- Advertisement -

Cоңғы солдаттың бірімін

45

- Advertisement -

Әлбетте, Ұлы Отан соғысы адамзат қоғамы тарихында өзіндік қасіретті ізін қалдырды. Қазақта соғыс өрті шарпымаған отбасы жоқ шығар, сірә! Жер үстіндегі, адамдардың жүрегіндегі жара жазыла қойған жоқ. Соғыстың бетін әрі қылсын! Бүгінде күндей күркіреп өткен сол бір сұрапыл жылдар – от пен оқ кешкен майдангерлердің жадында. Облыс орталығындағы «Ерлік» мемориалдық кешеніндегі тас тақталарға соғыс құрбандарының аты-жөндері қашалып жазылуы әбден құптарлық іс болды. Өңіріміздің жүз мыңнан астам оғыланы от-жалын ортасынан оралмапты. Әр қала, ауданнан 10-12 мыңдай айбозым майданға аттанып, жат жерде шаһит кешкен екен. Мына ескерткіш обелискіні соларға деген зор құрмет, ілтипат деп қабыл алдық. Осы үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовке айтар алғысымыз шексіз.
Бүгінде тоқсанның төріне шығып отырмын. Ауылдық округтегі соғыстың соңғы солдатымын. Адам да қартайғанда бір баладай ғой. Тай-құлындай тебіскен өз қатарларын іздейді екен, жастық шағын аңсап сағынады екен. Алайда жастық шіркіннің қос ат жегіп қусаң да, жеткізбесі анық. Ол күндер енді оралмайды. Көңілде қалғаны – уақыттан да қымбат естелік қана. Күні кешегі сұрапыл соғысқа бір ауылдан аттанған құрдастарымның жиырма шақтысы аман-сау елге де оралған еді. Олардың да көзі кетті.
Жас кезімізде ауылдан басталған сапарымызды соғыс соқпақтарымен жүріп, Берлинде бір-ақ аяқтаймыз деп ойлаппыз ба! Тағдырдың жазуы солай болды. Өзім Жаңатұрмыс колхозында дүниеге келгенмін. 1935 жылы Сталин атындағы мектепке барып, онда 1942 жылға дейін оқыдым. Содан кейін колхозда екі жылдай жұмыс істедім. Ал батыста күркіреп соғыс жүріп жатты. 17-18-дердегі бозбаламын. 1944 жылы қараша айында мен де әскер қатарына алындым. Семей қаласында үш ай әскери дайындықтан өттік. Қатарымда ауылдан бірге барған құрдастарым да болды.
Бұл кезде біздің әскерлеріміз жауды түре қуып, апанында тұншықтыруға таяп қалған-ды. Олардың қатарына жаңа, тың күш болып қосылдық. 1945 жылы ақпан айында Берлинді алу шайқасына қатыстық. Көп ұзамай Жеңіске де қол жеткіздік қой. Жорық жолдары жеңілге түскен жоқ. Жеңістен кейін де өзімнің Белоруссияда екі, Украина мен Кавказда үш жыл әскер қатарында болып, соғыстан кейінгі күйзелген халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру ісіне атсалысуыма тура келді. Содан елге 1950 жылы бір-ақ оралдым. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденінің, Маршал Жуков медалінің иегерімін. Жеңістің бірқатар мерейтойлық медальдарымен де марапатталып келемін.
Бізді бейбіт өмірде де ауқымды жұмыстар күтіп тұрған еді. Елдің еңсесін көтеруге, экономиканы дамытуға қадери-халімізше үлес қостық. Еңбек майданында шыңдалдық. 1950-1952 жылдары МТС-та темір жонушы, 1952-1962 жылдары комбайншы, 1969-1979 жылдары поштада монтер болып түрлі жұмыстар атқардым. Еңбегімнің еленбей қалған жері жоқ. Ең бастысы – елің аман, жұртың тыныш болуы ғой. Бүгінде төрт қыз, бір ұлымнан тараған 10 немере мен 19 шөберенің ортасында әдемі қариялық шағымды өткеріп жатқан жайым бар.
Енді соғыс болмасын, әрқашан күн сөнбесін, аспаннан бұлт төнбесін! Бүгінгі ұрпақ бейбіт күннің шуағына шомылып, бақытты ғұмыр кеше бергей! Менің аталық тілегім осы.

Дүйсенбай ЖҰМАХМЕТОВ,
соғыс және еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы.

Ойық ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support