Бас жүлде – Бекқұлы әулетінде!

«Мерейлі отбасы» байқауының тағылымы өзгеше, тәрбиелік мәні зор. Осы шараны өткізе бастағалы бері дәстүр сабақтастығы қайта жалғанғандай, ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге кірістік. Өркениетті қоғамның іргесі – өнегелі отбасы екені айқындала түсті.Ұлттық байқаудың алғаш аудандарда өткен іріктеу кезеңдерінде топ жарған үздіктер облыстық кезеңге жолдама алған еді. Атап айтсақ, аудандарда өткен байқауларға 180 отбасы қатысып, оның 44-і жүлдегер атанған болатын. Одан іріктелгендері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Тараз қаласындағы Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға шақырту алды.
Облыстық сараптау комиссиясы осы үміткерлердің ішінен алты отбасын іріктеген екен. Марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова бұл байқаудың қазіргі таңда жас отбасылар үшін өнеге мектебіне айналғанын атап өтті. Өскелең ұрпаққа көрсетер үлгісі бар, берер ұлағаты мол ұлттық жобаның авторы – еліміздің Тұңғыш Президенті екеніне тоқталды. Сұлушаш Сәтбекқызы осы бәсекеде топ жарып, бас жүлдені иеленген Т.Рысқұлов ауданынан келген Әлілер отбасын марапаттап, 500 мың теңгенің арнайы сертификатын тапсырды. Енді олар республикалық «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық байқауында бақ сынайтын болады.
Бекқұлы Әлінің есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Ол Ресей жерінде қаза тапқан 500 жауынгердің дерегін тауып, талай игілікті іс атқарған. Өзі құрған «Парыз» қоғамдық бірлестігін басқара жүріп, әлі күнге дейін осы сауапты жұмысты жалғастырып келеді. Жұбайы Тұрсынкүл Жазықбаева екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 29 немере, шөбере сүйіп отыр. «Анам марқұм 13 құрсақ көтерген екен. Оның бесеуі саяси қуғын-сүргін кезеңінің құрбаны болыпты. Содан болар жолдасым екеуміздің баланы көпсінбейтініміз. Әулетімізде дәстүрге айналған асарлап үй салу үрдісі бар. Сондай үлгімен балаларымның барлығы баспаналы болды. Сегізінің де баспанасы бар. Мұның өзі ұл-қыздарымның ауызбіршілігін көрсетсе керек. Ал «Мерейлі отбасы» байқауында жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын», – дейді ол.
Байқаудың облыстық кезеңінде Байзақ ауданындағы Жансақаловтар отбасы жүлделі бірінші орынды иеленді. Отағасы Ілияс Жансақалов қол күресінен спорт шебері болса, отанасы Роза Сержанова ұлағатты ұстаз. Оларды спортшылар әулеті деуге де болатындай. Балалары Ахмет пен Ақниет қол күресінен спорт шебері болса, Әділет – армрестлингтен төрт дүркін Азия чемпионы. Жүлдегерлерді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құттықтап, 400 мың теңгенің сертификатын тапсырды.
Сарысулық Жұматаевтар отбасына жүлделі екінші орын бұйырды. Отағасы Сұлтан Жұматаев 51 жыл ауыл шаруашылығында жемісті еңбек еткен, Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Жұбайы Төлеукүл Есмұратова – «Алтын алқа» иегері. Екеуі тоғыз ұл-қыздан 29 немере, 19 шөбере сүйіп отыр. Ал тараздық Зәуірбековтер отбасы үздік үштіктің қатарынан көрінді. Алтын құрсақты ана Саракүл Зәуірбекова түтікше шығаратын зауытта 40 жыл абыройлы еңбек еткен. Он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген батыр ананың 31 немересі, 11 шөбересі бар.
Аталған екі әулетке 300 және 200 мың теңгенің арнайы сертификатын облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов тапсырды. Сондай-ақ тараздық Жазыбаевтар – «Өнегелі отбасы», жуалылық Әбдірайымовтар – «Парасатты отбасы» аталымдарымен марапатталып, әрқайсысы 100 мың теңгенің сертификатына ие болды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/