«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жоба жақсылығын тұрғындар көруде

Жоба жақсылығын тұрғындар көруде
ашық дереккөз
Жоба жақсылығын тұрғындар көруде

Ауылдықтардың айы оңынан туды

Қанатқақты жобаға қатысуға ниет білдірген ауыл азаматтарының қатары артқан. Олардың дені атакәсіпті дамытуға бел буғандар. Атап айтсақ, Бесағаш ауылдық округінде 280 адам несие алуға өтініш беріпті. Оның 132-сінің құжаты мақұлданып, алатын қаражатын күтіп отырса, қолына қаржысы тиген 35 азамат мал алуда. Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нигматуллаевтың айтуынша, округте 1336 үй бар. Жобаға 1176 аула тұрғыны қатыспақ. Бірінші бағыт бойынша жобаға округтегі тұрғындардың 95 пайызы қамтылмақ. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға 29 миллион теңге қажет екен. Оның 23 миллион теңгесін тұқымға жұмсамақ ниетте. Тыңайтқыш пен пестицидтке жұмсайтыны тағы бар. Бұл жобадан көп қабатты тұрғын үйде тұратын пәтер иелері де тыс қалдырылмаған. Өйткені ешқандай жер телімі жоқ 10 көп қабатты үйдің 160 тұрғынына ауыл сыртынан 15 гектар жер телімі бөлінген. Олар да жобаға қатысып, еншісіне тиген жер телімдеріне көкөніс егіп, еңбек етуге мүмкіндік алмақ. Екінші бағыт бойынша округте 125 миллион 490 мың теңгеге 209 жылқы, 47 сиыр, 21 бұқа, 80 қой, 200 бас түйетауық алынған. Мал алып, жеке кәсібін ашқандардың бірі – Бесағаш ауылының тұрғыны Жұмабек Садықов. Ол «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 3 миллион 300 мың теңге Түркістан облысынан 30 бас «Қисар» (Түркімен тұқымдас қойы), 20 бас қазақы қой сатып алыпты. Бұдан бөлек, малдың жемшөбіне 550 мың теңге жұмсаған. Қазір қойының 20 басы төлдеген Жұмабек босап қалған қорасын малға толтырып, жобаның игілігін көріп отырғанын айтты. Келесі ауыл тұрғыны Әсетулла Сәпиев 3 милион 500 мың теңге несиесіне 1 жылқы, 4 сиыр, 6 бұқа, 23 бас қой сатып алыпты. Алған несиесіне өзі де аздаған қаржы қосып, қорасын малға толтырып отыр екен. – Бүгінгі таңда 2,5 процентпен ешкім несие бермейді. Бұл жобаның тиімділігін ел енді түсіне бастады. Кеше кооперативке 22 ауыл шаруашылығы техникасы әкелінді. Оны көрген ауыл тұрғындарының құлшынысы артты. Үй іргесіндегі, ауыл сыртындағы 4-5 гектар егістік жерін игере алмай отырғандар өздері өтініш беріп кооперативке кіріп жатыр. Өзімнің техникам болған соң жерімді өңдеп, тұқым сеуіп жұмыс істейтін шамам бар. Ал техникасы жоқтарға мынау үлкен көмек болғалы тұр. Бұл жобаның артықшылығы өте көп. Атап айтсақ, жұмыссыз отырған азаматтар үшін тиімді. Олар мал алып, жер игеріп өзін жұмыспен қамтиды. Сүт өндіріп, мал бордақылайды. Көкөніс егіп, бақша салады. Соның арқасында үйіңе табыс кіреді. Мал баққан, жер емген диқанға бұдан артық не керек. Аллаға шүкір, Үкімет халықтың жағдайын көтеру үшін бәрін жасауда. Енді ерінбей еңбек ету керек. Жобаны тиімді жүзеге асыруға үлес қосу керек, – деді ол. Сондай-ақ Әсетулла ақсақал «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативімен келісім-шартқа отырып, үй іргесіндегі 20 сотық жер теліміне тұрып екпек. «Тұрып 80 күнде пісетін дақыл. Тұқымын наурыздың аяғында сепсем, мамырда одан өнім жинауға болады. Ал сәуірдің басында қырыққабаттың да тұқымын сеуіп қоям. Мамырда қырыққабаттың көшетін сатам, әрі өз шарбағыма көшеттеп отырғызам. Осылайша 20 соттық жерден екі өнім жинауға болады», – деді. Округке қарасты Түркісіб ауылының тұрғыны Болатхан Тойшыбеков «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясынан 3 миллион 750 мың теңге несиесіне 8 бас жылқы сатып алыпты. Оның да алға қойып отырған мақсаты – жылқы басын көбейту. Биелері құлындаған соң оларды сауып, қымыз өндіруді жоспарлауда. Баспасөз туры кезінде округте құрылған «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің 100 миллион 700 мың теңгеге алған техника паркінің жұмысымен де танысып, атқарушы директоры Қадіржан Дөненбаевты да сөзге тартқан едік. – Бұл жоба ауылымызға тың серпін әкелгендей. Лизинкке алған техникаларымызды техника паркіне орналастырып жатырмыз. Техникамыздың 3-еуі трактор, 1-еуі комбайн, қалғаны ауыл шаруашылығы тіркемелері. Ендігі біздің міндетіміз бірінші және үшінші бағыттар бойынша ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерін жыртып, егінін сеуіп беру. Екінші бағыт бойынша мал алғандардың жемшөбін дайындауға көмектесу. Техника келгелі кооперативке кіруге ондаған адам өтініш беріп қойды, әліде кіреміз деп отырғандар бар, – деді ол. Оның айтуынша, алда кооператив өз мүшелеріне техникамен көмектесіп қана қоймай, олардың өндірген өнімін қабылдап, облыс тұтынушыларына делдалсыз өткеруді жоспарлауда.

