- Advertisement -

РАМАЗАН – РУХАНИ ТАЗАРУ АЙЫ

70

- Advertisement -

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің Иесі
Аллаға тән. Салауат пен сәлем елшілердің төресіне, оның әулеті мен сахабаларына болсын!

Құдайға шүкір, қасиетті Рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен келудің өзі – үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдың жауапкершілігін лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін. Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак айымен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай – әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол мерзім.Алланың Елшісі (с.ғ.с) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен. Ислам күнтізбесіндегі тоғызыншы айдың, жылдың ең қадірлі болған айының атауы − Рамазан. Рамазан – мұсылмандардың асыға күтетін, ораза ұстаған жанға Алланың сауабы төгілетін, айлардың сұлтаны болған қасиетті ай.
Тілдік мағыналарына келсек: Рамазан араб (ر م ض) сөзінен шыққан. Яки ораза ұстаушының қатты ыстық кезіндегі ішінің құжылдауын білдіреді деген. Тағы бір деректерде шөлдің ыстық күндеріне сәйкес келгендіктен осылай аталып кетті дейді. Бір көзқараста, Рамазанды өртеу, жандыру мағынасымен түсіндірген. Өйткені ол айда күнәлар жақсы амалдармен өртеледі.

Ораза – Исламдағы негізгі рүкіндердің бірі. Сонау самауи діндерден жалғасып келе жатқан құлшылықтың түрі. Бұл оразаның адамның рухына, денесіне, денсаулығына тигізер пайдасы көп. Қасиетті Құран Кәрімде: «Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Бәлкім, тақуалықты ұстанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза ұстау өздеріне ауыр келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамаған төлесін. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны айыратын) дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» – делінген.
Рамазан оразасы – Алламен байланыса отырып нәпсіні тазалау және одан қорқу, оның разышылығы үшін тақуалық қылу, сабырлықты басшылыққа алу, оған шүкір ету үшін нығметін еске алу. «Рамазан айының алғашқы түні болғанда, жаннат есіктері айқара ашылып, бұл рамазан айы бойы жалғасады. Сөйтіп, Алла Тағала бір жаратқанына бұйырады нида (жар салуды) қылуды. Нида қылушы (жар салушы): Ей! Жақсылық жасаушы жаннатқа келгін, Ей! Жамандық жасаушы тоқтат. Және кейін тағыда былай дейді: Алладан кешірім сұраушы бар ма? Сұрасын, Алла оның күнәсін кешіреді. Алладан дүние-мүлік сұраушы бар ма? Сұрасын, Алла оған береді. Аллаға тәубе етуші бар ма? Тәубе етсін, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Осылайша, бұл нәрселер таң уақытына дейін жалғасын табады. Алла Тағала мұсылмандар ауыз ашқанда тозақтаққа лайық болған мыңдаған жанды тозақ отынан құтқарады» деген екен.
Ораза тұтқан мұсылмандарды рухани танымы мен тақуалығына қарай үш топқа бөлуге болады. Бірінші, жай халықтың тұтқан оразасы. Яғни ештеңе ішіп-жемей, жұбайымен жыныстық қатынас жасамайтын адамның ауыз бекітуі. Бұл оразаның ең төменгі дәрежесі саналады. Екінші, таңдаулы тұлғалардың тұтқан оразасы. Яғни тамақтан ғана тартынып қоймай, ораза тұтуға жан-дүниесімен бет бұрып, сыртқы пішінін түзеумен бірге, ішкі танымына да селкеу түсірмейтін тақуалық. Үшінші, таңдаулылардың таңдаулысының тұтқан оразасы. Бұл дәрежедегілердің жүрегі Алладан басқаны ойына алмайды. Бүкіл болмысын Аллаға арнап, зәредей бір жаңсақ кетудің өзін ораза бұзушылыққа балайды. Тіпті, шариғат құптаған дүние қызықшылығын да жүрегі мүлде қаламайды.
Бүкіл ай бойы қандай болсын күнәлі істердің маңына да жуымау керек. Рамазан болсын, басқа уақыт болсын, шариғатта күнәлі істер үзілді-кесілді харам етілген болса да, бұл айда оларға салынған тыйым бұрынғысынан да салмақты сипатқа ие. Ораза кезінде мұсылмандардың ішіп-жеу секілді кейбір рұқсат етілген амалдардан тыйылуы қажеттігі бесенеден белгілі. Сөйте тұра, ол күнә жасауын тоқтатпаса, бұл мазақ: хәләл нәрселерден тыйылып, бірақ, харам іс-әрекеттермен айналысуды жалғастыра беру мазақ емей не? Осылайша, бұл айда күнәдан іргеңді аулақ салу қажеттігі бұрынғыдан да арта түседі.
