- Advertisement -

Батырдың қобызы

52

- Advertisement -

Батырбек датқаның XIX ғасырда оңтүстік өңірде қызмет атқарып, халқы үшін сіңірген тарихи еңбегін ел-жұрт жақсы біледі. Екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, игі істері ел есінде. Әсіресе Оңтүстік өңірдің бірнеше елді мекендерінде мешіт-медреселер салғызғаны, тоғандар қаздырып, суландыру жүйесін енгізгені, халықты шоғырландырып, ауыл-ауыл етіп қоныстандырғаны ел жадынан өшпек емес. Бұл туралы зиялы қауым өкілдері абайтанушы, академик Мекемтас Мырзахметұлы, академик Сейітхан Жошыбаев, жазушы, публицист Арғынбай Бекбосын, профессорлар Қалдыбек Бөлеев, Асқар Әбдуәлі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы әр жылдары республикалық, облыстық газеттерде көлемді мақалалар жазды. Батырбек датқаның төрт әйелінен сегіз ұл, он бес қыз тарайды.Екінші әйелі Талас өңірінің ақын аруынан Қошай атам туған. Одан біз тараймыз. Апамыз өзі ақын, әнші, домбыра мен қылқобызда ойнайтын дарын иесі болған.

Датқа шаршағанда үйде отырып қылқобыз тартады екен. Датқаға бұл қобызды нағашысы, атақты Майлықожа сыйлаған. Датқа осы қылқобызды екінші әйеліне сыйлаған. Қылқобыз ақын апамыздың шаңырағында болған. Батырбектің ұлдары Қошай да, немересі Елепай да домбырада, қылқобызда шебер ойнаған. Датқа діни мерекелер мен қуаныштарда елдің еңсесін, рухын көтерту үшін халықты жинап, баласы Қошайға қобыз тартқызып, ақындарға өлең оқытып, ынтымақ-бірлікке үндеп отырады екен.
Батырбек – текті әулеттің ұрпағы. Арғы бабасы Қарабатыр атақты Төле бидің күйеу баласы болса, Қарабатырдан Шінет тарайды. Ташкенттің он екі қақпасының біреуін билеген Шінеттің баласы Рысбек те батыр, ұрыстарда қолбасшы болған. Осы Рысбектен Батырбек датқа тарайды. Батырбектің ұлдары Иса, Тастанбек, немересі Белқожа әрқайсысы 30-40 жылдан болыс болған атақты кісілер. Датқа бабамыздың болыс болған ұлдары да, өзі сияқты халықты бөліп-жармай әділетті басқарған, барынша халықтың қамын жеп, қамқорлық танытқан. Ұры-қарыларды қатаң жазалаған.
Белқожа өте білімді, сауатты болған. Орыс патшасы Романовтар әулеті 1913 жылы таққа отырғандарына 300 жыл толуына байланысты той жасағанда, Ташкентте отырған генерал-губернатор Оңтүстік өңірден осы тойға аттанатын елуден астам болыс, байларды бастап баруды, құттықтап сөз сөйлеуді Белқожаға тапсыруы да тегін емес. Белқожа осы тойда патшаның алдында орысша сауатты сөйлеп, оған разы болған патша бірге суретке түсіп, сый-сияпат жасаған.
Белқожа 1925 жылы, яғни өзі қайтыс болғанға дейін болыстық қызмет атқарған.
Жас кезінде Т.Рысқұлов, Қ.Сармолдаевқа, Қ.Қошмамбетовке қамқорлық көрсетіп, қаржылай көмек беріп тұрған. Т.Рысқұлов кейін датқа бабамның, Белқожа атамның балалары кеңес өкіметі тарапынан қудаланғанда жанашырлық танытып, көбісін Тәжікстанға, Өзбекстанға паналатып, аман алып қалған. Жергілікті тарихшылар өңірден шыққан осы тарихи тұлғалар туралы архивтен құжаттарды алдырып, алдағы уақытта басылымдарға мақалалар беріп тұрса дұрыс болар еді.
Батырбек датқаның қара қылқобызы әлі бар. Елепай қайтыс болған соң інісі Ермен иемденіп алған еді. Қазір қылқобыз Ермен атамның балаларының үйінде сақтаулы тұр. Талай кісілер барып «музейге беріңдер» дегенде балалары көнбеді. Бұлардікі де дұрыс шығар.
Датқа тоқсаннан асқан шағында дүниеден өткен. Жуалы өңірінде өзінің тарихи қонысы Датқасазда жерленген. Кезінде ұрпақтары үлкен күмбез орнатқан, 1928 жылдары әпербақан коммунистер мешіт пен күмбезді қиратып кірпіштерін өздеріне үй салуға жұмсаған. Халықтың, зиялы қауым өкілдерінің өтініштерімен, 2012 жылы аудан әкімі Батырбек Құлекеевтің бастамасымен бабамыздың кесенесі қалпына келтіріліп, аудан орталығында ескерткіші бой көтерді. Халық разы. Әйтсе де өтініш-тілектер әлі толық іске асқан жоқ. Бабамыздың есімін аудан орталығындағы бір мектепке, елді мекенге берсе… Тарихи-тұлғаның ескерткіші мен күмбезі «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің тізіміне еніп, мемлекеттік қорғауға алынса деп өтініп едік. Алайда аудан тарапынан нақты жұмыстар атқарылмай отыр
Батырбек бабамның замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақ датқалардың есімдері аудан, ауыл, мектептерге, Тараз қаласының көшелеріне берілді. Байзақ, Шоқай, Сапақ датқалар тарихи деректерге жүгінсек, Батырбек датқаны ерекше сыйлаған, көп мәселеде кеңесіп отырған. Бұл туралы жазушы Ә.Жылқышиев өзінің «Дауылдан кейінгі жарықтар» кітабында жазған. Батырбек датқа Оңтүстік халқының шын ықыласына бөленбесе, Арқаның атақты ақыны Шөже Оңтүстік өңірге сапарлап келіп, қонақ болғанда датқалардың ішінен тек қана Батырбекке өзінің өлеңін арнамас еді. Шөже ақынның арнау өлеңі жазушы С.Бегалиннің бес томдығында бар. Шөже ақын ешқашан байлыққа, сыйлыққа сатылмаған. Арқаның атақтылары Алшынбай би, Құсбек төре, Құнанбай аға-сұлтанға кемшіліктерін қаймықпай беттеріне айтқан ақын.
Датқасаз – тарихи мекен. Датқаның заманында бұл мекенде Кенесары хан, Құнанбай қажы, Сыпатай, Майлықожа ақын, қырғыз манаптары қонақ болған. Кезінде, тарихи қонысқа Т.Рысқұлов, Қ.Қошмамбетов, Қ.Сармолдаев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Бегалин, Б.Момышұлы, Д.Қонаев, А.Асқаров сынды көптеген қайраткерлер келгенін білеміз.
Батырбек датқаға Шөже ақыннан басқа да көптеген тарихи тұлғалар дұрыс баға берген. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы. Жазушы М.Қалдыбаевпен сұхбатында ер Баукең «ХІХ ғасырда Оңтүстік өңірде Батырбек датқаның ел билегенін өзің де білесің. Елді руға бөліп-жармай бәрін тең көрген, әділетті, өте парасатты, данагөй билеуші болған. Қазіргі ел билігіндегі жігіттер сол кісіден үлгі алса ғой, елге де, халыққа да пайдасы зор болар еді» деп күрсінген екен.
Алматыда 1960 жылдары медициналық институтта оқып жүргенімде Баукеңнің үйінде екі жылдай тұрдым. Батыр: «Сенің датқа бабаң данышпан, қасиетті тұлға. Аудандық атқару комитетінде үш жыл хатшы болдым, ел аралағанда Датқасазға соғып, дұға бағыштап жүрдім. Әскерге 1931 жылы аттанарда арнайы «Датқасазға» барып, датқаның рухына тағзым еткен болатынмын», деуші еді.
Сөз соңында айтарым Батырбек датқаның тарихи еңбегі бағаланып, есімі елдімекенге, мектепке берілсе, шіркін! Осы мәселеге облыс әкімі, ұлтжанды азамат Асқар Мырзахметов мырза көңіл бөліп, оң ықпал етеді деген сенімдеміз.

Нұрмахан ЕЛЕПАЕВ,
бірінші санаттағы
тіс дәрігері, зейнеткер.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support