Құмарықта серпіліс бар

Ауылдағы ағайынның тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба құмарықтықтардың да ынтасын арттырған. Бүгінде «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына округтің 238 тұрғыны құжат өткізіпті. Соның 120-сы несиесін алған. Алынған ақша 374 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыға 98 жылқы, 42 сиыр, 1225 бас қой сатып алыныпты. Округ әкімі Болат Мансұрдың айтуынша, жоба аясында округте 9539 бас мал сатып алу жоспарланған. Оның 262-і сауын сиыр, 203-і бұқа, 845-і жылқы, 8206-ын қой құрайды. Бұл мақсатқа жоба шеңберінде 683 миллион 759 мың теңге қаралыпты. Алғабас ауылының тұрғыны Рита Әубәкірова 4 миллион теңге несиесіне 50 бас қой, бір жылқы, 3 мүйізді ірі қара сатып алып, оның 550 мың теңгесін жемшөбіне жұмсапты. «Қойды ауылдағы «Алғабас» шаруа қожалығынан алдық. Бұған дейін қорамызда қой болған жоқ. Осы жобаны естіген соң отбасыммен ақылдасып, мал алуға ұйғардық. Алған қойымыздың 10-ы қорамызға келген соң төлдеді. Малдың басы көбейгеніне қуанып отырмыз. Өзім кітапханашы болғандықтан да ауылдың қыз-келіншектеріне жобаның мақсатын үнемі айтып, насихаттап жүрмін. Жалпы, осы жобаны қолдаған Мемлекет басшысына алғыс айтамын, – деді ол. Келесі ауыл тұрғыны Жамбыл Серікбаев 5 миллион теңгеге 5 жылқы, 4 сиыр, 40 бас қой алыпты. Мал азығы үшін 800 тайланған шөп, 4 тонна жем дайындаған. «Ескі үйді бұзып, орнына жаңасын салдым. Оған қолдағы малдың бәрін жұмсадым. Сөйтіп қорам қаңырап босап қалған еді. Енді міне бұрынғы облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған қанатқақты жоба аясында 2,5 процентпен несие алып, қорамды қайта малға толтырып отырмын. Осы жобаны қолдаған, халықтың әл-ауқатын арттыруға қолдау білдірген Үкіметке, ел басшыларына алғыстан басқа айтарым жоқ, – деп алғынан жарылды. Сондай-ақ ол үй іргесіндегі жерді де тиімді игеруді жоспарлап отыр. 90 сотықты құрайтын жер телімінің 40 сотығын игеріп, көкөніс екпек ниетте. Мал алғандардың қатарында жылқышы Қойшыбек Егембердиев те бар. Ол 2 миллион теңгеге 5 бас жылқы сатып алып, енді үй іргесіндегі 40 сотық жерге таңқурай өсірмек. – Жоба туралы естігенім болмаса, алғашқыда түсіне қоймадым. Сөйтіп құжаттарымды жинастырдым. Құжат жинастыруда ауылдық округтің әкімінен бастап бас мамандарына дейін көмек көрсетті. Қаржы қолыма тиген соң өзім ұнатқан жылқыларды сатып алдым. Бұл несиені қайтару шарттары біз үшін өте тиімді. Бір жылдық каникулы тағы бар. Одан соң несиемді алты ай сайын белгіленген мөлшерде өтеп отыратын болдым. Проценттік мөлшерлемесі де төмен. Ауылды көтеруге, мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысына, осы жобаға бастамашы болған бұрынғы облыс әкіміне алғыс айтамын, – деді ол. Қойшыбек Егембердиев үй іргесіндегі 40 сотық жерге таңқурай егу үшін оның өнім көп беретін сұрыптарына сұраныс беріп қойыпты. Қар кетісімен оны көшеттеп отырғызбақ. Болашақта одан 2-3 тоннаға дейін өнім жинаймын деген сенімде. Бұдан бөлек, үй іргесіндегі жер теліміне 300 түп алма ағашын отырғызған ол жылда бауынан 4-5 тоннаға өнім жинайды екен. Сонымен бірге 05 сотыққа жерге алма, алқор басқа да бір мыңға жуық жеміс ағаштарының тәлімбағын орналастырған. Осылайша жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызумен қатар оны көршілеріне сатып табыс табуда. Округте «Құмарық Тау» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс жасауда. Жақында кооператив құны 89 миллион 950 мың теңгені құрайтын 17 ауыл шаруашылығы техникаларын лизинкке алып келген. Бұл техника кооператив қарауындағы жеке кәсіпкерлердің жемшөбін дайындауға көмектесетін болады. Сондай-ақ жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жер телімін тиімді пайдалануды жүзеге асыру үшін округте дайындық жұмыстары басталып кеткен. Бұл үшін аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Шал өзенінен келетін ағын суды Құмарыққа жеткізу үшін 780 метр жерге құбыр тартуға ықпал жасапты. Енді Алғабас ауылына 2,5 километрге осындай су жеткізу жоспарланыпты. Сонымен қатар бұл округте шағын бизнес бағыты бойынша 2 жоба іске қосылмақ. Атап айтсақ, тұшпара мен өңдеу цехтары іске қосылса, округ тұрғындары үшін өнім өткеру мәселесі шешімін табатын болады. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы 23 миллион теңге қаралыпты.