Әсіресе төмендегі нәрселерден бойыңды түгелдей аулақ ұстаған дұрыс:
1. Өтірік айтудан;
2. Ғайбат немесе өсектен, яғни адамды сыртынан сынап-мінеуден;
3. Ұрыс-керістен. Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұған, әсіресе ораза кезінде қатаң тыйым салған. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен біреу ұрысқысы келсе, ораза екенімізді және жанжалдасқымыз келмейтінін айтуымыз керектігін әмір еткен;
4. Харам астан;
5. Харам жолмен табыс табудан;
6. Ешқандай орынды себепсіз адамға зиян келтіретін кез келген іс-әрекеттен;
7. Қызметшілердің немесе жұмысшылардың мойнына шамалары жетпейтін, қажытатын жұмысты арту және оларды сол жұмысты орындауға қажетті қаражатпен қамтамасыз етпеу;
Қысқасы, барлық күнә түрлерінен тыйылуға барымызды салып, көзімізді, құлағымызды, тілімізді және басқа да дене мүшелерімізді күнәлі істерден қорғауға барынша тырысуымыз керек. Рамазанды осылай өткізген адам, инша Алла, бойына тың рухани күш біткенін сезінеді, сөйтіп, сол күштің оған Алланың разылығына сай адал өмір сүруге септігін тигізері хақ.
Жаһанның жолбасшысы Мұхаммедке (с.ғ.с) ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн мың айдан қадірлі Қадір түні еді.
Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Себебі, осы айда Құран түскен. Осы айда Жебірейіл періште (ғ.с) Алланың Елшісіне (с.ғ.с) келіп, Құран Кәрімді қайталап үйрететін. Пайғамбар (с.ғ.с) ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін». Яғни ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббының дәргейінде қабыл болады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жемнен тыйылу емес. Сондай-ақ жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы. Ал күнделікті үйреніп қалған дағдылардан, мінез-құлық кемшіліктерінен бірден арылу оңай емес. Ол бірте-бірте орындалатын іс. Тирмизи таратқан хадисте Пайғамбар (с.ғ.с): «Ораза – сабырдың жартысы», – дейді. Күні бойы ашқұрсақ жүріп, кеңпейілділік қалпын сақтай алу – нағыз бекзаттыққа апаратын рухани шынығу.
Бұл айда күндердің сұлтаны қадір түні жасырынған. Құранда ол жайлы «Қадір түні мың айдан да қайырлы», (Қадір, 2) – деп баяндалады. Бұл түні Құран түсірілген. «Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадір, 4) – деп бұйырылады. Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады.
Рамазан айының құрметіне арнайы тарауих намазы оқылады. Тарауих намазы – бес уақыт намазға тәуелді болмағанымен, белгілі бір уақыты бар намаз. Рамазан айында құптан мен таң намазы аралығында оқылатын жиырма рәкәғаттан тұратын бұл құлшылық – мүәккәд сүннет (бекітілген, күшті сүннет) қатарына жатады. Ия, рамазанда тарауих намазын оқу – Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Бұл намазды ерлер мешітте имаммен бірге оқиды, әйелдер үйде оқыса да болады.
Рамазан айында әр мұсылман баласы үшін пітір садақасын беру – әрбір мұсылман ер мен әйелге – уәжіп. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан биылғы пiтiр садақасы 300 теңге көлемiнде бекітілді. Еліміздегі пітір садақасының көлемін ҚМДБ жыл сайын қасиетті Рамазан айның алдында Төралқа мәжілісінде белгілейді.
Міне оразаны, он бір ай бойы адамның тәні мен жанына жабысқан кірлерден арылтатын үлкен сынақ деп түсінген жөн. Оразаның мәні мен маңызын түсініп тұтуды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!
Қымбатты мұсылман бауырлар! Рамазан айында Құран Кәрімге жүгінейік, оған барынша жақындайық, рахаттанып тыңдайық, мейірлене оқиық және ондағы үкімдер мен қағидаларды әрбір ісімізде басшылыққа алып отырайық. Солай етсек, Ақирет күнінде біздің әрбіріміздің жақтаушыларымыз болып, Құдіретті Алланың кеңшілігінен, күнәларымызды (олар аз емес) кешіруінен, тозақ отын (азабы қатты) аластауынан үміт ете алар едік.

Қанат ЖҰМАҒҰЛ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support