- Advertisement -

Өкім Жайлауов арқасүйер ағам еді

141

- Advertisement -

Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 1961 жылғы 13 қаңтардағы нөмірінде «Өкім Жайлауовтың өлеңдері өмірлік лебімен, жылылығымен адамды баурап алады. Табиғатты, онда өтіп жатқан өмірді, өмір сүрген адамды енді ақын көзімен көріп, олардың сыр-сипатын сезімтал ақынның айнасы арқылы танитын боламыз. Ө.Жайлауовтың қай өлеңін оқысаңыз да адамға әсер беріп, салмақты сезімге айналып, біртүрлі жарастық табады» деп жазылған еді.
Өкімнің тұңғыш өлеңі 1946 жылы Талас аудандық газетінде жарияланған. Оның кейіннен облыстық, республикалық газет-журнал редакцияларында түрлі қызмет атқарғаны белгілі. Әр жылдары «Жасыл бақша», «Шопан дауысы», «Шәкірт ойы», «Жарқын жаз», «Арай», «Күміс жаңбыр», «Соны соқпақ», «Шұғылалы шақ», «Мәңгілік от», «Мезгіл бояулары», «Шартараптан шарапат» атты жыр жинақтары жарық көргенін жұртшылық жақсы біледі. Мен де Өкім ағама қарап бой түзеп, тәлім-тәрбиесін алып өстім. Бірінші сыныпқа барғанымда Өкім аға маған жап-жаңа сөмке алып берген. Балалардың бәрі қызыға қарайтын әскери сөмке. Алматыдан арнайы әкеліпті. 1955 жыл ғой. Ол уақытта мұндай сөмке дегеніңіз – үлкен қуаныш. Балалардың көбісі кітаптарын дорбаға салып жүреді. Арманшыл бала күнімде қуантқан ақынды әрқашан да құрметтедім. Ол менің арқасүйер ағам еді.
Ол кісі өте сыпайы, артық сөзі жоқ азамат болатын. Өмірдің жақсы-жаман құбылыстарын әділ бағалау, көпшілікті эстетикалық талғамға тәрбиелеу ақындардың басты міндеті емес пе? Осы талаптарды Ө.Жайлауовтың өлеңдерінен табуға болады. Ақын Қуандық Шаңғытбаев бір мақаласында «Өкімнің шығармалары оқырмандарды өмірге, табиғатқа, туған жерге, ата-ана, дос-жаранға деген сүйіспеншілікке шақырады. Махаббат пен еңбекке деген құштарлығыңды арттырып, қиындықпен күресе білуге, жамандықтан жиреніп, жақсылыққа қуана білуге тәрбиелейді. Оның ақындық алымына, қаламгерлік қарымына риза боласың», деп жазғаны бар.
Беріректе Өкім ағаға Талас ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Сол кезде ол: «Мені Қаратау қаласына алып бар», деді. Айтқанын орындадым. Не үшін бара жатқанын айтпады. Жерлестерінің құрметіне бөленіп жатқанын кейіннен білдік қой. Айтпағаны – сабырлы мінезіне тән қарапайымдылығы. Ақынның жары Роза Төлейбайқызы «Ойық» кеңшарында туып-өскен. Қазіргі таңда Роза жеңгей Алматы қаласында тұрады. Ұлы ұяға, қызы қияға қонған. Немере-шөберелері өсіп жатыр. Өмкеңнің туғанына биыл 90 жыл толды. Ел-жұрты ардақты ақынын ешқашан ұмытпайды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыс журналистикасының ардагері Баттал Жаңабайұлы Тараз қаласындағы бір көшеге ақын Өкім Жайлауовтың есімін беру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Өте орынды ұсыныс деп санаймыз. Осы өтінішті Тараз қаласының әкімдігі ескеріп, жүзеге асырса дейміз.

Жақсылық ДОСАЕВ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support