Халықтың көзқарасын өзгертіп, сенімін арт тыруда

Қанатқақты жобаға меркіліктер де үлес қосуда. Әсіресе жобаға енген Сұрат ауылдық округінің тұрғындарынан белсенділікті байқадық. Ауыл тұрғындары несиеге алған малын көрсетіп, жоспарларымен бөлісті. Сұраттықтардың қазақшылығына, қонақжайлығына ырза болып қалдық. Бұл округті басқарып отырған Ғазиз Доғдырбайұлы 28 жаста. Жастығына қарамай ауылдың кішісімен де, үлкенімен де барған жерінде шүйіркелесе кететінін аңғардық. Іскерлігі де атқарған жұмысынан көрініп-ақ тұр. Оның айтуынша, округке кіретін үш ауылда 462 аула бар. Тұрғын саны 2830-ды құрайды. Жобаға ауылдың 95 процентін қамту көзделген. Бірінші бағыт бойынша үй іргесіндегі 97 гектар жер телімінің 70,6 гектарын игеру жоспарланған. Бірінші айналымда 14 гектар алқапқа орамжапырақ пен қияр, 27 гектарға жер теліміне қызанақ көшетін тігу, 14 гектарға картоп егу көзделген. Ауылдықтар қызанақ өсіруде тәжірибесі бар жеке кәсіпкер Алмас Жәрдембаевтың тәжірибесіне сүйенбек. Ол былтыр үй іргесіндегі жер теліміне 2000 түп қызанақ көшетін отырғызып, маусымның аяғына дейін 8 тонна өнім жинапты. Бұл дақылдың тұқымын округ әкімі Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтының «Қазақ жеміс, көкөніс және картоп» ғылыми-зерттеу кафедрасынан алмақ ниетте. Олармен келісімшарт жасап қойған. Институттың агрономдары тұқым сепкеннен бастап, көшеттеп тігіп, суарып, өнім жиналғанға дейінгі аралықта сұраттықтардың қызанағын бақылауда ұстап, ақыл кеңестерін беріп отыратын болады. Сондай-ақ 8 тұрғын үй іргесіндегі жер теліміне жылыжай салмақ. Ол үшін 40 миллион теңге қажет. Ал екінші бағыт бойынша 125 азамат мал алуға өтініш берген. Сұраныс бойынша сұраттықтар 437 миллион теңгеге 3928 бас мал сатып алуды жоспарлаған. Оның ішінде қой – 2944, жылқы – 347, бұқа – 420, сиыр 217 басты құрайды деп күтілуде. Бүгінде несиесі қолына тиген 101 адамның 47-сі малды толық алып болған. Олар 107 жылқы, 136 мүйізді ірі қара, 694 бас қой сатып алған. Бұдан бөлек, бір тұрғын көкөніс өңдеу цехын ашуды көздеп отыр. Осы бағыт аясында жұмыстың барысымен танысу үшін баспасөз өкілдері Сұрат ауылындағы бірнеше аулаға кірген едік. Ауыл