- Advertisement -

Жолаушыларды заңсыз тасымалдауға шектеу қойылды

35

- Advertisement -

Облыс әкімінің заңсыз жолаушылар тасымалы мен стихиялық тұрақтарды жою іс-шаралары бойынша тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері облыстық жергілікті полиция қызметі, мемлекеттік кірістер басқармасы, медицина мамандарымен бірлесе кезекті рейдтік тексеру – оңалту шарасын өткізді. Оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің, «Адалдық алаңы» жобасы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған рейдтік тексеру «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының бойында, атап айтқанда, Байзақ ауданы Ақшолақ ауылының маңында өтті. Жалпы, шараның мақсаты бірінші кезекте жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету дейді мамандар. Ал осы жол бойында алғаш болып тоқтатылған автобуста Байзақ ауданы Абай ауылындағы мектептің оқушылары «Ақыртас» тарихи кешеніне экскурсия жасап келе жатыр екен. 42 оқушының жанында ұстаздары да бар. Алайда автобус иесінің, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мектеппен жасасқан келісімшарты болмай шықты. Мектеп ұжымы аудандық білім бөлімін бұл жөнінде хабардар етпеген. Автобуста оқушылар болғандықтан оны жергілікті полиция бөлімінің арнайы қызметі бастап алып жүру керек екен. Осындай олқылықтарды жүргізушіге түсіндірген полиция қызметкерлері оқушылар мінген автобусты межелі жерге дейін өздері жеткізіп салды.– Іс-шара барысында облысаралық бағыттардағы 60-тан астам үлкен және шағын автобустардың құжаттары тексеріліп, анықталған заңсыздықтар бойынша ішкі істер органдарының тарапынан Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптарына сәйкес 8 хаттама толтырылды. Сонымен қатар екі автобус айып тұрағына қойылып, 30-дан астам жолаушы тасымалдауымен айналысатын тұлғалар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Рейд барысында басқарма мамандары тарапынан жүргізушілер мен жолаушыларға заң талаптарын еске салатын жадынамалар таратылып берілді, – дейді басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Мұқашев.
Ал облыстық ішкі істер департаменті жол-патрульдік полиция батальонының командирі Руслан Ерген: «Бүгінгі күні облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандарымен бірлесе іс-шара жүргізудеміз. Қазір республикалық маңызы бар жол бойында тұрмыз. Бізбен бірге көлік инспекциясының да қызметкерлері жүреді. Шара барысында жолаушыларды тасымалдап отырған компаниялардың құжаттарын тексеріп, кемшіліктері болса арнайы заң аясында түсіндірілуде. Әкімшілік кодекспен анықталған құқық бұзушылықтар болса, хаттама толтырылып, жүргізушілер айыппұл төлеп, көліктері айып тұрағына қойылады. Қазір «Жібек жолы» автобекетінен Сарыағашты бетке алған «Мерседес Спринтер» көлігін тоқтаттық. Анықталған жүргізушінің сақтандыру полисінде жүргізушінің жолаушылар алдындағы жауапкершілігін анықтайтын мәліметтер жоқ болып шықты. Жүргізуші атына Әкімшілік кодекстің 612-бабының 1-бөлімімен хаттама толтырылды. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан келе жатқан автобус жүргізушісінің құжаттарын тексергенде, автобекет пен автобус иесінің арасында келісімшарттың жоқтығы анықталды. Екіншіден, жүргізушінің еңбек режімінің кестесі де болмай шықты. Яғни автобуста екі жүргізуші болу керек. Олар төрт сағат сайын ауысып отыруға тиіс. Сондықтан бұл азаматқа Әкімшілік кодекстің 572-бабы 2-бөлімімен хаттама толтырылып, көлігі айып тұрағына қойылады. Жоғарыда өздеріңіз куә болған мектеп оқушыларын тасымалдаған автобус жүргізушісіне қатысты анықталғаны, ол кісінің қолында жолаушылар тасымалдау бойынша лицензиясы да жоқ болып шықты. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің 571 қаулысы негізінде мектеп оқушылары мінген автобусты жол-патрульдік полиция қызметкерлері алып жүруі керек. Яғни аталған дерек бойынша мектеп директоры аудандық білім бөліміне еш хабар бермеген, аудандық полиция бөліміне қатынас хат түсірмеген», – деді.
Жалпы, бұл жұмыстардың жыл соңына дейін тұрақты жүргізіліп, басқарманың қатаң бақылауында болатынын білдік.
– Бұдан бөлек басқарма қызметкерлері Тараз қалалық орталық автовокзалдың қызметін реттеу мақсатында, зерделеу жұмыстарын да жүргізуде. Бақылау барысында, автовокзал басшылығына ішкі ауланы ретке келтіру, сауда, тамақтану орындарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру және такси тұрағына жолақ белгілерін салып, тақтайшалар орнату тапсырылды. Аталмыш жұмыстарды сапалы орындау мақсатында, қысқа мерзімді іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Сонымен қатар басқарманың бекітілген кестесіне сәйкес, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тұрғындар саны 100 адамнан асатын елді мекендердің қоғамдық көлікпен қамтылуы, автостансалар және жолаушыларға қызмет көрсету бекеттерін салу бойынша тапсырмалардың орындалу барысы, олардың Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестігі, тасымалдаушы мекемелердің көктемгі мезгілдегі жұмыстарын, оның ішінде автобустардың жай-күйін бақылау, «Автомобиль көлігі туралы» Заң негізінде тұрақты маршруттарға ұйымдастырылған конкурстар есебінен субсидияланатын маршруттардың қызметіне қатысты зерделеу жүргізілді, – дейді басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Мұқашев.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Ерман Әбдиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support