- Advertisement -

Баймаханбет ақынның бенефисі

201

- Advertisement -

Оқырман бенефисі – бір оқырманның құрметіне ұйымдастырылатын кешенді іс-шара. Мұндай кездесудің кейіпкері қандай да болсын білім саласына айрықша қызығушылықпен, жанашырлықпен атсалысуға тиіс. Оқырман бенефисінің мақсаты да осы – ұлттық сана-сезімі жоғары, ой-өресі биік, мәдениетті, парасатты, білімді адамдар ортасын, жастардың көркем әдебиетті сүйіп оқитын жаңа буынын қалыптастыру, ең үздік оқырмандар тәжірибесін насихаттау.
Тараз қалалық көпшілік кітапханалар жүйесі №5 филиалының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бөлігі «Туған жер» жобасын іске асыру аясында «Менің жалғыз серігім» тақырыбында осындай іс-шара өтті. Оның қонағы – кітапхананың байырғы оқырмандарының бірі, облыстық «Aq jol» газеті «Индустрия және инновация» бөлімінің редакторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахмет өзінің бүгінгідей жетістікке жетуі жастайынан көркем әдебиетті сүйіп оқуымен байланысты екенін, кітап оқу мәселесі жөнінде өзінің де бірнеше ондаған мақалалар жазып жариялағанын «Болашақ» медициналық колледжінің білімгерлеріне қызықты әңгімелеп берді. Іс-шараны жүргізген кітапханашы Сара Жолдыбаева бенефис иесінің өмір дерегіне де тоқталып, ол қызмет ететін «Aq jol» газеті тақырыптары әр алуан, облыс көлеміне тарайтын, жаңалықтың жаршысы ғана емес, қоғамдық-саяси ахуал мен ұлттық құндылықтарымыздың насихаттаушысы ретінде де танымал бірегей басылым екенін сөз етті.
Бенефиске қатысушылар кеш қонағына «Кітаптың сіздің өміріңізден алар орны, маңызы қандай?», «Кітап оқуға алғаш ықпал еткен кім?», «Сіздің сүйікті кітабыңыз? Ол сізге несімен қымбат?» деген сияқты сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Білімгерлер Ержан Саламат пен Даяна Сапаш ақынның «Бір ақын бар…», «Ойда жүрсін Отаның» атты өлеңдерін нәшіне келтіре жатқа айтып берді. Өз кезегінде бенефициант жастарға көркем әдебиетті сүюдің пайдасы туралы айтып, ана тіліміздің бай да сұлу бейнелілігін, құнарлылығын тереңдеп ұғынуға септесетін М.Әуезов, С.Мұратбеков, Б.Соқпақбаев, Т.Әлімқұлов, Қ.Ысқақов, М.Мағауин секілді қазақ жазушыларының шығармаларын оқуды ұсынды.
Бұдан кейін келушілерге кеш қонағының бірқатар кітаптары мен түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдарда жарияланған публицистикалық мақалалары таныстырылды. «Жалпы кітап оқудың маңызы зор. Ол ой-өрісіңді кеңейтіп, тіл байлығыңды молайтады. Кітапқұмарлар өз ойын әр кезде де еркін әрі толық жеткізіп, сауатты жаза да алады» деген ақын өзінің сүйікті дағдысынан әлі де қол үзбегенін, сол арқылы өмір ағымына ілесіп отыратынын айтып, жастарды кітапқұмар болуға шақырды.
Тақырыпқа сай кітап көрмесі ұйымдастырылып, слайд көрсетілді. Оқырмандарына «Махаббат қызық мол жылдар» романымен танылған жазушы Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», «Майдан күнделігі» атты туындыларына, Қ.Исабаевтың «Шоң би» трилогиясына, Т.Кәкішұлының «Сәкен аялаған арулар» кітабына шолу жасалды.
Әнмен, күймен өрнектелген кеш соңында кітапхана меңгерушісі Раушан Манкентбаева өскелең ұрпақ өкілдерінің ғасырлар бойы жасаған құндылықтарымызды қастерлеп, асыл қазына – кітаптарды қызыға оқып, рухани нәр алып, сусындап өсе беретініне сенім білдіріп, кітапты сүюге, кітаптың адам өміріндегі маңызды рөлін түсінуге және кітапқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған мұндай іс-шаралар одан әрі де жалғаса беретінін жеткізді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support