- Advertisement -

Бәрекелді, «Тараз» ел чемпионын жеңді!

57

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті турында Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» футбол клубын қабылдаған «Тараз» футболшылары жанкүйерлерді қуантты. Шыны керек, премьер-лигада ілініп-салынып ойнап жүрген «Тараз» ойыншылары атақты «Астананы» жеңеді дегенге көпшілік сенбеген болатын. Алайда жерлестеріміз доп домалақ деген қағиданы дәлелдеді.
Ә дегеннен-ақ екі команданың футболшылары аңдысып жатпай, бірден шабуылға көшті. Бірде «Астана» футболшылары қауіпті сәттер туындатса, енді бірде жергілікті футболшылар есеп ашуға шақ қалып жатты. Дегенмен қос команда ойыншылары бірінші кезеңде есеп аша алмай тарқасты.
Екінші кезеңді алаң қожайындары қарқынды бастады. Ойынның 48 минутында «Тараз» футболшысы Абзал Таубайды «Астананың» ойыншысы ереже бұзу арқылы ғана тоқтата алды. Төреші еш ойланбастан нүктені көрсетті. 11 метрлік айып добын орындаған Серж Ньюадзи қақпашыны бір бұрышқа құлатып, теңбіл допты қақпаның екінші бұрышына топ еткізді. Есеп 1:0. Жанкүйерлердің шаттығында шек жоқ. Бұдан кейін «Астананың» ойыншылары есепті теңестіруге тырысып бақты. Алайда олар стандартты жағдайда да, ойын барысында да түк тындыры алмады. Есесіне «Тараз» жейдесін киген оғландар есепті еселеді. Екінші гол – Эливелтоның еңбегі. «Астананың» бірнеше футболшысын алдап кеткен бразилиялық легионер қақпаға қақырата соққы жұмсаған болатын. Қонақ команданың қорғаушыларының бірі аяғын тосып, тойтарыс берді. Кері серпілген допқа бұрын жеткен Элгуджа Лобжанидзе «Астана» қақпашысы Ненад Эричті қапы қалдырып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Таблодағы көрсеткіш ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Жасыл алаңда жанкештілік танытқан «Тараз» футболшыларына жанкүйерлер қошемет көрсетті. Біз де «Жарайсыңдар!» дестік. Бұл ойын баршамызды қуантқаны рас. Тек «Таразымызға» көз тиіп кетпесе болғаны…

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support