Аудан жұртшылығының едәуір бөлігі спортпен шұғылдануы үшін аудан әкімдігі спорт бөлімі бірқатар шаруалар атқарып жатыр. Айталық, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 57 іс-шара өткізіліп, оған ұзын саны 14776 адам атсалысты. Жасөспірімдерді спортқа баулу басты міндеттердің бірі. Аудандағы 36 орта мектептегі 121 спорт секцияларында 2039 бала спорттың 9 түрімен шұғылданады. Өткен жылдың бедерінде аудан орталығы Сарыкемер ауылында өткен «Ауыл жастары» спорттық ойындар сынына ауданнан спорттың 8 түрі бойынша команда қатысты. Нәтижесінде жалпы командалық есепте тұғырдың ең биік сатысынан көріне алдық. Ағымдағы жылы мектеп пен колледждерде білім алып жатқан жасөспірімдер арасында өткен облыстық спартакиадада аудан командалары белсенді өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте екінші сатыға тұрақтады. Халық қаһарманы, жерлесіміз, марқұм Ғазиз Байтасовты еске алу турнирінде волейболшыларымыз жақсы ойын өрнегін көрсетсе, бокстан Жандос Нұржаубаев атындағы жарыста да былғары қолғап шеберлеріміз өздерінің жақсы дайындықта екендіктерін байқата білді. Бұл атқарылған шаралардың барлығы дерлік, аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық спорттың кеңінен насихатталуына мүмкіндік туғызды. Бұдан бөлек, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі аясында өткізілген спорттық іс-шараларда спорттың 6 түрі қамтылып, мерекеге жиналушы жұртшылық арқан тартыс, қазақ күресі, гір тасын көтеру, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен сынға түсті. Мамыр айында ұйымдастырылған жарыстарда да аудан халқының басым бөлігі өздерінің спортқа деген ынталарын байқатып, дода көркін қыздырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» жобасының аудандық іріктеу кезеңі де жоғары дәрежеде өткізілді. Бұл іріктеу сынында белгілі болғаны сол, өңірімізде қазақ күресіне деген халықтың көзқарасы, ынтызарлығы ерекше екен. Талай балуандар облыстық жарыста бақ сынау үшін бозкілем төрінде жан алысып, жан берісті. Әсіресе, жастардың қазақ күресіне деген қызығушылығы көңілге қонды. Ауданымызда жыл өткен сайын спортқа деген көзқарас оңалып, бөлінген қаражат көзі ұлғайып келе жатқаны осы салаға жасалған қамқорлық екені анық. Ал біз спорт саласының тасын өрге домалату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Расымен де салауатты өмір салтын ұстанған адамдардың дені сау, ғұмыры ұзақ болатыны белгілі. Ауданымызда, ең бастысы, өңір спортында өркендеу байқалады. Әлі де қадамын қарыштату қажет.
Әділхан Омаров, аудандық спорт бөлімінің басшысы.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ауданға еңбегі сіңген абыройлы азамат
- 17 қыркүйек, 2024
Әулиеаталықтар айтулы аламанда атой салды
- 16 қыркүйек, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді