- Advertisement -

Дәрігер шипасы емімен де, сөзімен де даруға тиіс

115

- Advertisement -

Тараз қалалық №5 емхана шаһарымыздағы заманауилығы мен көлемі жағынан ең үлкен емдеу орталығының бірі болып саналады. Жалпы емхана 62 мың келушіге арналған. Онда 10 бөлім бар. Соның ішіндегі атқарар жұмыс ауқымдысы – арнайы мамандар бөлімі. Бес жылдан бері осы бөлімді басқарып келемін. Мұнда барлығы 30 дәрігер, 30 медбике жұмыс істейді. Емделушілерге эндокринолог, невропатолог, кардиолог, уролог, травматолог, балалар және үлкендер хирургі, оториноларинголог, окулист, аллерголог, иммунолог сынды білікті дәрігерлер медициналық қызмет көрсетеді.

Дәрігерлерге де, орта буын мамандарға да қойылар басты талап, ол – емделушілерге жақын туысындай жанашырлықпен қарау, жылы қарсы алу, оларға емімен де, сөзімен де шипа дарыту. Дәрігердің жылы сөзі сырқаттың өзіне деген сенімін арттырып, ауруынан тез сауығып кетуіне сеп болады деген ойдамын.
Бала кезімізде көршіміз дәрігер болды. Ол алдына келген сырқаттың барлығына көмектесетін. Мен де өскенде осындай дәрігер болсам деп армандаушы едім. Сол арманмен 1990 жылы Алматыдағы мемлекеттік медициналық институтқа оқуға түсіп, оны тәмамдап шыққан бойда алғашқы еңбек жолымды Луговой ауылындағы аудандық ауруханада балалар дәрігері болып бастадым. 1993 жылы Тараз қаласындағы балалар ауруханасына ауысып, жұмыс барысында нефролог біліктілігі бойынша білімімді жетілдірдім. Ал 2001 жылдан бері №5 емханада балалар нефрологі болып жұмыс істеудемін.
Бөліміміздің жұмысы сырқатына дауа іздеп келген шаһар тұрғындарын диспансерлік есепке алуға, ауруды ерте бастан анықтау үшін түрлі тексеру шараларын ұйымдастыруға және емдеуге негізделген. Науқастар жоспарлы түрде ауруханаларға жолданып отырады. Қала ауруханаларынан ем алып шыққан ауруларды, соның ішінде жүрекке ота жасатқандар мен инсульт алғандарды бақылап, оңалту шараларын ұйымдастыру, порталға кезекке қою, уақытша еңбекке жарамсыз парағын ашу, ұзақ созылмалы сырқаты барларды медициналық әлеуметтік сараптау комиссиясына жіберіп отыру, сондай-ақ үнемі тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де біздің мойнымызда.
Қазір емхананың мүмкіндігі жыл санап артып келеді. Барлық дәрігерлер мен медбикелер компьютерлермен қамтылып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Емханаға келушілер бұрынғыдай сарылып кезек күтіп тұрмайтын болды. Электронды кезекке тұрып, уақтылы қабылдауға кіруіне мүмкіндігі бар. Ал өзге келушілер талон алып, дәрігерге қаралуда. Сонымен қатар емханадан амбулаториялық хирургия бөлімі ашылып, жеңіл-желпі оталарды өзімізде жасай беретін мүмкіндікке ие болдық. Осының барлығы бас дәрігеріміз Динара Сәрсенованың бастамасымен жүзеге асырылып отыр.
Жұмыс барысында кеңес сұрап отыратын ұстаздарым да баршылық. Олар терапия және балалар бөлімдерінің меңгерушілері Мира Жакенова мен Гүлжаһан Байтөриева. Өзім де бірқатар жас дәрігерлерге тәлім беріп жүрмін. Жалпы ұжымымыз ұйымшыл. Барлығымыз бірлесе, ақылдаса-кеңесе отырып жұмыс істеудеміз. Бөлімнің дәрігерлері мен медбикелері өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Солардың ішінде дәрігерлер Элмира Көмекова, Нұржамал Артықова, Гүлзабира Қоңыртаева, Сауле Сармолдаева, медбикелер Гауһар Бекталиева, Сәуле Байшонова, Алма Серікбаева, Гүлмира Тұрсынқызы мен Гүлмира Оспанованы ерекше атап өткім келеді.

Фарзана БИТЕНБАЕВА,
№5 қалалық емхананың арнайы мамандар бөлімінің меңгерушісі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support