қыз алған, Бәріміз де бажамыз. «Бажаларға» осылай Әзіл-қалжың жазамыз. Қортындылап сөзімді Таныстырсам өзімді: Мен – Көпен. Әкем – Әмірбек. Туған жылым – 1950 Яғни, Барыс. Бойым – 16 қарыс. Яғни, 167 см. Ойым – 2030! Құдай ғұмыр берсе, Сол жылы сексенге келеді екем. Алла жар болсын, Арманымды жаза салғаным... Ал енді, Аш қарындағы таза салмағым: 86 мың 499 грамм. Әдет-ғұрпым: Әркіммен Әзілдесіп тұрам!

Егіз аяқ

(Абайша)

– Айтайын ептеп, Бастығым «Кет!» деп, Тайдырып жатыр тағымнан. – Көмектесеміз! – Астымнан қазып, Үстімнен жазып, Шаш ағарды шағымнан. – Көмектесеміз! Жанына барып жақсының Жайраң қақтым – тап шыным.

– Жебір боп мен де, Жеп едім теңге, Тергеуші күнде тергеп жүр. – Көмектесеміз! – «Ұрлықты табам, Тірлікті жабам, Бірдеңе маған бер!» деп жүр. – Көмектесеміз! Жанына барып жақсының Жайраң қақтым – тап шыным!

– Қазаным пісті, Соңыма түсті Рэкет деген бірер ит. – Көмектесеміз! – Батпаққа баттым, Қисайды шәпкім, Алып ем былтыр кредит. – Көмектесеміз! Жанына барып жақсының Жайраң қақтым – тап шыным!

– Қалмады шырай, Бастығым бір ай Жібермек мені шалғайға. – Көмектесеміз! – Болады-ау жөнсіз, Әйелім менсіз Үйде жалғыз қалмай ма? – Көмектесеміз!

Ауыздың махаббаты

Бойжеткеннің аты-жөні Қасық еді, Оған ауыз өлердей ғашық еді. Есі шығып, Ернеулеп сүйіп Қасықты, Ауыз неге Үйленуге асықты?!

...Қасықтың әкесі Тостақтың көжесі мол екен. Ауыздың ғашық болғаны Себебі де сол екен.

Көпшік

Сіріңкені Ауыз мақтап ермекке, Көпшік қойып сыйғызбайды жер-көкке. – Шіркін! Қандай ғажап шырпың! Көрген кісі Тоқтар, Көзіңде От бар!..

Мақтағанға малданып, биіктепті, Емешегі езіліп, иіп кетті. Темекісін тұтатып қу Ауыздың Бір шырпы бостан-босқа күйіп кетті.

Сағыз шайнау

«Ауыз» ғылыми-зерттеу институты Атам заманнан бері істейді. Штатында шақұр-шұқыр Отыз екі Тіс дейді. Түк жаңалық ашпаса да Ошарылып бірі орнынан түспейді. Әрі сойдақ, әрі істік Тістеріменен таныстық. – Тү-ү-у түкпірдегі кім? – Азу тіс. – Ол не? – Жілік мүжитін бөлім. – Мына қасқиған кім? – Күрек тіс. – Ол не? – Қаужайтын бөлім. – Мінә бір кетигенің ше? – Ұры тіс. – Ол да бөлім бе? – Бөлім ғой. – Түк жаңалық ашпасаңдар – өлім ғой. – Қу ауызға қамалып Бірдеңе бітіріп жүрсіңдер ме, Әлде, әшейін түкіріп жүрсіңдер ме? Баяғыдан бергі объектілерің не? – Сағыз! Пайдалы зерттеу нағыз. Шайнап-шайнап Сағыздан түбі май аламыз. Жағымыз қарысып қалса да, Несіне аянамыз...

* * *

...Шайнап-шайнап сағызды, Құр сілекей ағызды.

Таза бұлақ

– «Көзі таза бұлақтың – Өзі таза...» – Бос сөз, Былшыл! – деді Бұлақ. Әрі қарай булығып, Айта алмады жылап. Рас, мөлдір күйінде Таудан ақты құлап. Мұны Қоқым сезіпті, Жолдан тосып, кезікті. Жол-жөнекей Батпақ «Мөлдірсің!» деп мақтап Тұрғаннан соң онымен Қоян-қолтық араласты. Досы – Қоқым, Батпақ боп Таза бұлақты қарабасты.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Ұқсас жаңалықтар