тұрғыны Ерболат Орынов 4 миллион теңгеге 7 бас бұқа, 2 сиыр, 2 жылқы сатып алыпты. – Қорамда бұған дейін мал болған жоқ. Қазір біздің көзқарасымыз түбегейлі өзгерді. Үкіметке деген сеніміміз артты. Кооперативке жаңа техниканың әкелінгенін көріп, қуанып қалдық. Енді үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы аздаған жерімізді кооперативтің күшімен игеріп, қолдағы малдың жемшөбін дайындаймыз деген сенімдеміз, – деді ол. Келесі аула тұрғыны Күләйша Қалдырбаева 3 миллион 600 мың теңгеге 6 бас мүйізді қара, бір жылқы, 10 қой сатып алған. «Қора жайды соғып қойып, мал алсақ деп жүргенбіз. Балам несие аламын ба деп отырғанда облыс басшысының бастамасымен қанатқақты жоба қолға алынып, енді соның игілігін отбасыммен көріп отырмын. Осылайша аяқ асты, ойламаған жерден малды болып, қорамыз төрт түлікке толды. Мұны Үкіметтің ауыл халқына берген көмегі деп білем. Малдың арқасында еңсеміз көтеріліп қалды. Осы жобаға қолдау білдірген Мемлекет басшысына үлкен рахмет», – деді ақжаулықты ана ағынан жарылып. Әңгіме барысында ол кісінің 25 жыл трактор айдап, ауыл шаруашылығына үлес қосқанын білдік. Тағы бір ауыл тұрғыны Ғалымбек Оңбайұлы 2 миллион 800 мың теңгеге 4 сиыр, 2 бас бұқа, 2 жылқы алыпты. Қаржысынан 400 мың теңгені жемшөпке жұмсаған. Қазір ол қорасында 9 сиыр ұстап, күніне 80 литр сүт өткізіп отыр екен. Ауылда құрылған «Даму Сұрат» ауыл шаруашылығы кооперативін Тәуіржан Алтынбаев басқаруда. Оның айтуынша, жақында кооператив 105 миллион теңгеге 19 ауыл шаруашылығы техникасын алыпты. 3-еуі трактор, 1-еуі комбайн. Қалғаны ауыл шаруашылығы техникалары. Мұндағы техника өзге кооперативтерге қарағанда төбесі жабық бастырма астынан қойылған. «Техника паркін жаңа жабдықтап жатырмыз. Олар жауын-шашынның астында қалмасын деп бос тұрған шөпхананың ішіне кіргізіп қойдық. Ауылға техника келгелі кооперативке кіруге өтініш бергендердің қатары артты. Қазір 135 мүшеміз бар. Алда оны 400-ге жеткізбек ниеттеміз», – деді ол. Кооператив үй іргесіндегі 97 гектар жер телімін, ұжымның 1300-ге жуық егістік пен жоңышқа алқабын игеруді мақсат етіп отыр. Енді 15 күннен кейін көктемгі дала жұмыстарына кіріспек.

