- Advertisement -

Зауыт жұмысшылары өз таңдауларын жасайды

64

- Advertisement -

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы «Қазфосфат» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Жаңа Жамбыл фосфор зауытының мәжіліс залында зауыт ұжымының қатысуымен жиын өтті. Онда «Nur Otan» партиясының ХІХ съезінде қабылданған шешімдер талқыланды. Жиынды бастауыш партия ұйымының төрағасы Арман Қарағалиев ашып, баяндама жасау үшін сөзді Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатовқа берді.
– Өздеріңіз білетіндей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде кезектен тыс сайлау өткізу туралы Үндеу жариялап және өзінің заңды құқығын пайдаланып, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет.
Мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныстың көтерілуі – елдің жарқын келешегіне деген сенімінің де айқын көрінісі. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеудің негізгі бағдарын айқындауда бұл шараның маңызы жоғары болмақ. Елдегі ең басты сайлау науқанын кейiнге қалдырмай, оны алдын ала өткiзетiн болсақ, еліміз күн тәртiбiнде тұрған әлеуметтiк-экономикалық толғақты мәселелердi шешудiң жолдарын табуға мүмкiндiк алады.
Қазір еліміздегі партиялар президенттікке өз үміткерлерін ұсынуда. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясының ХІХ съезі өтіп, съезде Елбасы Н.Назарбаев президенттікке үміткер ретінде саяси аренада өзін іскерлік қырымен танытқан, осы орынға бірден-бір лайық азамат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынғанын баршаңыз білесіздер. Біз Елбасының бұл шешімін қолдаймыз. Дұрыс жасалған таңдау деп бағалаймыз. Осылайша Тұңғыш Президентіміздің алысты болжағыш көрегендігіне қайран қаламыз. Мұның бәрі біле білсеңіздер еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан батыл қадам деп білемін. Сіздер 9 маусым күні өтетін сайлауға біркісідей қатысып, дұрыс таңдау жасайды деген сенімдемін, – деп түйіндеді ойын.
Осыдан кейін жиын төрағасы А.Қарағалиев «Қазфосфат» бастауыш партия ұйымының атынан сөз алып, зауыт жұмысшыларының үндеуін жария етті. Онда бастауыш партия мүшелері Елбасының алға қойған бағдарламаларын басшылыққа ала отырып, еліміздің әлемдегі дамушы 30 елдің қатарына қосылуына, съезд шешімдерінің орындалуына үлес қосатындықтарын жеткізді. Сондай-ақ зауыт еңбеккерлерінің алдағы президент сайлауына түгел қатысып, өз таңдауларын жасайтындықтарына сенім білдірді.

Тараз қаласы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support