Экспорттық өнім көлемі ұлғайып келеді

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет» деп алдымызға нақты міндет қойғаны белгілі. Сонымен бірге «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 60-қадамында да үш жыл мерзім ішінде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдердің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету көзделген-ді.

Осыған сәйкес Жуалы өңірінде де экспортқа шығарылатын тауарлардың көлемі жыл санап артып келеді. Жер жағдайы мен климаты мал, егін өсіруге қолайлы ауданның бүгінде сүт өнімдерімен де республикаға аты әйгі болуда. Мұнда өндірілген сүт өнімдері еліміздің өңірлерінде, сондай-ақ Ресей елі нарығында да айрықша сұранысқа ие. Бұл тұтынушылардың «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның дәмі тіл үйірер ерекше сүті мен ірімшігіне деген қызығушылығы молдығының айғағындай. Аудандағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің көптеп-көмектесіп атсалысуының нәтижесінде сүт кластерін дамытуға үлес қосып отырған зауыттың жетістігі мол-ақ. Бүгінде кәсіпорында өндірілетін сүт өнімдерінің 30 пайызы Ресейдің Самара қаласына экспортқа шығарылуда.
Іргетасы 1951 жылы қаланған кәсіпорын осыдан біраз жыл бұрын қаржы тапшылығына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған еді. Белгілі кәсіпкер Әбдібек Пошқаевтың қолға алуымен және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ының қолдауымен кәсіпорынның тамырына қайта қан жүгіре бастады. Өткен жылы серіктестік ауыл тұрғындарынан 9208 тонна сүт қабылдап, 5000 тонна пастерленген сүт өнімдерін өндіруге қол жеткізген. Оның ішінде сары майдың үлесі – 185, қатты ірімшіктің үлесі – 850 тоннаны құрапты. Ағымдағы жылдың 3 айында мұнда 2162 килограм сүт қабылданған. Бүгінгі күнге дейін 36 тонна ірімшік экспортқа жөнелтіліпті.
– Бізге аудандағы 5 ауыл шаруашылығы кооперативі, 47 шаруа қожалығы, 30 жеке кәсіпкер тұрақты түрде сүт өткізіп келеді. Өткен жылы кәсіпорын аудан бюджетіне салық үшін 80 миллион теңге көлемінде аударым жасады. Жұмысты дұрыс ұйымдастыра білудің нәтижесінде тауар айналымы да жыл санап артып келеді. Негізінен өндірілген өнімнің 70 пайызы еліміздің барлық өңірлеріне арнайы автомобиль және темір жол көліктерімен тасымалдануда. Бүгінде ішкі нарықтық сұраныстың артуына байланысты қоймамызда бір түйір де қатты ірімшік қалмады. Өндіріс ісінде қиындықтар болмай тұрмайтыны белгілі. Бізде де шикізат тапшылығы айқын сезіле бастады. Мысалы еліміз бойынша сүттің бағасы біздің ауданда ғана қымбаттау. Өндіріс орындары білікті мамандарға ділгір. Бізде инженер-техниктер, электриктер жетіспеушілігі бар. Сонымен бірге заманауи қондырғылардың нарықтағы бағасының тым жоғары болуы – жұмысымызға біраз қолбайлау. Доллар бағамының өсуіне байланысты қондырғылардың бағасы да шарықтап кеткен. Соған қарамастан отандық өнімдер өндіру ісін сәтімен үйлестіріп отырамыз. Зауытта бүгінде 104 жұмысшы бар. Олардың орташа айлық жалақысы 60 мың теңге көлемінде, – дейді серіктестіктің директоры Руслан Хамзабек.
Зауыт бүгінде еңбек өнімділігін арттырумен қатар экспорт көлемін ұлғайтуды да көздеуде. Оның ірімшігіне Ресейдің Мәскеу облысының тұрғындары да қызығушылық танытып отыр екен. Алайда отандық тұтынушылар сұранысының көптігіне байланысты мәскеуліктердің бұл ұсынысын қанағаттандыруға зауыттың өндірістік қуаттылығы жете қоймайды. Серіктестік басшысы айтқандай, сүт өңдейтін қондырғылардың өте қымбат, шаруалардан қабылданатын сүт бағасының жоғары болуы экспорт көлемінің ұлғайтылуына да өзіндік ықпалын тигізуде. Оның үстіне кәсіпорын толықтай электр қуатымен және табиғи газбен жұмыс істейтіндіктен, тариф бағасының тиімсіздеу болуы өндіріс қуатын еселеуге аз кедергі емес.
– Бұрын сүттен шығарылған дайын өнімдер аммиак химиялық қоспасы арқылы тоңазытылатын. Аталған қоспаның жарылғыш қаупі жоғары болғандықтан, оның орнына Ресейден салқындатқыш арнайы қондырғылар сатып әкелдік. Мұның өзі қомақты қаржыға түсті. Басқа да жұмыстарды қолға алдық. Алдағы уақытта зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне қол жеткіземіз деп отырмыз. Міне, сол кезде экспорттық өнімдер көлемін де айтарлықтай ұлғайтатын боламыз, – дейді кәсіпорын басшысы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.