Қордайлықтардың құлшынысы қуантады

Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға негізделген қанатқақты жоба қордайлықтарға да серпіліс әкелгендей. Бұл ауданда жобаға енген Жамбыл ауылдық округінің тұрғындары қораларын малға толтырып, кәсіптің нәсібін көруге ниетті. Жалпы, округте осы бағытта жүріп жатқан жұмыс барысымен аудан әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев таныстырған болатын. Оның айтуынша, округтегі 1054 ауланың 980-і, яғни 95 проценті жобаға қатыспақ. Олардың үй іргесіндегі жер телімі 100 гектарды құрайды. Округ тұрғындары бірінші айналымда картопты – 45, қиярды – 40, сәбізді 15 гектар жер теліміне орналастырмақ. Екінші айналымда қызанақ көшетін 25, қырыққабат 5 гектарға тікпек. Екінші бағыт бойынша мал алуға 263 ауыл тұрғынынан өтініш түсіпті. Оның 175-і «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпарациясы» акционерлік қоғамында мақұлданып, 81-і қаржысын алып үлгерген. Дегенмен бүгінгі таңда 44 адам ғана өздеріне тиесілі 551 бас малды сатып алған. Мұндағы жұмысымыз округтегі «Жаңатұрмыс-Бірлік» ауыл шаруашылығы кооперативінің шаруасымен танысудан басталды. Бұл кооперативке 103 ауыл тұрғыны мүше болып еніпті. Олардың 38-і ауыл сыртындағы 4045,75 егістік және жайылымдық жерімен кіргендер. Бүгінгі таңда кооператив 125 миллион теңгеге 19 техниканы лизинке алған. Оның 2-еуі трактор, 1-еуі комбайн және КамАЗ жүк көлігі бар. Қалғанын ауыл шаруашылығы тіркемелері құрайды. Кооператив жұмысымен оның атқарушы директоры Шарап Омаров таныстырып өтті. – Қанатқақты жоба аясында жасалып жатқан жұмыстар елдің сенімін арттырып отыр. Ал бізге үлкен жауапкершілік артылуда. Біз халықтың сенімінен шығу үшін бар күш-жігерімізді осы кооперативті көтеруге жұмсайтын боламыз. Алдағы жоспарларымыз көп. Соның барлығын да кезең-кезеңмен жүзеге асырып, ауыл тұрғындарының аяқтан тұрып кетуіне қолдау көрсетеміз деген ниеттемін. Біздің міндет олардың жемшөбін дайындауға жәрдемдесіп қана қоймай, шаруашылықты қатар көтеру. Халықтың өндірген өнімін қабылдап, нарыққа өткеру. Сол үшін де өзімізде өнім өңдеу цехтарын ашу да жоспарымызда бар, – деп алда атқаратын жұмыстарымен бөліскен еді. Осыдан кейін аулаларды аралап, жеке кәсіпкерлердің жұмысымен таныстық. Ауыл тұрғыны Гүлнәр Жүнісова 3 миллион 200 мың теңге несиесіне 5 сиыр, 25 бас қой сатып алған. – Бұған дейін қорамда бір ғана сиыр болған еді. Енді, міне, қанатқақты жобаның аясында оны 6 басқа жеткізіп отырмын. Жалпы, жоба туралы ауыл әкімінен естіп, білдік. Сөйтіп жұбайым екеуміз қарап отырғанша мал алып, жұмыс жасайық деп шештік. Қазір 2,5 процентпен кім несие береді? Бір жыл каникулы тағы бар. Әр тоқсан сайын бөліп төлейміз. Алған сиырларым үйге келген соң бұзаулай бастады. Қазір 4 сиыр сауып, сүтін 150 теңгеден өткізудемін. Оны сүт жинайтын кәсіпкер үйге келіп алып кетеді. Бұзаудан, үйден артылғанын өткізіп, күніне кем дегенде 3 мың теңге тауып отырмын, – деді ол. Гүлнәр осылайша өзін жұмыспен қамту арқылы, табыс та тауып жүргенін айтты. Сондай-ақ ол көршілеріне бұл жобаның тиімді тұстарын айтып, оларды мал алуға үгіттеп жүрсе керек. Келесі ауыл тұрғыны Сандуғаш Әлімсайова 2 миллион теңгеге 11 бас бұқа сатып алып, мал бордақылауда. «Бір жылда екі қайтара мал алып бордақылап, табыс тапсам деймін. Сөйтіп тапқан табысыма сауын сиыр алу да ойымда бар. Жалпы, бұл біздің отбасымыз үшін күтпеген жағдай болды. Бір күнде малды болып, жұбайым екеуміз оның игілігін көрсек деп отырмыз. Осы жобаны қолға алып, халыққа мүмкіндік беріп отырған ел басшыларына алғысымды білдіремін», – деді ол. Мұнда тағы бір мәселенің шешім тапқалы отырғанын кооператив мүшесі Нұрлан Тәшіметовтен естіп, білдік. Оның айтуынша, үй іргесіндегі бақшаларға ағын су жеткізу үшін кооператив тың бастаманы қолға алыпты. Наурыз айының бірінші жұлдызынан бастап ауыл ішіндегі арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартып, ауыл іргесіндегі тоғаннан су бұрмақ. Оған кооператив техника бөліп, тұрғындардың күшімен ұзындығы 12 мың метрді құрайтын арықты тазалап шықпақ. Бұл жұмысты 20 күнде аяқтаған соң, көктемгі дала жұмыстарына кіріспек.

Марат Құлибаев

Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандары.

Ұқсас жаңалықтар