- Advertisement -

Тұщы су қорының әр тамшысы қымбат

289

- Advertisement -

Айналамыздың бәрі су… Айналамызды мұхиттар мен теңіздер қоршап жатыр. Олар ғаламшарымыздағы судың 97 пайызын құрайды. Алайда ішуге жарамсыз. Оны жарамды ету қыруар шығынға түспек. Дүниежүзінде тұщы су қоры тапшы-ақ. Қазірдің өзінде әлемде су тапшылығына тап болған аумақтар саны артуда. Кейптаун – бұл тек басы ғана. Ғылыми негізделген жаңа зерттеулерге зер салсақ, бүгінде жер шарында су қорлары кеміп жатқан 19 нүкте бар екен. Мұның соңы апатты жағдайларға ұшыратуы әбден мүмкін.
Басты мәселе – жер бетіндегі су қорларының көбісінің қолжетімді еместігінде. Су жер шары бойынша да біркелкі бөлінбеген. Бір жерде көл, бір жерде шөл… Не істесек те, бізге су керек! Ішу үшін, жуыну үшін, азық-түлік өнімдерін өсіру үшін, өндіріс үшін, құрылыс пен өнеркәсіпке де… Жер-жиһанда 7,5 миллиард адам бар дейміз, ал бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 10 миллиард адамға жетуі мүмкін деген болжам бар. Ал бұл қалыптасқан жағдайды одан әрі күрделілендіре түспек. Бүгінгі таңда 844 миллион адам – ғаламшар тұрғындарының әрбір тоғызының біреуі таза суға қол жеткізе алмауда. Қайсыбіреулері ауызсуды алыстан тасып ішуге мәжбүр. Сондай-ақ әлем бойынша жылына шамамен 5 жасқа дейінгі 300 мың бала лас су мен санитарлық жағдайға байланысты туындаған диареядан көз жұмуда.
Бүгінде әлемде су тұтыну көрсеткіші артып, адамзат ішуге жарамды су қорларын тез тауысып қоя ма деген үрей де жоқ емес. Қайсыбір ғылыми негізделген мәліметтерге сүйенсек, таза суға инвестицияланған әрбір 1,32 доллар ең кемінде 5,27 доллар пайда әкелетін көрінеді. Бұл мөлшер 2030 жылға дейін 27,67 миллиард долларға жетіп, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 0,1 пайызын құрайтын болады. Бүкіләлемдік банктың мәліметіне қарағанда, экономикалық пайда жылына 60 миллиард долларды құрауы мүмкін.
Ғалымдар болжағандай, климаттың өзгеруінен құрғақшылыққа бейім аймақтар одан әрі де кеберсіп, ал ылғалды аймақтар ылғалданған үстіне ылғалдана түспек. Осылайша су – ғасырдың негізгі экологиялық мәселесіне де айналып отыр. Су туралы пәлсапаны таңнан таңға созып айтсаң да таусылмастай. Енді мұның өңірімізге қатысты жағына келейік.
Жалпы су қорларын тиімді басқару тәсілдері қарапайым әрі оңай. Көбінесе бұл өзімізге байланысты. Оған мысал ретінде құбырлардағы ақауларды көптеп келтіруге болады. Құбырдың ескіруі немесе бұзылуы, яғни нашар инфрақұрылым судың көп мөлшерін ысырап етеді. Ұлыбританияда дұрыс жұмыс істемейтін, үнемі су тамшылап тұратын шүмектен жылына 300 литр су ағуы мүмкін екені, ал күніне тесіктерден ағып жатқан 3 миллиард литр су 20 миллион адамның қажеттілігін өтеу үшін әбден жеткілікті екендігі зерделеніп, дәйектелген. Ал бізде қалай? Күніне қанша көлемде тұщы су тұтынамыз? Ысырап болып жатқаны қанша? Осыны зерделеп, зерттеп жатқан мекемелер бар ма? Бар екен.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бейсенбек Жампозовтың айтуынша, өңірдегі 4 қала мен 373 елді мекен ауызсу тұтынады. Барлық ауылдың 199-ы, яғни 53,3 пайызы орталықтандырылған су-құбыр торабына қосылған. Биыл бұл мақсатқа 3 миллиард 440 миллион теңге қаражат бөлініп, 10 елді мекенге таза ауызсу жеткізу ісі қолға алынбақ. Аталған инженерлік су жүйелерінің 6-ауы – былтырдан биылға өтпелі, төртеуі – жаңа нысандар. Оны толық жүзеге асырылған жағдайда биыл ауызсумен қамту көрсеткіші облыс бойынша 56 пайызға жетеді деп күтілуде. Ал қалалардың орталықтандырылған су-құбыр тораптарымен қамтылуы 88 пайызды құрап отыр. Айта кету керек, Тараз қаласының шеткі аумақтарында әлі де құдық суын пайдаланатындар бар.
