- Advertisement -

Үздіктердің көбісі үлгілі бұрымдылар

69

- Advertisement -

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының облыс бойынша педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты және облыстық білім басқармасы мектеп директорлары арасында «Үздік жас директор» байқауын өткізді. Аталған институттың директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Медетбекованың айтуынша, бұл конкурс жас басшылардың кәсіби шеберліктерін арттырып, мұғалімдердің инновациялық әзірлемелер мен технологияларды сабақта кеңірек қолдануы үшін қолайлы жағдай туғызып, басқарушылық тәжірибелеріндегі жаңа бағыттарды анықтауды көздейді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова байқауда директорлық қызметте еңбек өтілі бес жылға толмаған үміткерлерге бақ сынауға мүмкіндік туғанын айтты. Жалпы Тараз қаласынан және 9 ауданнан, барлығы 10 мектептің жас басшысы сынға түсті. Байқау шарты бойынша директорлар өздерін «Табысты мектеп: идеядан нәтижеге дейін» тақырыбындағы таныстырылымы мен «Директордың кәсіби өсу жолында» бейнетүсіріліміндерін әділқазылар назарына ұсынды. Бәсекеде барлық талаптар бойынша үздік шыққан Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының директоры Фарида Шортанбекова бас жүлдені жеңіп алды. Ал Т.Рысқұлов ауданындағы Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің директоры Ақбота Стыбаева бірінші орынды жеңіп алса, Меркі ауданы әкімдігі білім бөліміне қарасты Савва атындағы №9 жалпы білім беретін мектеп-лицейі директоры Болатбек Қыстауов пен Шу ауданындағы С.Шәкіров атындағы орта мектептің директоры Құндызай Иманқұлова екінші орынды иеленді. Үшінші орынды Сарысу ауданындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектеп директоры Гүлмира Өмірбекова мен Талас ауданындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің директоры Гүлфайруз Орманова иеленді.
– «Үздік жас директор» байқауының мәні зор. Себебі жас директорлар өздерінің айрықша табысты тәжірибелерімен бөлісіп, қызметіндегі педагогикалық проблемаларды зерделеп, сапалы басқаруға ерекше көңіл бөледі. Бұл шара мұғалімдер мәртебесін анықтауда, оның ортадағы беделін көтеруде де ерекше стимул, – дейді «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының облыс бойынша педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институтының директоры Гүлшат Оңланбекқызы.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support