Азық-түлік сапасын жиі қадағалау керек

Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл – жұқпалы дерттің табиғи ошақтарында тиісті санитарлық жұмыстардың уақтылы жүргізілуінің нәтижесі. Әлеуметтік мәні зор аурулардың алдын алу бағытындағы шаралар да жоспарға сай жүруде. Облыста «Ботулизм» диагнозымен 10 адам зардап шегіп, тамақтан уланудың 7 дерегі тіркелгенін айтпасақ, әзірге бұл саладағы жағдай қалыпты.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев пен облыстық балалар жұқпалы ауруханасының жұқпалы аурулар қауіптілігін бақылау әдістемелік-кеңес беру орталығының басшысы Гуля Мирзабекова берген арнайы мәліметке сүйенсек, бұл үй жағдайында консервіленген өнімдерді пайдаланғаннан орын алған екен. Аталған деректер азық-түлік пен тұрмыстық қолданыстағы басқа да өнімдердің қауіпсіздігіне жиі мониторинг жүргізу керектігін аңғартқандай. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте сала мамандары өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізілгенін айтып, қорытындысымен таныстырды. Мониторинг нәтижесі бойынша 157 ұйғарым беріліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 82 іс қозғалған. Жалпы 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарлы міндеттерін баяндаған спикерлер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен 2006 жылдан бері елімізде иммундау апталығы ұйымдастырылатынын жеткізді. Осы арқылы әрбір азаматқа арнайы профилактикалық жолдармен аурудың алдын алып, қорғануға болатынын және оған құқығы бар екені түсіндірілуде. Жұқпалы дерттен қорғайтын вакцинация – денсаулық сақтау саласын инвестициялаудың ең тиімді, тексерілген жолдардың бірі. Елімізде алдын ала екпелер толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сонымен қатар жоспарлы екпелерден басқа эпидемиялық көрсеткіштер бойынша жүргізілетін екпелер де мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі.
Өңірде «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру және сектораралық өзара іс-қимылды дамыту» Жол картасы қабылданған. Осы құжатта айқындалған міндеттерге сай мамандар облыстағы балабақшаларда, мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және сауда орталықтарында «Дене белсенділігі», «Қауіпсіз өнімді таңда», «Сенің денсаулығың сенің қолыңда», «Таза қолдарың», «Болашаққа қадам» тақырыптарында 402 акция ұйымдастырған. Сонымен қатар кәсіпорын аумағында темекі шегуге тыйым салу туралы жұмыс берушілермен 88 меморандум жасап, департамент мамандары онлайн режімде қантты, тұзды және трансжирді шамадан тыс қолданудың зияны туралы дәріс өткізген.

Камила Борашова

Comments are closed.

https://4store.com.ua/