– Әлемнің тұщы суы тапшы, құрғақшылыққа бейім аумақтары қатарында Қазақстан да бар. Сондықтан ауызсу мәселесі мемлекетімізде бірінші кезекте тұруға тиіс. Шын мәнінде олай болып жатқан жоқ қой. Облыстың жайы өзіңізге жақсы мәлім. Бар-жоғы 10-ақ пайызы өзен-көлдері бар ылғалды аумақта орналасқан. Қалған бөлігі – шөл мен шөлейт. Мойынқұм да, Бетпақдала да бізде, – дейді бұл тұрғыда «Тараз су» ЖШС өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Әжмұхан Бөлтіріков. – Ал Тараз қаласының орнын ата-бабаларымыздың көрегендігі, жершілдігі болар, кезінде дөп таңдаған сыңайлы. Шаһарымызды да су көздеріне ыңғайластырып салған. Оңымызда Талас, солымызда Аса өзендері ағып жатыр. Бағзы кездері де урбанизация орын алып, мұнда қала салынды, жерінің басым бөлігі егіске айналдырылды. Жалпы қала, село салынуы қай аумақтың да экологиясының бұзылуына әсер ететіні белгілі. Қос өзеннің ортасындағы алапта да егіншілік айрықша дамыды. Мұндай жағдайда гербицид, пестицид секілді химиялық тыңайтқыштар көп пайдаланылатыны айтпаса да түсінікті.
Оның айтуынша, шөл және шөлейт аймақтарда бүгінде таза су көздері тек қана жер астында қалып тұр. Кезінде елімізде, оның ішінде өңірімізде де жерасты суын пайдалану үшін зерттеу, барлау жұмыстары қолға алынған. Жерасты таза су көзі қай ендікте, тереңдікте жатыр, химиялық құрамы қандай? Осы тұрғыда оның гидрологиялық арнайы картасы да жасалыпты. Облыс аумағындағы Аса, Талас өзендері ортасында да 1965 жылдары осындай жұмыстар жүргізілген. Соның нәтижесінде жерасты суының мол қоры табылыпты. Ол Аса, Талас арасындағы жерасты су көздерінің оңтүстік бөлігі деп аталады. Міне, осы жерасты су көзінің алты теліміне барлау жасалған. Оның құрамында Жалпақтөбе, Құмшағал ауылдары, Тараз қаласы бар. Мемлекеттік су қоры комитеті белгілеп берген алғашқы ұңғымалар бұрғыланып, орталықтандырылған су-құбыр торабы арқылы Тараз қаласын сол жылдардан бері қарай тұщы сумен қамтамасыз ету басталған. Сол тұста шағын аудандар, химия өнеркәсібі зауыттары салынып, қала аумағы ұлғаюына байланысты Жалпақтөбе, Құмшағал су жинағыш имараттары бой көтерді. Қазір олардың алғашқысында – 21, ал екіншісінде 29 ұңғыма құдық үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Қалған 43 ұңғыма қала аумағында орналасқан.
