Сайлаушылар мен кандидат тар арасы жақындай түсті

Қазақстан Республикасының Президенттігіне «Ақ жол» партиясынан ұсынылған кандидат Дания Еспаева және үміткерді қолдау бойынша құрылған республикалық штаб мүшелерінің үгіт-насихат жұмыстары Солтүстік Қазақстан облысында жалғасуда. Кандидат «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамының ұжымына өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Аталған кәсіпорын мұнай-газ саласы, қорғаныс және энергетика салалары үшін жабдықтар өндіреді. Тарихы сонау 60-жылдардан басталатын өндіріс орнында зымырандар, зымыран кешендері, суасты қайықтарына арналған снарядтар жиналатын. Қазір зауыт Қорғаныс министрлігі үшін ғана емес, сонымен қатар мұнай, темір жол компаниялары үшін де тапсырыстарды орындап отыр. Барлығы 100-ден астам өнім шығарылады. Қазіргі таңда өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 4,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоба үш жылға есептелген. Құрылысы 2020 жылы аяқталып, соған сай өндіріс көлемі артып, жаңа өнім түрлерін өндіруге мүмкіндік туады деп күтілуде.
Кандидат Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасында отандық кәсіпорындарға салық жеңілдіктерін енгізіп, басқа шаралар арқылы қолдау тетіктері бар. Кәсіпорын жұмысшыларын қызықтырған бағыт та осы.
Зауытта мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Ақ жол» партиясынан үміткер еңбек жағдайымен танысып, қазақстандық кәсіпорындар мен олардың қызметкерлерін қолдау жөніндегі өз ұсыныстарын айтты. Кездесу барысында Дания Еспаева сайлаушылардың барлық сұрақтарына жауап берді. Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары әлі де жалғасуда.

* * *
Жалақысы төмен салалардың бірі – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Шаруашылықтардағы кадр тапшылығының туындауына да осы жағдай себеп болып отыр. Одан өзге де түйткілдер бар. Соның салдарынан азаматтардың бәрі қазір ірі қалаларға ағылып жатыр. Егер осыны шұғыл қолға алмасақ, ондаған, бәлкім, жүздеген елді мекен қаңырап бос қалуы мүмкін. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков көтерген осы мәселе бүгін Ақтөбеде кеңінен талқыланды.
«Төменгі жалақы жайында сөз қозғала қалса, үнемі мұғалім мен дәрігерлердің мәселесі айтылатыны белгілі. Ал ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің айлығы одан да аз», – дейді Төлеутай Рақымбеков. Сондықтан ауылдарда қосымша жұмыс орындарын ашып, қарапайым еңбеккерлердің жағдайын көтеру керек. Әйтпесе, бұның арты ауылдың жай-күйіне, одан кейін, жалпы ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Үміткердің сенімді өкілдері Ақтөбе тұрғындарымен кездесу барысында осы мәселені жан-жақты талқылады.
Негізі ауыл шаруашылығында бір жұмыс орны ашылса, қалада қосымша 7-8 жұмыс орны пайда болады екен. Сондықтан Төлеутай Рақымбеков өзінің сайлауалды бағдарламасында ауыл мен қала арасын жақындату мәселесін көтерген. Бағдарламадағы басымдықты сайлаушылар да қолдайды.
Кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары еліміздің басқа аймақтарында да жалғасуда. Жуырда ғана Орал маңындағы шаруа қожалықтарын аралап, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Енді батыстағы басқа өңірлерге де атбасын бұрады деген ақпарат бар.

