- Advertisement -

Елдос ерледі

114

- Advertisement -

Франция астанасы Париж қаласында дзюдо күресінен ірі додалардың біріне телінген халықаралық «Grand Slam» жарысы аяқталды. Айтулы аламанға әлемнің ең мықты дзюдошылары қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Бұл додада жерлесіміз, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметовке күміс медаль бұйырды.
Париж төрінде төселген татамиде жамбылдық дзюдошы жасындай жарқырады. Ол жартылай финалдық белдесуде моңғолиялық балуаннан айласын асырып, өзінің бабында екенін байқата білді. Финалда жерлесіміз әйгілі жапон балуанына қарсы барын салып бақты. Әйткенмен талай байрақты бәсекеде атой салған Наохиса Таката сыр бермеді. Үш дүркін әлем чемпионы деген атағы бар жапониялық дзюдошы тек соңғы сәтте ғана ұпай иеленді. Соңғы секундтарға дейін тең дәрежеде өрбіген кездесуде екі спортшының қай-қайсысы болсын жеңіс тойын тойлауы ықтимал еді. Әйткенмен сәттілік Наохисаның жағында болды.
Байрақты бәсекеде ел қоржынына күміс медаль салған Елдос Сметов «инстаграмм» әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Баршаларыңыздың қолдау-ларыңыз бен дұға-тілектеріңізге көп рахмет! Әлі де алар асуымыз алда. Алла қаласа әлі алтынның төресін аламыз», деген жазба қалдырыпты.
Біз де жамбылдық жампоздың талай биіктерді бағындыратынына сенеміз.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support