Қала одан әрі де өсіп, өркендей түсті. Ауызсуды тұтынушы көздер де көбейді. Жерасты суының бағзы кездері өкімет тарапынан болжамдалып, бекітілген қоры бүгінгі күнге дейін пайдаланылып келеді. Тағы айта кетерлік жайт, бізде басқа өңірлердегідей суды тазалап, өңдеу, тұщыту құрылғысы да қажет емес, таза жерасты суын бірден пайдалана беруге болады екен. Тек түрлі бактериялар өршіп кетпес үшін ішінара залалсыздандыру жұмыстары ғана қолданылса жеткілікті. Қысқасы, Тараз жұрты еліміз бойынша бірегей таза жерасты суын пайдаланып отыр. Бұл ретте 2006 жылы өткен халықаралық симпозиумдердің бірінде Тараз қаласының жерасты суы ең таза су ретінде аталғаны есте. Оңтүстік аймақта осындай таза жерасты суын пайдаланып отырған да Тараз бен Шымкент қалалары ғана екен.
– Бүгінде сөткесіне қалаға 65 мың текше метр су беріледі. Ал енді барланған жерасты суы қоры сөткесіне шамамен 502,5 мың текше метр су көтеріп шығара алуымызға да болады. Яғни болжамдалған су қорымыз Тараз секілді төрт қаланы ауызсумен қамтамасыз ете алады. Сондықтан тараздықтардың тұщы сумен қамтылу мәселесіне алаңдауына еш негіз жоқ. Үкімет тапсырмасымен өз қаражатымыз есебінен 2010 жылы бұдан елу жылдан астам уақыт бұрын болжамдалған жерасты су қорына қайта бағалау ісін жүргіздік. Сол кездің өзінде-ақ 2035 жылға дейінгі қорымызды бекітіп қойдық, – дейді Әжмұхан Зәуірбекұлы. – Алайда суымыз жетеді екен деп арқаны кеңге салуымызға әсте болмайды. Су – басты тіршілік көзі. Ол бітсе, өмірдегі тіршіліктің бәрі тоқтайды. Рас, таза да сапалы ауызсу қорымыз жеткілікті. Бірақ экологиялық тұрғыда түйткілді мәселелер туындауда. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі су жинау нысандары орналасқан аумақ бастапқы кезде ашық дала болатын. Қазір сол ашық алаңқайларға түрлі құрылыс нысандары салынуда. Мұның жерасты ауызсу көздерінің экологиялық қауіпсіздігіне қаншалықты әсері бар? Айтайық. Осынау стратегиялық маңызы бар аумақта үш белдеудің жүргізілуі өте қажет. Оның біріншісінде су жинау нысандары қоршалып, қатаң қадағалауда болады. Екіншісі санитарлық қорғалуын қамтиды. Яғни бұл аумақта жеке тұрғын үйлер, қора-жайлар, фермалар, жерге сіңетін қалдықтар шығаратын өндіріс орындары салынбауы керек. Жалпы жерасты суының да өз ағысы болады. Біздегісі, мысалы, Қырғыз Алатауынан бастауын алып, төменге – Мойынқұмға қарай ағып жатады. Үшінші белдеуде сол судың ағысының жоғары жағында химикат пайдаланып, егін егуге, улы химикаттар мен радиоактивті заттар сақтайтын немесе шығаратын базалар салуға қатаң тыйым салынады. Мұның бәрінің де жерасты тұщы су көздеріне жағымсыз әсері болатыны айтпаса да түсінікті.
Қазіргі уақытта су жинау қоймалары аумағында тыйым салынғанына қарамастан құрылыстар салынып жатыр. Бұны тиісті әкімдіктерге жазудай-ақ жазып жатырмыз. Алайда бұл іске мән беріліп жатқаны шамалы. Ал мұның түптің түбінде салдары жақсы болмайды. Алдын алуға әлі де кеш емес. Дегенмен қалалық әкімдік тарапынан аталған аумақтан жер телімі бөлінуі тоқтатылғанын атап өтуге тиіспіз. Бұған дейін бөлінген жер телімдеріне тұрғындар үй салып тастады. Ендігі жерде оларды бұзуға да тура келуі ықтимал. Қалай болғанда да су жинау бекеттерін үш белдеулі жүйе бойынша қорғау шаралары шешімін табуға тиіс. Бұл – елдің игілігі, болашақтың қамы.
Айта кетейік, бұл жайлар Экология және Су кодекстерінде де қарастырылған. Алайда жетімсіздеу. Сондықтан жерасты ауызсу қорларын қайта бағалау есептерінде айтылатын санитарлық аймақты қорғау мәселесін дербес нормативтік-құқықтық құжат етіп әзірлеп, оны жергілікті әкімдіктердің бекітуіне ұсыну қажет-ақ.
Құбырдың ескіруі немесе бұзылуы, яғни нашар инфрақұрылым судың көп мөлшерін ысырап ететінін жоғарыда айттық. Бұл орайда бірінші кезекте қаладағы 40 жылдай пайдаланып, әбден ескіріп, тозығы жеткен су-құбыр жүйелерін ауыстырудың мезгілі жеткені де байқалады. Әлбетте, оларды бірден ауыстыру да қиын. Оған қыруар қаражат қажет. Дейтұрғанмен «Тараз су» мекемесі бұл жұмыстарды 2008 жылдан бастап қолға алған екен. Бүгінгі таңда 600 шақырымдық жүйенің 70-80 шақырымы жаңартылған. Серіктестікте судың текке ысырап етілуінің техникалық шығыны (су шығатын жердегі және қаладағы су есептегіш құралдары есебінің айырым құны, ол облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті бекітіп берген болжамды көлемінен (18 пайыз) асырылмауға тиіс) деңгейін төмендету басты бағыт ретінде ұсталуда. Осы тұрғыда су есептегіш құралдар қаладағы заңды тұлғаларда толықтай, ал жеке үй, пәтерлердің 96 пайызында орнатылыпты.
Ең бастысы, тиісті түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көп күш жұмсалып, қыруар қиындықпен жеткізілер ауызсуды техникалық мақсатта, машина жууға, егіс суаруға пайдалану тоқтатылыпты. Ал түсіндіру жұмыстары одан әрі жалғастырылуда екен. Осының есебінен су пайдалану көлемі біршама азаятын болады деп те күтілуде.
Аталмыш серіктестіктің жүзеге асырған жұмыстарының ауқымды бөлігі былтыр қаланың су кәріздері жүйесінің электронды картасын жасауы дер едік. Бұл да қыруар қаражат талап ететін іс. Бұл серіктестіктің қазіргі басшысы Марат Смайыловтың Еуропалық қайта жаңғыртуды дамыту банкімен бірлесе жұмыс істеуді үйлестіре алуының нәтижесінде бұл жұмыстар біршама еңсерілген. Картаның көмегімен қай жерде қандай құбыр бар, оның көлемі, ұзындығы қандай, қанша су есептеліп жатыр – соның бәрін тамыршыдай тап басып айтуға да болады. Енді осы тұрғыдағы мәліметтер компьютерге енгізіліп, жаңа жүйе одан әрі дамытылуда. Осылай өңірімізде де еуропалық стандарттар қалыптастырылу үстінде.
«Тараз су» ЖШС-ында бүгінде 600-ден астам адам жұмыс істейді. Халықтың көбеюіне, олардың ауызсу тұтыну деңгейі артуына байланысты су жинау имараттары мен басқа да құрылғылардың қуаттылығы жылдан-жылға артып келеді. Қазір Жалпақтөбе мен Құмшағал ауылдарындағы және қала аумағындағы су жинағыш имараттарда барлығы 93 ұңғыма, ал қала ішінде су қысымын ұдайы көтеріп, қалыптағыдай ұстап отыру мақсатында 4 сусорғы стансасы іске қосылып тұр. Алда-жалда апатты жағдай орын ала қалса, оны бір демде қалпына келтіретін арнайы техникалар да жеткілікті. Мұның бәрі де біз күнделікті тұтынатын таза да сапалы ауызсудың пәтерімізге, үйімізге оңайлықпен келмейтінін көрсетсе керек-ті. Айтпақшы, облыс орталығында бір текше метр судың тарифі бұрын 64,1 теңге болса, бүгінде ол 63 теңге 51 тиынға, бір текше метр кәріз жүйесінің тарифі 25 теңге 42 тиынға төмендеген. Яғни тараздықтардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға да мейлінше қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Тек судың да сұрауы бар екені әркез жадымызда жүрсе, оның еш артықтығы болмайды деген ойдамыз.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support