* * *
Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Амангелді Таспиховты қолдау мақсатында құрылған республикалық штабтың мүшелері, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов және «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Егор Каппель, «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағының республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрақбай Жаңабеков облыстық штабта үміткердің сенімді өкілдерімен кездесу өткізді.
Жалпы кәсіподақ ұйымдары – еңбекшілердің мүддесі мен құқығын қорғайтын маңызды қоғамдық институт. Кандидат Амангелді Таспиховтың сайлауалды бағдарламасында еңбеккерлердің мүддесін қорғау, еңбек қоғамын қалыптастыруға басымдық берілген. Үміткер осыған қатысты келеңсіздіктермен күресуге күш салуды көздейді.
Басқосуда Біржан Нұрымбетов үміткердің тұғырнамасында айқындалған жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттырып, жұмысшылардың еңбек құқын сақтап, қауіпсіз жағдай қалыптастыру жолдарына ерекше тоқталды. Ол үшін әрбір кәсіпорында кәсіподақтың салалық ұйымдары құрылуы қажет. Бұл жұмыс беруші мен жұмысшының ара-қатынасын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар жалақы мәселесін де реттемек. Кандидаттың сенімді өкілдері толғандырған сұрақтарын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Республикалық штаб өкілдерінің үгіт-насихат жұмыстары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде, Жаңа Жамбыл фосфор зауытында және Меркі ауданында жалғасын тапты. Мұнда сенімді өкілдер салалық кәсіподақ қызметкерлерімен және еңбек ұжымымен кездесті.

* * *
28 мамыр күні Талас ауданы Қаратау қаласындағы Мәдениет үйінде Қазақстан Коммунистік Халық партиясының облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Жарылқасын Нұралиев сайлаушылармен және еңбек ұжымдарымен кездесті.
Қоғамның дамуы әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы бейбітшілік пен келісімнің орнығуына байланысты. Ал әлеуметтік теңдіктің сақталуы түрлі түйткілдердің алдын алатыны белгілі. Өз сөзінде Ж.Нұралиев партияның басты ұстанымы – интернационализм мен әлеуметтік әділдік екенін атап өтті. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбековтің «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деп аталатын сайлауалды тұғырнамасын таныстырып болған соң, Қазақстанның салық салу жүйесі байлар үшін елімізді жұмаққа айналдырып отырғанын, бұл әділетсіздік екеніне ерекше тоқталды. «Қазақстанда ауқатты және өте ауқатты адамдардың саны өте көп. Сонымен қатар кедейлік шегінде немесе оған жақын деңгейде өмір сүретін адамдардың саны артып келеді. Осыған орай орта тапты қозғамай, үстеме табысқа ие адамдарға табыс салығының жоғары мөлшерлемесін қолдану қажет. Бұл мәселе үміткердің бағдарламасында айқын көрініс тапқан», – деді ол.
Кездесуде ел болашағы алдында мемлекет пен азаматтардың жауапкершілігі тақырыбы қозғалды. Ж.Нұралиев сайлау демократиялық құрылымның маңызды бөлігі екенін атап өтті. Сайлаушылар Қазақстан Коммунистік Халық партиясының үміткерінің сайлауалды тұғырнамасының тезистерін жақсы қабылдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың дені – жұмыссыздық, төмен жалақы, қаладағы су мәселесіне қатысты. Облыстық штаб төрағасы сайлаушыларды 9 маусым күні өтетін президенттік сайлауға белсене қатысып, лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.

* * *
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау бойынша құрылған республикалық штаб мүшелері тарихы терең Тараз қаласына келді. Есімдері елге белгілі бірқатар азаматтар бастаған топ жамбылдық жастармен кездесті. Атап айтсақ, Қуаныш Сұлтанов, Бақытжан Ертаев, Нұрлан Оразалин, Нұртөре Жүсіп, Дархан Қыдырәлі, Алтынбек Қоразбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Дана Нұржігіт, Азамат Сатыбалды, Алтынай Жорабаева тағы да басқа сан саланың мамандары бар.
«Nur Otan» партиясының мүшелері мен республикалық штабтың «Team Qazaqstan» жастар қанаты қаладағы «Жастар аллеясына» жиналған студенттерге кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Штаб мүшелері өз сөздерінде бүгінде елімізде әрбір қазақстандықтың табысты болуы үшін барлық жағдай жасалғаны туралы айтты. Ендігісі осы уысымыздағыны шығарып алмауымызға байланысты. Сабақтастықты жалғаған ұрпақтың келер буынның алдында да жүзі жарқын болмақ. Мемлекет жастардың сапалы білім алуына, оның ішінде әлемнің үздік университеттерінде оқуға ұмтылыстарын қолдап, «Болашақ» бағдарламасын жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз бағдарламасында жастар саясатын ары қарай да сапалы жүргізуді көздеп отыр. Мәселен 180 мемлекеттік колледжді жаңғыртып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар дайындауда заманауи оқыту бағдарламасын енгізу қарастырылған.
Кандидаттың сайлауалды республикалық штабының мүшелері бұл күні екі топқа бөлініп, Жамбыл ауданында «Сады востока» серіктестігінің еңбеккерлерімен, Тараз қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС-ның жұмысшыларымен жүздесті. А.Бейсенбаев пен М.Сарыбеков қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар акция аясында біраз ұсыныстар мен талап-тілектер жиналды. Штаб жұмысы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен жиында түйінделді.

* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсынылған үміткер Әміржан Қосановты қолдауға бағытталған кезекті үгіт-насихат іс-шаралары Атырау облысында өтті.
Үміткердің сенімді өкілдері «Ақжелкен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен кездесу өткізді. Жиынға жиырма бес адам қатысты. Олар кандидат Әміржан Қосановты қолдау бойынша құрылған өңірлік штаб мүшелеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір бөлісті.
Кездесу модераторы – облыстық сайлауалды штабының басшысы Ғалымжан Үтебаев сайлаушыларға үміткердің өмір жолын таныстырып өтті. Жиында кандидат ұсынған платформаның негізгі бағыттары талқыланды. Бағдарламада көрініс тапқан басымдықтарға байланысты жұмыскерлер өз ойларын ортаға салып, ұсыныс білдірді. Олар өздерін кандидаттың аумақтарды дамыту бойынша ой-пікірі қызықтырғанын жасырмады. Себебі Қазақстанның барлық аумағында даму динамикасы тең болған жағдайда ғана әлеуметтік мәселелер шешімін табатыны айқын.
Кандидатты қолдау мақсатында құрылған аумақтық штабтар қазіргі кезде әр өңірде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Әміржан Қосановтың кандидатурасын қолдауға үгіттеген науқандық шаралар ірі қалалар мен облыс орталықтарында жалғасуда.
Әлеуметтік желілер арқылы да сайлаушылармен тығыз байланыс орныққан. Желі қолданушылары кандидат бөліскен жаңалықтар мен жазбаларды бөлісіп, жұртқа таратуға атсалысуда. Өз кезегінде үміткер Әміржан Қосанов та қолдаушыларға алғыс білдіріп, «Facebook» «Youtube» «Instagram» желілерінде тікелей байланысқа шығып, өзінің кандидатурасына қатысты туындаған сауалдарға жауап берді.

* * *
Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің облыстық сайлауалды штабының өкілдері Тараз қаласында «Мыңбұлақ» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Басқосуды үміткердің сенімді өкілі Лаура Құлажанова сөз сөйлеп ашып, көпшілікке штаб өкілдерін таныстырып өтті.
Бұдан соң үміткердің облыстық сайлауалды штабының төрағасы Ринат Нұрақбаев Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының мемлекетіміз үшін аса маңызы зор тарихи оқиға екеніне тоқталды. «Ұлы Дала қырандары» республикалық қозғалысы ұсынған үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Тұғырнамада мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық ат ойындарын дамыту, жемқорлыққа тосқауыл қою, жұмыссыздықпен күрес, демография мәселелеріне зор көңіл бөлінген.
Сондай-ақ Ринат Даниярұлы жиналғандарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Облыстық сайлауалды штабының мүшесі Марал Хантөреқызы жиналғандарды үміткер С.Түгелдің өмірбаянымен таныстырды. Көпшілік үміткердің ақпарат саласында жауапты қызметтер атқарғанынан, ұлттық мүдде жолында белсенді еңбек етіп жүргенінен, Ұлттық спорт қауымдастығының І вице-президенті, Ұлттық ат спорты федерациясының президенті екенінен хабардар болды.
Жиын соңында кездесуге қатысушылар үміткердің облыстық сайлауалды штабының өкілдеріне сауалдарын қойып, оған лайықты жауап алды. Облыстық штабтың үгіт-насихат жұмыстары Тараз қаласының басқа да аумақтарында жалғасуда. Түрлі еңбек ұжымдарымен, студенттермен кездесулер жоспарланған.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/