- Advertisement -

Альварес Джейкобстан айласын асырды

32

- Advertisement -

Орта салмақ дәрежесінде WBC, WBA (super) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, мексикалық Сауль Альварес IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы, америкалық Дэниель Джейкобсқа қарсы шаршы алаңға шықты. Үш бірдей чемпиондық белбеу сарапқа салынған бұл шайқасты кәсіпқой бокс жанкүйерлері асыға күткені жасырын емес.
Лас-Вегастағы «T-mobile» аренасында өткен шайқаста мексикалықтың да, америкалықтың да жанкүйерлері өте көп болды. Жалпы, спорт кешеніне жиналған жұртшылық нағыз төбелесті көреміз деп ойлағаны жасырын емес. Әйткенмен екі боксшы соншалықты жұрт күткендей жекпе-жек көрсете қойған жоқ. Қимылы шалт Альварес кездесу басында сауатты қорғану арқылы аздаған басымдықтарға қол жеткізген болатын. Дегенмен жекпе-жек белортасынан ауған сәтте Дэниель Джейкобс та қарап қалмай, жойқын соққыларын дарыта білді.
Жекпе-жек барысында бір аңғарғанымыз, Дэниель солақай боксшы образына енгенде Альварес кәдімгідей сасқалақтап, америкалықтың қорғанысынан саңылау таба алмай жатты. Есесіне Саульді жүрісінен жаңылдырған Джейкобс ұрымтал сәттерді ұтымды пайдаланды. Әйтсе де екі боксшы ринг ортасында тұрып, нағыз мексикалық стильде жұдырықтаса қойған жоқ. Екеуі де «сақтансаң сақтайды» деген ұстанымға иек артқандары айқын аңғарылып тұрды. Егер Дэниель Джейкобс ертерек белсенді қимылдағанда жеңістің ауылы жақындай түсер ме еді, кім білсін? Шайқас аяқталғаннан кейін төрешілер аз ғана басымдылықпен мексикалық боксшының қолын көтерді.
Шаршы алаңда тұрып жедел сұхбат берген Сауль Альварес болашақтағы қарсыластары туралы да ойларымен бөлісті. «Мен – чемпионмын. Оны бүгін кезекті мәрте дәлелдеп бердім. Егер жанкүйерлер қаласа, мен Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізіп, әйгілі қарсыласымды тағы да ұтуға әзірмін», – деп желпінді ол өз сөзінде.
Орта салмақ дәрежесіндегі басты кездесуді Геннадий Головкин де тамашалады. Ол бұл жекпе-жекті «Жоғары деңгейдегі шоуға ұқсамайды. Тартысты шайқас болады деп үміттенген едім. Алайда боксшылар сүреңсіз жұдырықтасты», – деп бағалады. Әлемнің экс чемпионы Геннадий Головкин кезінде Дэниель Джейкобспен де жұдырықтасқан еді. Аталмыш шайқаста қазақстандық боксшы төрешілердің бір жақты шешімімен жеңімпаз атанған. Дегенмен отандасымыз қарсыласын бір мәрте нокдаунға түсіргені жұрттың жадынан өше қоймағаны анық. Соған қарап, Саульге қарағанда Гена мықтырақ па деген ойға қалғанымыз рас.
Қазір батыстық БАҚ Головкин мен Альварес арасындағы үшінші кездесу туралы жарыса жазып жатыр. Әлбетте, DAZN үшін үшінші шайқас маңызды екені рас. Алайда біздің ойымызша үшінші жекпе-жек жұрт айтқандай қыркүйек айында ұйымдастырылмайтын секілді. Өйткені Головкин маусым айында шаршы алаңға шығады. Одан соң келіссөздер жүргізіп, жекпе-жек уақытын қыркүйекке қояды деу – миға қонымсыздау. Мерзім тым қысқа.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support