- Advertisement -

«Тараз» ширек финалға жолдама алды

26

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан премьер-лигасын сәтсіз бастаған «Тараз» футбол клубы кубоктік бәсекенің алғашқы ойынында жанкүйерлерді кәдімгідей қуантып тастады. 1/8 финалдық кездесуде Қарағандының «Шахтер» футбол клубын қабылдаған жерлестеріміз қарсыластарынан айласын асырды. Бұл ойынға екі команда да аралас құрамдағы ойыншыларын шығарды. Әсіресе «Тараз» футбол клубының бапкерлік құрамы жастарға және жергілікті футболшыларға мүмкіндік беруді жөн деп тапты.
«Тараз» футболшылары бұл күні ойындағы басымдықты уыстан шығармауға күш салып, ә дегеннен допты бақылауда ұстады. Нәтижесінде жерлестеріміз жылдам гол соғып, жанкүйерлерді кәдімгідей желпінтіп тастады. Айып алаңына жақын маңда жүрген Серж Ньюадзи «Шахтер» қорғаушыларын қалтарыста қалдырып, Гаврил Канға тамаша пас шығарды. Жас та болса шеберлігі шыңдалған Гаврил қонақтардың қорғаушысын әдемі алдап өтіп, теңбіл допты қақпа төрінде тулатты. Гаврилдің тамаша голына жанкүйерлер айрықша құрмет көрсетті.
Жерлестеріміз жылдам голдан кейін де қарқынын төмендеткен жоқ. Бірнеше комбинациялық шабуылдар ұйымдастырып, «Шахтердің» қорғаныс шебін жиі мазалап тұрды. Қонақтар да ара-тұра қарсы шабуылдарға иек артты. Лукаш Дропп жұмсаған соққы қақпашы Сейсен Мұхамеджанның уысынан табылды. Оралхан Өміртай жақын қашықтықтан мүлт кетіп, таразы басын теңестіре алмады. Нәтижесінде ойынның бірінші кезеңі 1:0 есебімен алаң қожайындарының пайдасына шешілді.
Ойынның екінші кезеңінде де «Тараз» футболшылары қарқынын бәсеңдетпей, есепті еселеуге күш салды. «Шахтердің» қақпашысымен бетпе-бет қалған Гаврил Кан бұл жолы голдың авторы атана алған жоқ. Бұдан соң қонақтардың ойыншысы Жан Әли Пайруз ұрымтал сәтті ұтымды пайдалана алмады. Екінші кезең бел ортасына таяғанда алаңға Гаврил Канның орнына Элгуджа Лобжанидзе шықты. Сол Лобжанидзе мен Ньюадзи бірнеше тамаша мүмкіндігі бола тұра, таблодағы көрсеткішті өзгертпеді. Дегенмен, ойын соңында Серж Ньюадзи алдыңғы қателіктерін жуып-шайып, бір гол соқты. Қорытынды есеп – 2:0. «Тараздың» пайдасында.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support