- Advertisement -

Атауы өзгерсе де,ем-домдары өзгермейді

47

- Advertisement -

Соңғы 10 жылда туберкулезге қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру бойынша барлық тиісті құрылымдар жүргізілген ауқымды жұмыстардың арқасында аймақта дерттің аурушаңдық көрсеткіші 2,3 есеге төмендеген еді. Қазіргі кезде жұқпалы дертті жұқтырғандар 1 193-тен 563 адамға азайған. Өлім көрсеткіші 6,9 есеге қысқарып, қайтыс болғандардың саны 153-тен 25-ке дейін төмендеген. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қайрат Жетібаевтың айтуынша, былтыр облыста науқастардың уақтылы дәрі қабылдауының нәтижесінде, ем аяқталғандағы сараптама бойынша емдеу тиімділігі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартынан жоғары болған.
– Туберкулездің екі түрі бар. Соның сезімтал түрі анықталған науқастардың сауығу деңгейінің стандарты 85 пайыз болса, біздің қол жеткізген деңгей 92,5 пайызды құрады. Ал жұқпалы дерттің төзімді түрімен ауыратын науқастарда бұл көрсеткіш 85,5 пайыз болды. Ал негізгі стандартта ол 75 пайыз, – дейді бас дәрігер.
Былтыр тамыз айынан бастап науқастарға ыңғайлы болу үшін смартфондар арқылы бейнебақылаулы ем-шараларын жүргізу жүйесі енгізілген екен. Қазір 21 науқас осы жүйе бойынша ем қабылдап жатқан көрінеді. Сондай-ақ өткен жылы қараша айынан бастап облыстық туберкулез диспансерінде телемедицина орталығы ашылыпты. Осы орталық арқылы Ұлттық ғылыми фтизиопульмонологиялық орталығымен және басқа да қажетті мамандармен онлайн режімде жағдайы ауыр науқастардың диагнозына талдау жасау, кеңестік-әдістемелік көмек алмасу жұмыстары жандана түскен.
– Қазір «Туберкулезбен және көптеген дәріге көнбейтін туберкулезбен ауыратын науқастарды психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсете отырып, пилоттық жоба шеңберінде кеңейтілген амбулаториялық емдеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық негізінде туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын науқастар тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдауда. Жылдан-жылға осындай емделушілердің саны артуда. Мәселен, 2017 жылы 133 науқас болса, былтыр 143-ке жетті. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 49,8 пайызға қол жеткізді. Бірақ негізгі стандарт 50 пайыздан төмен болмауы керек, – деп Қайрат Қыдырәліұлы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қаңтардан бастап облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің диспансерлік бөлімі Тараз қаласындағы алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына толықтай берілгені белгілі. Осы тұста айта кететін тағы бір жаңалық – биылғы жоспарға сәйкес, бірінші тоқсанда облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің атауы ресми түрде «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Жамбыл облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып өзгереді екен. Өйткені республикалық орталық солай аталады. Бұл өзгерісті бұған дейін 2 облыстың тубдиспансері енгізіп үлгеріпті.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support