- Advertisement -

Далақайнар ауылында үшем дүниеге келді

34

- Advertisement -

Жалпы біздің ортамызда ерекше адамдар көп. Олардың қатарына егіздерді, үшемдерді, тіпті ара-тұра кездесіп тұратын төртемдерді де жатқызуға болады. Әрине, егіздердің жайы бізге соншалықты таңсық та емес. Соңғы жылдарда үшемдерге де көзіміз үйрене бастады.
Былтыр ғана Шу ауданында үшемдердің дүниеге келгенін сүйіншілеп жазған едік. Енді, міне, дәл осындай қуаныш биыл да қайталанып отыр. Нақтырақ айтсақ, аудан орталығынан шалғай орналасқан Далақайнар ауылдық округінің тұрғыны Антонина Антипова шекесі торсықтай үш ұлды дүниеге әкелді. Ерлі-зайыптылар ұлдарына Андрей, Данил және Артем деп ат қойған.
Антонина құрсағындағы үшем екенін алдын ала біліпті. «Жүктіліктің соңғы айларында ауруханадағы дәрігерлер үшем болатынын айтқан еді. Әуелгіде таңырқап қалғанымыз да рас. Босанатын уақыт жақындағанда ауданымыздың ақ халаттылары Тараз қаласындағы перинаталдық орталыққа жедел жәрдем көлігімен жедел жөнелтті. Шүкір, нәрестелер аман-есен өмірге келді. Андрей мен Артем екеуі де – 2 келі 300 грамнан, ал Данил 1 келі 900 грамм боп туды. Қазір үшеуінің де денсаулығы жақсы», – дейді Антонина.
Осылайша күні кеше ғана төрт бірдей қызды тәрбиелеп отырған Антонина бір-ақ күнде алтын алқаға үміткер болып шыға келді. Өзі ұлты орыс болғанымен, жұбайы Андрей Томпа венгр ұлтының өкілі екен. Дегенмен қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Далақайнар ауылында тұратын отбасы жергілікті тұрғындармен туған-туысындай етене араласып кеткен. «Ата-анам осы ауылда тұрып, осы жерде өмірден озды. Мен де осында дүниеге келдім. Қазақ ұлтының бауырмалдығына әлі күнге таңғаламын. Дүниеге үшем келгенін естіп, қолдарынан келгенше қауым болып көмек қолын созуда. Ауылдастарыма алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді Андрей Томпа.
Ауыл тұрғындары ерлі-зайыптыларға қой, ешкі, сиыр сынды төрт түліктің түр-түрін шама-шарқына қарай жинап берсе, ауылдағы әкімшілік, мектеп, балабақша және дәрігерлік амбулатория ұжымы 200 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берген. Бұдан бөлек, жеке-жеке сыйлық жасап, демеп жіберетін тұрғындар да жетерлік. Үшемнің ата-анасы да аудан басшылары мен ауыл тұрғындарына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтуда.

Шу ауданы.

Суретті түсірген
Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support