- Advertisement -

Шақпақата ауылында шеге шығаратын цех ашылды

88

- Advertisement -

қазір онда 70 пен 150-лік шегелердің күніне 3 тоннасы шығарылуда

Шақпақата ауылы – аудандағы тұрғыны көп елді мекеннің бірі. Мұндағы жұрттың негізгі күнкөріс көзі – егін және мал өсіру. Ал бірқатар кәсіпкерлер ауылды қақ жарып өтетін Алматы–Ташкент күре жолы бойынан сауда нүктелерін, жанармай бекеттері мен басқа да қызмет көрсету орындарын ашып, ары-бері ағылған көліктерге өз қызметтерін ұсынуда. Бұл өз кезегінде ауылдың да әл-ауқатын арттырғаны белгілі. Алайда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі салынып, пайдалануға берілген тұста ауыл кәсіпкерлері абдырап қалған-ды. Өйткені бұрынғыдай ауыл ішімен арлы-берлі ағылып жататын көлік ағыны сап тыйылған. Дегенмен ауылдың іскер азаматтары бұл тығырықтан да жол тауып шығып, жаңа бастамаларды қолға алуда. Ең бір қуантарлығы, бастама иелерінің қатарында жастар көп-ақ.
Екі-үш жыл бұрын өзінің үйі ауласынан ағаш тілу мен дәнекерлеу цехын ашқан кәсіпкер Еламан Пернешов бүгінде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жақында ол кәсібі ауқымын ұлғайтып, шеге шығаратын тағы бір цехты іске қосты. Бүгінгі таңда осынау айрықша сұранысқа ие құрылыс материалын шығаратын цехтың Тараз қаласында, аудандарда мүлде жоқ екенін ескерсек, жуалылық іскер азаматтың бұл бастамасы тың кәсіпке түрен салғанмен бірдей іс. Жалпы өңірімізге шеге өзге облыстардан, одан қалды шетелдерден әкелінеді екен. Ал облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шақпақатадағы шеге өндірісі аймақтағы баға бағамы төмендетілуіне өз септігін тигізетіні анық. Жаңа өндіріс орнының иесі жергілікті жердегі түкке аспай жатқан темір-терсекті ұқсатып, өңдеу арқылы отандық өндірістің дамытылуына өзіндік үлесін қосуды ойлайды. Қазір шағын цехта тәулігіне 70-тік және 150-лік аралығындағы мөлшерлермен 3 тонна шеге шығарылу үстінде.
Мұндағы ағаш өңдеу мен темір дәнекерлеу цехтарында да жұмыс қызып жатыр. Ағаш ұстаханасында құрылысқа қажетті жуан ағаштар өңделіп, түрлі көлемде тақтайлар тілініп, даярланады. Ал дәнекерлеушілер темір шарбақ, қақпа, ошақ, орындық секілді тұрмысқа қажетті заттар жасаумен айналысады. Айта кетерлігі, жақында темір ұсталары жер жыртатын соқа да құрастырып шығарыпты. Бұл олардың алдағы уақытта өңірімізде ауыл шаруашылығы әлеуеті арттырылуы ісіне де батыл атсалыса бастайтындығын көрсетсе керек-ті.
Еламан Пернешовтің айтуынша, ағаш тілу мен темір ұстаханаларының жұмысын жолға қойып алған соң, көңілінде ендігі жерде неге шеге шығармасқа деген ой туыпты. Сол ойдың жетегімен Шымкент шаһарындағы кәсіпкерлердің жұмысымен танысып, зерделей келе, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, цехты өз үйінің ауласынан ашыпты. Шегеге қажет темірді де көрші облыстан алдыртқан. Сондай-ақ ол Жастар жылында мемлекеттен арзандатылған несие алып, өндірісін одан ары кеңейтпек ниетте екен.
– Алға қойып отырған мақсатымыз ауқымды. Ең бастысы, ауыл, аудан тұрғындарының сұранысына сай өнімдер өндірсек дейміз. Әсіресе шеге өндірісі көлемін ұлғайту арқылы жұмысшыларымыздың санын арттыруды көздеп отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Ауылдық округ әкімі Мұстафа Бектұрғанов та жас кәсіпкердің бұл бастамасына қолдау, көмегін көрсетуде. Оның айтуынша, шағын цех өнімдерін жергілікті тұрғындар қарызға да ала алады екен. Бұл тұрғындардың бір ғана шеге үшін аудан орталығына ат сабылтып, текке әуреге түспеуіне де мүмкіндік беріп отыр.

 

Марат Құлибаев

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support