- Advertisement -

Кәсіпкерлік ісін дамытуға қолдау мол

102

- Advertisement -

Кәсіпкерлікке бет бұрғаныма да 20 жылдың жүзі болыпты. Негізінен мен мейрамхана бизнесімен айналысамын. Ауданда алғашқылар қатарында «Райхан» мейрамханасын ашқанмын. Бүгінде оның жұмысы табысты жүргізілуде. Барлығы 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Олардың табыстары да жаман емес, орташа айлықтары 55-60 мың теңге аралығында.Жалпы ауданымызда алуан ұлыстың өкілдері бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай болып, ынтымақ-бірлігі жараса тірлік кешуде. Ұжымымызда да солай. Бізде ұлтына, нәсіліне қарай бөле-жару деген жоқ. Қандай істі қолға алсақ та жұдырықтай жұмылып, кездескен қиындықтарды еңбекпен еңсеріп келеміз. Біз, міне, осындай ауызбіршілігімізбен, достығымызбен әлеуеттіміз деп санаймын. Сандаған ұлыстар мекен ететін өңірімізде конфессияаралық және ұлтаралық татулықтың нығайтылуының айтулы жемісінің бірі осы. 

Өзім осындағы шешен отбасында тәрбиеленіп, өскенмін. Маған кәсіпкерлік ісімді бастау аса қиынға түскен жоқ. Өйткені бұл саланың қыр-сыры өзіме жасымнан таныс. Оқып жүргенімде-ақ ата-анама ылғи сатушы боламын деп айтып отыратынмын. Бұл шешіміме олар қарсы болған жоқ. Қалай мектеп бітірдім, солай ауылдық тұтынушылар кооперативіне сатушы болып жұмысқа орналастым. Еңбек жолымды бастаған сексенінші жылдарда сауда орындарының барлығы да мемлекеттік меншікте болды. Басшылық қайда жұмсаса, сонда барып жұмыс істедік. Көбінесе мен ресторан саласында – буфетте, кафеде сатушылық жұмыс атқардым.
Сол тұста күре жолдың бойынан сауда орындары, дәмханалар көптеп салына да бастады. Мені жұмыс бабымен Теріс өзені тұсындағы «Теріс» кафесіне жұмысқа жіберді. Мұнда бес-алты жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Жұмыс істей жүріп болашақ жарымды (қазақ жігіті) таптым. Көп өтпей оған тұрмысқа шықтым. Бүгінде екі қызымыз бар. Екеуі де Алматы қаласында тұрады. Үйлі-баранды. Үлкені – заң ғылымының докторы, ҚазМУ-да қызмет етеді. Кенжеміз – құрылыс саласының маманы.
Отбасы жағдайына байланысты барып-келіп жұмыс істеу қиын болғандықтан, 1987 жылы аудан орталығындағы «Райхан» мейрамханасына ауыстым. Ол кезде аудан орталығындағы жалғыз ресторан да осы еді. Арада төрт-бес жыл өткен соң оның меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Кеңестер одағы тарағаннан кейін, көп нысандар, оның ішінде мейрамханалар да жекешелендіріле бастады ғой. Бізге де бұрынғыдай халық жиі бас сұға бермеуге айналды. Штаттық құрамымыз да қысқарып, жабылуға қарадық. Бұрынғы қызметкерлерімнің көбі сауда саласына кетті. Ойлана келе мейрамхананың екі қабатты ғимаратын сатып алып, өзімнің жеке кәсіпкерлік ісімді ашуға бел будым. Бұған жолдасым да қарсы болмай, қолдау көрсетті. Сөйтіп 1998 жылы бұл мақсатыма қол жеткіздім. Алғашқыда шағын дәмхана аштым. Ал ғимараттың астыңғы қабатын түгел сауда-саттықпен айналысушыларға беріп қойдым.
Ол бір қиын кезеңдер де артта қалды. Тығырықтан жол тауып шықтық. Халықтың да тұрмысы түзеліп, туған күн кештері мен кішігірім банкеттерді дәмханамызда атап өту үрдісі қалыптаса бастады. Күннен-күнге тапсырыс көбейіп, 100 орындық кафемізге адам сыймауға айналды. Банктерден несие алып, ғимарат ішінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуімізге тура келді. Сөйтіп дәмханамызды уақыт талабына сай 200 орындық мейрамхана етіп қайта аштық.
Бұрынғыдай емес, бүгінде тұрғындардың да талғамы өсті. Мейрамхананың безендірілуіне, көрік-келбетіне көп мән берілетін болды. Соны ескере келіп былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алып, нысанның іші-сыртына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Енді тапсырыс берушілеріміз мұнда қонақтарын ұялмай күте алады.
Дастархан мәзірлеріміздің бағасы да көпшілік үшін қолжетімді. Жалдау ақысы 2500 теңгеден бастап жоғарылай береді. Бұл да тапсырыс берушінің талғамына байланысты. Бүгінде мұнда жуалылықтардың туған күндерін, тұсаукесер, сүндет, тілашар, қыз ұзату, үйлену, құда күту, зейнетке шығу тойларын, басқасын да осында атап өтуі үйреншікті көрініске де айналып отыр. Біз тапсырыс иелеріне мейлінше мінсіз қызмет көрсетуге тырысудамыз. Көпшілігі алғысын білдіріп те жатады. Осы кәсіпкерлікті бастағаннан бері жұмыс істеп келе жатқан Еркін, Әзиза, Зура, Гулия сынды аспазшыларды бүгінде аудан жұрты жақсы таниды. Солардың шеберлік танытып, дәмді ас дайындай алуының арқасында жұмысымыз жүріп, тапсырыс берушілеріміздің қатары артып отыр десек те болады.
Алға қойған мақсатым да жоқ емес, алдағы уақытта ғимараттың төменгі қабатынан арнайы цех ашып, кондитерлік тауарларды өзімізде шығаруды қолға алуды ойластырудамыз. Оның да жүзеге асырылар күні алыс емес деп ойлаймын. Өйткені бізде кәсіпкерлікті қолдау да, көмек те мол. Белгілі бір кәсіппен айналысуымызға қай-қайсымыздың да мүмкіндігіміз бен әлеуетіміз әбден жетеді. Біз осындай бейбітсүйгіш, ынтымақты елде тату келісіммен өмір сүріп жатқанымызды мақтаныш етуіміз керек!

Банати ИБРАГИМОВА,
жеке кәсіпкер.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support