- Advertisement -

Көше жолдары көңілден шығатын болады

84

- Advertisement -

Жалпы қаладағы көше жолдарының қазіргі жағдайы сын көтермейтіндей деңгейде. Көп жері ойылып, шұқанаққа айналған. Монополиялық нысандардың жол жабынын қалаған тұсынан кесіп, топырағымен бірге қопарып алып тастап, газ, жылу және жарық желілерін жер астымен тартуы осындай жағдайға алып келуде. Бұл да қалаішілік жолдардың сыры кетіп, сыны бұзылуына сеп болып отыр.
Қысқасы, қазіргі уақытта қаладағы жол жабындыларын қалпына келтіру ісі күн тәртібіне өткір қойылуда. Осыған орай өңір басшысы тиісті тараптарға қайта жаңғырту ісін жүзеге асыру мақсатында қалаішілік көше жолдарына техникалық түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырғаны белгілі. Бұған дейін шаһарда 996 шақырымдық 576 көше коммуналдық меншікте тіркелген. Ал түгендеу жұмыстарының барысында қала бойынша жалпы ұзындығы 1531 шақырымды құрайтын 1330 көше бары анықталыпты. Олар жөндеу кезегіне қойылмақ. Сондай-ақ қаладағы көше жолдарының жабындыларын реттеу мақсатында үш жылдық жалпықалалық «Жол» бағдарламасы қабылданып, онда жолдарды жөндеу реті нақтыланатын болады. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандар (мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері) орналасқан, қоғамдық көлік ағыны көп көшелер тәртіпке келтіріледі. Сонымен бірге көше жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 100,0 миллион теңге бөлініп, жалпы көлемі 22 000 шаршы метрді құрайтын 86 көшенің жолын жөндеу жоспарлануда екен. Бүгінгі күні оның 8900 шаршы метр аумағында, яғни 36 көшеде нақты жұмыстар жүзеге асырылған. Қалған жолдарды жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айында аяқталады деп күтілуде.
Мәселен, Абай даңғылы мен Әйтеке би көшесінің қиылысында ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жолшылары бұл жұмысқа бел шеше кірісіп кетіпті. Бірі ой шұңқырлардың айналасын кесіп, тегістесе, екіншісі одан шыққан тас қиыршықтарды трактор тіркемесіне апарып төгуде. Олар бұған дейін облыстық мәндегі Ақкөл бағытындағы тасжолды ағымдық жөндеуден өткізіп келіпті. Бұл қала ішіндегі алғашқы жұмыс күні екен. Жұмысшылар мұндағы шаруаны да сапалы атқарып, тез бітіреміз деп құлшынып-ақ отыр.
Келесі көше қиылысында, дәлірек айтсақ, Қазыбек би мен Желтоқсан көшелерінің бойында жол жағалай ор қазып жатқан «ҚазТрансГаз» АҚ-ның техникаларын көріп қалып тоқтадық. Газ құбырын жер астымен жүргізіп жатқан «Дос-Тас» ЖШС-ның жұмысшылары болып шықты. Жұмыс басында серіктестіктің өкілі Дәулет Әбубәкірді жолықтырып, сөзге тарттық. Ол екі айдан бері ор қазып, газ құбырын жүргізіп жатқандарын айтты. Жұмыстары қауырт. Ешкімге қарайлайтын түрлері жоқ. Арнайы экскаватор жолдың жабынын күйрете топырағын тереңнен көсіп алып, қасына төгуде. Келесі топ газ құбырын төсеп келеді. Олардың маңында төрт-бес метрдей жерде тағы бір қазылған орды байқап қалдық. Сөйтсек ол электр желісін жүргізу үшін қазылған ор екен. Жұмысшылары басқа жерде болуы керек, орлары қараусыз жатыр.
Сонымен қатар биыл қаладағы 29 жоба бойынша ұзындығы 75 шақырымды құрайтын 148 көше бұрылыстарымен орташа жөндеуден өткізілмек. Олардың жобалық-сметалық құжаттары дайын екен. Бұл мақсатқа 1,5 миллиард теңге бөлінген. Жобаға «Тайвань», «Арай» тұрғын алқаптарының көшелері де еніп отыр. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен 600 миллион теңгеге қаралып, шаһардың көп қабатты тұрғын үйлері орналасқан шағын аудандардағы жол жабындыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен бірге қазіргі таңда шаһардағы «Бурыл А,Б,В» тұрғын алабында 26 шақырымды құрайтын 50 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары басталып кетіпті. Оған 260 миллион теңге қаралып, бұл жұмыстарды «Ая сервис» ЖШС атқаруда.
Аталған тұрғын алқапты аралап шығып, бірсыпыра көшелерде шағал тастар талапқа сай төселгенін байқадық. Келесі бір көшеде кедір-бұдыр болып жатқан жол үстін грейдер тегістеп өтіпті. Онысы шағал тас төсеу үшін дайындап қойғандай көрінді. Серіктестік өкілдерімен жолыға алмасақ та алқаптың тұрғындарын сөзге тартқан едік.
– Көшемізге су келіп тұр. Газымыз бен жарығымыз бар. Жол мәселесі шешімін тапса, бізге одан басқа не керек. Жол демекші, он жылдан бері жолдың азабын тартып келе жатыр едік. Әсіресе жауын-шашынды күндері шұқанақтарға су толып, жолымыз езіліп жататын. Ол күндері балалардың мектепке барып-келуі қиынға соғатын. Енді, міне жолымызға шағал тас төселетін болды деп қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр, – дейді Ақзира Әбілхайырова. Сондай-ақ қала тұрғыны Ғалымжан Ақынтаев көшемізге орталықтандырылған кәріз жүйесі жүргізіліп, жолымызға асфальт төселсе екен деген өтінішін жеткізді.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сәкен Жұманқұлдың айтуынша, жоғарыдағы анықталған көше жолдарының 805-і көше, 3-еуі даңғыл, 440-ы бұрылыс, 40-ы тұйық, 42-і өткел екен. Оның ішінде асфальт жабыны бар көшелер саны 519-ды құраса, шағал тас төселген көшелер саны – 811. Ал биыл 29 көшені орта және ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл жұмыстарды мердігерлер үстіміздегі жылдың шілде айында бастап та кеткелі отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support