- Advertisement -

Мал тұқымын асылдандыру айрықша маңызды

56

- Advertisement -

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы басты міндет малдың өнімділік және тұқымдық қасиеттерін жақсарту екені белгілі. Міне, осы жұмыстарды жетілдіруге бағытталған мемлекеттік шаралар бүгінде өз жемісін беруде. Бұл тұрғыда тауарлы шаруашылықтарды асыл тұқымды бұқалармен және қошқарлармен қамтамасыз ету, селекциялық асылдандыру ісін жүргізу мен сүтті, етті малдың асыл тұқымды бұқасының ұрығын сатып алу шығындарын субсидиялау шаралары қарастырылған. Бұдан тыс шаруа (фермер) қожалықтарында және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде қой мен мүйізді ірі қара малының аналық басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтер көрсетілуде. Атап өтетін жайт, тауарлы және жеке қосалқы шаруашылықтардағы мүйізді ірі қара малының және қойдың аналық басын тұқымдық түрлендіру әдісімен қамту үшін операторлар арқылы асыл тұқымды бұқалар мен қошқарларды жалға беру ісі қолға алынған.
Өңірімізде 2018-2027 жылдар аралығында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімді салалық бағдарлама аясында 2018-2024 жылдар аралығында облысымызға алыс-жақын шетел мемлекеттерінен 36 мың басқа жуық асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының аналық басын сатып алу жоспарланған. Өткен жылы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің қаржы институттары арқылы 8 208 жас құнажындар сатып алуға 34 шаруашылықтан өтінім түскен. Олар 7 818 басқа мақұлданып, бас-аяғы 1703 мал әкелінді. Ал биылғы жылдың басынан бастап қаржы ұйымдарына осы бағытта 853 бас мүйізді ірі қара малын сатып алуға 9 өтінім түсіп, оның 7-еуі (617 басқа) мақұлданған. 90 бас сатып алу жөніндегі бір өтінім бойынша 49 миллион теңге бөлініп отыр. Жалпы жыл басынан бері өңірімізге сырттан 1380 бас мүйізді ірі қара малы жеткізілді.
Ақпараттық талдау жүйесі былтыр тұқымдық түрлендіру үдерісіне қатысқан мал санының 63 187 бас сиырды құрағанын көрсетті. Бұл жалпы пададағы сиырдың 406 пайызы. Бұл тұрғыдағы республикалық орта көрсеткіш 28 пайыз көлемінде екендігін де еске сала кеткеніміз жөн. Тауарлы падаларға 935 бас асыл тұқымды бұқа жалға берілген.
Бүгінгі күні облысымыздағы тұқымдық түрлендіру үдерісімен қамтылған сиыр саны 4224 басты, жоспардың орындалуы 6 пайызды құрап отыр. Бұл да республикалық орта көрсеткіштен біршама жоғары. Айта кетейік, биыл тұқымдық түрлендіру үдерісі сәуір айының алғашқы күнінен басталды. Мұндай жұмыстар жүзеге асырылатын тауарлы шаруашылықтарға 2215 асыл тұқымды бұқа қажет болады. Осыған байланысты жалға беру мақсатында «АВВ Fedlot» ЖШС – 330, «KazMeat Kordai» ЖШС 1500 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Тауарлы шаруашылықтарға өндіргіш бұқалардың негізгі бөлігі сәуір айынан бастап үлестіріле бастайтыны белгілі. Бүгінгі күні операторлар тарапынан тауарлы шаруашылықтарға 37 бас асыл тұқымды бұқа таратылып берілді. Бұл жұмыстар одан әрі жалғастырылу үстінде.
Атап өтерлігі, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңірімізде асыл тұқымды мал үлесінің жылма-жыл көбейтілуі республикалық орта көрсеткіштен 2-3 есе жоғары деңгейде орындалып отыр. Агроқұрылымдар көптеп асыл тұқымды мал сатып алуда да белсенді. Осылай бұл істе облысымыз еліміз бойынша көш бастауда.

Балжан ЫСҚАҚОВА,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support