- Advertisement -

Арманы асқақ еді…

86

- Advertisement -

8 қаңтар. Алдында жол жүріп келіп кеш тұрған едім. Ұялы телефонға бірнеше қоңырау түсіпті. Қуаныштың інісі Бауыржан, досы Ерғазы Белгібаев бірнеше рет қоңырау шалыпты. Ерғазыға хабарластым.
– Қуаныштан айырылып қалдық… – деді Ерғазы…
Қапелімде аузыма сөз түспей іле Бауыржанмен сөйлестім.
– Иә, Ереке досыңнан айырылып қалдық. Денесін ауылға алып келе жатырмыз, – деді Бауыржан ауыр күрсініп… Осылайша мына бес күн жалғанды тәрк етіп, Қуаныш дос ортамыздан кете барды… Өзекті өкініш өртеді, жанарыма жас тығылып, мына дүние төңкеріліп кетті.
Атпал азамат, жақсы дос, аяулы бауырдың өмірден өткеніне де қырық күн болып қалыпты…
Бәрі күні кешегідей, көрген түстей көз алдымнан өте берді.
Сен туралы өткен шақты жазу өте қиын екен, Қуаныш!
Мен Қуанышты қай кезден білемін…
1991 жыл.
Ақкөлде Қуанышпен көрші тұрдық. Орта мектепті Ойықта шалдың қолында аяқтап, бірінші курсты бітіріп келген кезім. Қуаныш мектепті бітіріп, Жамбыл гидро-мелиоративтік құрылыс институтының студенті атанған екен. Мұның алдында аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларда сырттай бір-бірімізді біліп жүргенбіз. Жаздың ұзақ күнінде кешкілік аптап ыстық қайтқан соң ауыл балалары доп тебеді. Неге екенін, осы доп қууға менің де, Қуаныштың да аса зауқымыз болмады. Керісінше оқыған кітабымыз туралы сыр шертеміз. Ол студенттік жылдардың қызығы, әсем Алматының сұлулығы жайында сұрайды. Мен шабыттана, тіпті кейде мақтауы келген жерді асқақтата айтып жіберемін. Күн қарауытқан кезде әжесінің «Қуаныш!» деген даусы шығады. Әңгімеміз үзілмесін деп төргі бөлмеге өтеміз. Әкесі Жолды аға, анасы Алшан әпке керемет кісілер.
1993 жылы Ақкөл орта мектебіне мұғалім болып орналастым, ал Қуаныш 1995 жылы институтты бітіріп келіп, аудандық Ақкөл есептесу касса орталығында аға есепші, бас экономист қызметтерін атқарды. 1997-1999 жылдар аралығында «Ақшолақ» шаруа қожалығын басқарды. Сөйтіп, 1999 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне қызметке келіп, өмірінің соңына дейін осында еңбек етті.
2004 жылы Қуаныштың әкесі Жолды аға өмірден өтті. Ағайынға беделді, елге сыйлы, көпшіл Жолды ағамыздың қазасы, білемін, Қуанышқа ауыр тиді. Жолды ағаның жылдығына бейнефильм жасап, кітап құрастырдық. Ол кезде мен де облыстық «Ақ жол» газетіне келіп жатқан кезім. Бірде, сол естелік кітапқа ақын, марқұм Нарша Қашағанұлы ағамыз естелік айтып беретін болды да Қуаныш екеуміз Қаратауға жолға шықтық. Күз айы. Қарашаның қара суығы. Жаңбыр толассыз жауып тұр. Көлігіміздің терезесі қайта-қайта буланып, кеш жеттік. Нарша ағаның есігін қағып тұрмыз. Әлден уақытта есікті ашқан ақын:
– Әй, Болған, маған кім келіп тұрғанын білесің бе? – деді. Ар жақтан жеңгеміз де мойнын созып: «Иә, кім екен?» – деп жатыр. Ағамыз:
– Маған Жолды мен Қанжан келіп тұр, – дегені. Сөйтсек мен де, Қуаныш та әкемізге ұқсап тұр екенбіз ғой. Сол жолы Нарша ағаның үйінде таңға дейін сырласып, бір марқайып қайтқан едік.
Кітапты құрастырып, елге тараттық. «Ақ жол» газетіне Жолды ағамыз туралы «Қараторғай» сыңарын іздейді немесе жақсы аға туралы сыр» деген тақырыпта мақалам жарық көрді. Міне, Қуаныш екеуміздің достығымыз осы кезде басталды.
Нарша Қуаныш інісін өте жақсы көретін. Қуаныш та ағасын құрметтеді. Әлі есімде бірде Қуаныш Нарша ағасын сонау Шымкенттегі ағайындардың бір жиынына ертіп барды. Өзінің ғылыми жетекшісі, қоғам қайраткері Мырзакелді Кемелмен таныстырып, рухани кештің куәсі болып қайтқан-ды. Кейін Нарша аға өмірден өткеннен кейін ел ішіндегі қалжың әңгімелерін, әзілдерін жинап, құрастыруға Қуаныштың көп көмегі тиді. Қолдау көрсетті.
Жалпы, Қуаныштың қолы ашық, жомарт жігіт еді ғой. Оның облыс орталығындағы Қ.Сармолдаев балалар үйіне, өзі білім алған Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің жоғын түгендеп, керек-жарағын алып берген көмегі – сабақтастығы үзілмеген дәстүрге айналып кетті. Бұл Қуаныш жасаған қайырымдылық шараларының бір парасы ғана болар. Тіпті оның кей құрдастарының алдына мал салып, тұрмысыңды түзеп ал, кейін жағдайың келгенде қайтарасың дегені – азаматтығы емес пе?! Алдына көмек сұрай келгендерге ешқашан «жоқ» деген емес. Бұл жомарттығы оған еселеп қайтып келді. Қарапайым болды, кеуде қақпады. Досқа адал еді. Кейде Қуаныш достың азаматтық келбетіне қарап, ата-анасы азан шақырып Қуаныш деп қойғанда, жан-жағына шуағын төгіп жүрер, бауырларына қамқор, туыстарының жанашыры болсын деген шығар. Иә, Қуаныш сондай ұл болды.
Ұлым өмірге келгенде Қуанышты «өкіл» сайладым. Қатты қуанды. Өзі тағы бірнеше ұл-қыздың «өкіл» әкесі. «Балаларыма жақсы мама, сендерге әдемі келіншек тауып бермесем» деп қалжыңдайтын. Бірде әйелім:
– Қуаныш неге үйленбей жүрсің? – деді.
– Әке-шешеме «ренжіп» жүрмін, – дегені.
– Тыныштық па?
– Мені өте «келбетті» етіп туыпты.
Күліп алдық. Осындай әдемі қалжыңы болатын.
Ата-анасын ардақтап, төбесіне көтерді. Бауырларының шын жанашыры болды. Достарының ортасында беделі қандай еді! Ағайынға қадірі артты. Біреуге ренжу немесе сыртынан ғайбат сөз айту Қуаныштың табиғатына жат еді. Ашуланғанын да көрмеппін.
Арманы асқақ еді. Ойға алған дүниелері көп болатын. Біреудің кішкентай ғана жеңісіне қуана білетін. Онда да балаша қуанып, өзі бір үлкен істі тындырып келгендей шаттанатын. Шіркін, мына өмірде Қуаныштай азаматтар көп болса ғой…
Сен туралы жазарым таусылмайды асыл дос, атпал азамат, аяулы бауыр!

Ерман ӘБДИЕВ.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support