- Advertisement -

Геннадий Головкин Стив Роллспен жұдырықтасады

26

- Advertisement -

Орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген әлемнің экс чемпионы Геннадий Головкиннің DAZN платформасындағы дебюттік жекпе-жегінде кіммен қолғап түйістіретіні белгілі болды.
Төрешілердің шешімімен мексикалық Сауль Альвареске есе жібергеннен кейін шаршы алаңға шықпаған отандасымыз екінші орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген канадалық Стив Роллспен жұдырықтаспақ. Канадалық спортшы бұған дейін 19 кездесу өткізіп, қарсыластарының барлығынан айласын асырған екен. Сондай-ақ ол 10 шайқасын мерзімінен бұрын аяқтаған.
Дереккөздерге сенсек, жекпе-жек 8 маусым күні Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» аренасында өтеді. Бұл кешен Гена үшін етене таныс. Қазақстандық сайыпқыран мұнда бірнеше кездесуде жеңіс тойын тойлаған. «Шаршы алаңға оралып, үлкен драмалық шоу ұсынатыным үшін қуаныштымын әрі бойымда толқу сезімі бар. «Madison Square Garden» аренасына келетін бокс жанкүйерлері мені керемет шабыттандырады. Мен боксты жақсы көремін. Өзімнің тарапымнан Стив Роллсқа қарсы өтетін шайқаста барынша жақсы жағымнан көрінуге тырысамын деп сөз беремін», – дейді Геннадий Головкин. Өз кезегінде Стив Роллс та үнсіз қалған жоқ.
«Маған әлемнің ең мықты боксшыларының бірімен қолғап түйістіруге мүмкіндік бергендері үшін DAZN-ға және Головкиннің командасына шексіз ризашылығымды жеткізгім келеді. Мен шаршы алаңға жеңілу үшін шықпаймын. Головкин – мықты боксшы. Алайда бұл шайқаста жеңіске жету – мен үшін аса маңызды. Сол арқылы өз атымды бокс тарихында қалдыруға күш саламын», – дейді Стив Роллс өз ойымен бөлісіп.
Геннадий Головкинге қарсылас іздеуде таңдаудың неге Стив Роллсқа түскенін отандасымыздың промоутері Том Леффлер тілге тиек етті. «Біз Генаның DAZN-дағы дебюті үшін негізінен бірнеше боксшыны қарастырдық. Платформа басшыларына Стив Роллстың канадалық боксшы болғаны ұнады. Өйткені DAZN жетекшілері канадалық бокс жанкүйерлерінің платформа жазылушыларына айналғанын қалады. Бұл қарсылас таңдаудағы негізгі фактор болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар Стив Роллс бұған дейін жеңіліп көрмеген боксшы. Осы критерийлер зор маңызға ие болды», – дейді Том Леффлер.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, Стив Роллспен өтетін жекпе-жек Головкин мен Альварес арасындағы үшінші шайқас алдындағы дене қыздыру кездесуі сияқты. Бұндай әңгіменің тарауына да себеп бар. Өйткені DAZN кәсіпқой бокс әлеміне енді келген платформа саналады. Сондықтан да олар үшін ең маңызды шайқастарды ұйымдастырып, сервиске жазылушылардың қатарын арттыру қажет-ақ. Одан бөлек бұл ұжым мықты боксшыларға миллиондаған доллар инвестиция салып отыр. Қаржы еселеп қайтуы үшін жаңа платформа қалай болған күнде де жанкүйерлердің сұранысын тудыратын бокс кештерін өткізуі тиіс. Әлемнің кіл мықты менеджерлері жиналған DAZN жетекшілері ондай мүмкіндікті мүлт жібермесі анық.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support