«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Хақназар хан

Хақназар хан
ашық дереккөз
Хақназар хан

Тарихтан белгілі 1465 жылы Керей мен Жәнібек Сарысу мен Шу аймағында, Қозыбасыда дербес қазақ хандығын құрды. Жәнібек ханның кезінде қазақ хандығының жері кеңейіп, халқы миллионнан асып, қуатты мемлекетке айналған.

Осы кезде хандықтың өзіндік құрамы мен заң жүйесі қалыптасады. Жәнібек хан әділетті әмірші, халықтың қамын ойлайтын тұлға ретінде қалыптасып, жұрт оны Әз-Жәнібек деп атады. Ол қазақ елінің іргесін бекітіп, төңірегіндегі елдермен бітім жасасып, бейбітшілік жолын іздеді. Қасым ханның кезінде хан ордасы бірде Жетісуда, бірде Арқада, енді бірде Жайық бойында тұрақтап, қалың қазақтың ортасында болады. Ел басқаруда жаңаша жүйе еніп, «Қасым ханның қасқа жолы» деген жарғы қазақ елінің қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады. Осы жарғыға сәйкес халықтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелері және адамдар мен ру-тайпа арасындағы қатынастар орнайды. Қасым хан 1520 жылы Сарайшықта дүние салады. Қасым хан қайтыс болған соң қазақ хандығында 1518-1535 жылдар аралығында бірнеше хан болды. Көбісі мемлекетті басқара алмай, қазақтың көп жерлерін жауға беріп қойды. 1535 жылы хан тағына Жәдік сұлтанның баласы Тоғым хан отырды. Ол бытырап кеткен, бірліктен айырылған қазақтар мен қырғыздардың басын қосып, елдің саяси бірлігін қалыпқа келтіре бастайды. Дегенмен Тоғым хан бастаған ісін толық аяқтай алмайды. Қазақ жеріне көз тіккен өзбектер мен моғолдардың біріккен қолы Ыстықкөл маңындағы Сан-тас деген жерде бас қосып, 1537 жылы қазақ пен қырғыздың қолын ойсырата жеңіп, Тоғым хан мен оның тоғыз ұлын және отыз жеті сұлтанды шейіт қылады. Бұл қазақ-қырғыз тарихындағы қаралы кез еді. Қазақ ордасының қайтадан нығайып, Қасым хан хандығының кезіндегі бейбіт өмірге қайта келуі Хақназар ханның есімімен байланысты. Ол Қасым ханның ұлы, жастайынан әскери өнерді меңгеріп, саясатпен айналысып, көп нәрсені пайымдап, әскербасы ретінде танылған еді. Ол қазақ хандығын қырық жылдан астам уақыт басқарады. Билікке келген соң қазақ хандығының мәртебесін көтеруге күш салады. Қазақ ордасының шекарасын батыста Еділ мен Жайыққа дейін, башқұрт жерін, Астраханды алып, орыс патшасы Иван Грозныймен келісімге келіп, Сібір хандығын басып алып, қалмақтарды ығыстырып, Моғолстанды бағындырып, бүкіл Шығыс Түркістанды иеленеді. Қазақ-қырғыздың басын қосып, күшті, айбатты, қарулы, қуатты мемлекетке айналдырады. Хақназар хан билік құрған кезеңде қазақтар Еділ мен Жайық, Сыр бойын, солтүстігінде оңтүстік Сібір жерін, шығысында өр Алтайдан Жетісу, Ташкентке дейінгі жерді алып жатқан үлкен мемлекетке айналып, орыс, қытай елдерімен сауда-саттықты жолға қойып, бейбіт өмір сүреді. Ол заманды «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» деп бекер айтпаған. Халқы өсіп, алаңсыз өмір сүріп, бақуатты ел болады. Ешқандай ұрыс-керіс, келеңсіз жағдайлар орын алмайды. Тек көрші жатқан Бұхар хандығы ғана қазақ жеріне көз тігіп, шұрайлы жерлерге қызығып, ел тыныштығын бұза бастаған соң Хақназар хан әскерін сайлап, қарамағындағы Ташкент бегі Баба сұлтанның жауынгерлерін және қырғыз әскерін қосып, Бұхар хандығын бас көтермейтіндей етіп жеңу үшін ұрысқа дайындалады. Қазақ пен қырғыздың бірлескен әскері және Баба сұлтанның жауынгерлері бірігіп, жолға шығады. Күндердің күнінде орта жолда шатырында демалып жатқан Хақназарды Ташкент бегі Баба сұлтан опасыздықпен келіп шабады. Қамсыз жатқан Хақназар хан мен оның екі ұлы, інісі Жалым сұлтан екі баласымен қапыда қаза табады. Бұл – 1580 жылы болған оқиға. Биыл Хақназар хан мен екі баласының және Жалым сұлтанның екі ұлымен қаза болғанына 440 жыл болады. 1582 жылы Шығай ханның ұлы Тәуекел Баба сұлтанның басын алып, Хақназардың кегін қайтарады. Қазақ еліне қырық жылдан астам уақыт бейбіт өмір сыйлаған, жерін кеңейтіп, мемлекет дәрежесін көтерген, байтақ даланы жаудан қорғап, болашақ ұрпаққа қалдырған қазақ ордасының ханы Хақназар осылай сатқындықтың салдарынан қайтыс болған. Әйткенмен оның ұрпақтары қазақтың кең-байтақ жерін көзінің қарашығындай сақтай білді. Дүниеден өткен ержүрек ата-бабаларымыздың ерліктерінің арқасында қазақ мемлекетін сақтап, арманға айналған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Өткенімізді бағалап, хан-билеріміз бен батырларымызды дәріптей білейік, ағайын!

Москау Ноқрабеков, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар