- Advertisement -

Ауылына қарайласқан азамат тар

106

- Advertisement -

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауылдағы ағайынға, елден түлеп ұшқан түлектерге үлкен қозғау салды. Бүгінде әр ауылдан «Туған жерге туыңды тік!» ұранымен туған елге, ауылға қарайласып, ерте көктемде сенбілік ұйымдастырып, туған өлкенің көркеюіне мұрындық болып отырған бауырлардың тірлігін естіп, біліп, қуанып қаласың. Осындайда ағайынның үлкендері бас болып, кейінгі толқынға жөн көрсете біледі. Тіпті ешкімді ешкім қинамай, мәжбүрлемей, көпшілік игілікті іске жұмыла кірісіп кететінін көріп, тағы бір мерейің тасып қалады. Мысалы, Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылының маңында шоғырланған Қарақожа мешіті, Бөлтірік шешен, Ілебай датқа кесенелері, Қызыл қорған тарихи қалашық орны, осында жатқан Тұрар Рысқұловтың әкесі Жылқайдар бейітінің аумағын абаттандыру шаралары қолға алынғанынан хабардармыз.
Мұндай игі іс Сәду Шәкіров ауылында да жалғасын тапты. Ерте көктемде ауылдағы ағайын жазғы және күзгі тірлігіне ерте қамданып жатады. Алайда кейде қолда барды ұқсата алмай, қала берді техника жетпей, бір істің қиюы кетіп жататыны тағы анық. Ал мұндайда таластық азаматтардың тірлігіне тіпті риза болып, «Әй, бәрекелді!» дейсің. Сәду Шәкіров ауылының 1973-1993 жылы туған түлектері биыл бірнеше жыл бойы тазаланбай, арнасы бітіп қалған «Қазақбай» каналын аршып, көзін ашып шаруа мен диқанға ағын судың кедергісіз жетуіне мұрындық болды. Ал осындай игі істің басы-қасында жүрген Шона Смаханұлы атындағы орта мектептің директоры Алмат Баймұрзаев, ауылдағы ветеринарлық пункттің маманы Доскелді Оразбек, Барбол Шынәлиев, Үшкен Әбуталиев, ауыл жастарының басын қосып жүрген Ринат Сейітқұлов ауылдастарының бастамасына тұрғындар риза екендігін алға тартады. Шамамен жігіттер екі миллионға жуық қаржы жинап, ортақ істі бастап кеткен. Сондай-ақ ауыл ішіндегі арықтар тазаланып, көшелер де ретке келтіріліпті. Жігіттердің осындай ісіне қолдау көрсетіп, оның басы-қасында жүрген алматылық ауылдастары Ғалым Асқаров пен Шариф Назархан арнайы техникалармен көмек көрсеткен. Рас, бүгінде бұл бастама көршілес ауылдардың тұрғындарына да қозғау салуда. Ауылдың көгергені, көсегеңнің көгергені! Ендеше, іске сәт!
– Бір қызығы осы істі бастар тұста ауыл түлектерінің басын қосқан болатынбыз. Сонда бәрі бірауыздан келісті. Тағы бір ескерер жайт, ауылда ұрлық, қылмыс деген азайды. Өйткені қазір ауылда болып жатқан жаңалықтарды ортақ «чат» арқылы естіп отыратын болдық. Оның үстіне учаскелік инспектор ауылдағы жағдайды бізге жеткізіп отырады. Елді біріктіруге, ауыл жастарының үлкендерге қарап бой түзеуіне аз да болса себепші іс болды, – дейді Шариф Назархан. Ал осы ауылмен көрші жатқан Аққұм елді мекенінде де тұрғындардың ауызбіршілігін, ынтымағын және жарасымын көрсеткен берекелі іс жалғасын тауыпты. Аққұм ауылының 1977-1994 жылы туған түлектері ортаға 1800000 теңге қаржы жинап, ауылды абаттандыру шарасын қолға алыпты.
– Түлектер көшеден мектепке дейінгі көлік және жаяу жүргіншілер жолын тегістеп, екі арыққа табанына тақтатас төселген көпір салып берді. Жəне осы жол бойындағы көшелерді жарықтандыруды қолға алып отыр. Расында соңғы үш аудан əкімі салып бере алмаған жолды ауыл азаматтары қолға алғаны қуантады. Мұнда арнайы жүк тиегіш, «КамАЗ» жүк көліктері жұмысқа жегіліп отыр. Одан бөлек көше жолдарының ойылған жерлеріне шағал төгіліп, тегістелді. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары түгел алғысын айтып, туған жерін, ауылын түлетуге бет бұрған түлектердің игі ісін қолдап отыр. «Туған жерге туыңды тік!» деген осы болар, сірә. Осылайша бұл игі істер жастарға үлгі болып, әр жыл сайын ауылдың бір дүниесін түгендеп отырса, алтын бесік әлі көркейеді. Ауыл әлі-ақ дамиды, – дейді Аққұм ауылындағы Барбол Тоқтықожа атындағы орта мектептің директоры Руслан Батаев.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support