- Advertisement -

Көп балалы отбасы қуанышқа кенелді

79

- Advertisement -

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа арнаған былтырғы Жолдауында өмір сүруге жайлы орта қалыптастырудың негізгі факторының бірі ретінде сапалы тұрғын үйдің болуын атап өткен болатын. Бұл бағытта елімізде, оның ішінде өңірімізде де ауқымды шаралар атқарылып, тың бастамалар қолға алынуда. Облыс әкімдігінің бастамасымен аудандарда көп балалы аналарды демеушілер есебінен баспанамен қамту – осындай игі істердің бірі.
Өткен бейсенбіде осындай игілікті шара Т.Рысқұлов ауданында да өтті. Сауапқа толы Рамазан айында қайырлы істі бастап, көп балалы анаға қамқорлық танытқан «Golden compass Jambyl» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Құрбан Изалов мырза мен ұжымдастары көп балалы ана, 4 ұл және 3 қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған Әсел Құрманованың отбасына Луговой ауылындағы Бейбіт Абуталипов көшесінен 15 сотық жер телімі, қора жайы, моншасы, ауызсу, бақша суларымен қамтылған 130 шаршы метрді құрайтын 5 бөлмелі тұрғын үйді сыйға тартып, кілтін тапсырды. Үй толықтай жаңартылып, ағымдағы жөндеу, әрлеу, абаттандыру және газға қосу жұмыстары жүргізіліп, отбасы мүшелерінің тұруына барлық қолайлы жағдай жасалды.
Аудан әкімі Е.Садырқұлов көп балалы ананың отбасын құттықтап, демеуші ұжымға алғысын жеткізді, ауданда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Отбасының қуанышын бөлісуге жиналған қауым көп болды. Қайырымдылық шарасына өз үлесін қосқан демеуші Қ.Изалов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Бижанов құттықтау тілектерін айтса, көп балалы ана Әсел Ертайқызы қамқорлық танытқан жандарға, аудан әкімдігіне өзінің шексіз ризашылығын жеткізді.
Отбасылық құндылықтарды арттыру, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету жұмыстарында белсенділік танытқан барша азаматтардың ісі – көпке үлгі әрі қайырлы іс екендігі даусыз. Қайырымды жандар көбейе берсін!
Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,
аудан әкімдігі ішкі саясат
бөлімінің басшысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support