- Advertisement -

ҚАЗІР КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢ. АЛДЫМЫЗДА МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ ТЕР ТҰР

30

- Advertisement -

Елбасы Парламент Мәжілісі Бюросының отырысына қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын талқылауға ұсынды.

– Бұрынғы Үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздермен жаңа Премьер-Министр Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынып отырмын. Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, көлік министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында көп жұмыс атқарылды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминнің интеграциялық бірлестіктердің жұмысына, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты.
– Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері мен комитеттер төрағалары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына ұсынылған Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.

* * *
Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты. Қазақстан Президенті Парламент Мәжілісінің депутаттарына арналған сөзінде бұрынғы Үкіметтің жаһандық дамудың күрделі жағдайына қарамастан экономиканың өсімін сақтауға күш салғанын атап өтіп, Үкімет мүшелеріне атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірді.
– Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев туралы арнайы айтқым келеді. Ол бұған дейін Павлодар облысының әкімі, экономика министрі, вице-премьер, бірінші вице-премьер лауазымдарын лайықты атқарып, өзін жақсы қырынан көрсетті. Бақытжан Сағынтаев – адал әрі тәжірибелі азамат. Ол басқа да салаларда қызмет ете алады. Бірақ жекелеген министрліктердің, әсіресе әлеуметтік саладағы ведомстволардың жұмысындағы олқылықтар бүкіл Үкіметтің отставкаға кетуіне әкеп соқтырды, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық аренадағы тұрақсыздық пен санкциялық текетірестер еліміздің әл-ауқатын нығайту үшін тың шаралар мен шешімдер қабылдауды талап ететінін айтты. Сонымен қатар жүргізілген саяси жаңғырудың нәтижелеріне тоқталып, оның аясында билік тармақтары арасында өкілеттіктердің қайта бөлінгенін атап өтті.
– Үкімет өзіне қажетті құзыреттің бәрін алды. Енді, халық алдындағы міндеттерін мінсіз атқарып, өз қызметі үшін жауапты болуға тиіс. Мұндай жауапкершілік әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың тиімділігіне тікелей жауап беретін түрлі деңгейдегі әкімдерге де жүктеледі. Олар тұрғындардың арыз-шағымдарына жедел жауап беріп, ең бастысы, тиісті шаралар қабылдауы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Парламенттің әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру ісіндегі рөліне тоқталды.
– Әңгіме заң жобаларын сапалы әзірлеу ғана емес, сондай-ақ маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру жөнінде болып отыр. Бұл парламенттік мониторингті тұрақты жүргізу, үкіметтік емес сектордың қатысуымен диалог алаңдарын құру, халыққа қабылданып жатқан мемлекеттік, соның ішінде заңнамалық шаралардың мәнін түсіндіру мәселелеріне де қатысты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жаңа Үкіметтің мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жүзеге асыруға, құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформаларды аяғына дейін жеткізуге, тұрғындардың проблемаларын нақты шешуге тиіс екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 44-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.
– Ол жұмыс істеген жылдары өзіне сеніп тапсырылған қызметтерде нақты нәтижелерге қол жеткізді. Асқар Ұзақбайұлы өзін тәжірибелі менеджер ретінде көрсетті. Жаңа Үкіметтің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Асқар Ұзақбайұлы Маминнің кандидатурасын лайықты деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Премьер-Министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Пленарлық отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы тиісті жарлыққа қол қойды.
Елбасы әлеуметтік саясатымыздың негізгі басымдықтары жөнінде айтып, индустриялық бағдарламаны орындау барысында отандық өндірісті дамыту қажеттігіне назар аударды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support