- Advertisement -

Экономикамыз бен демографиямызда өсім бар

72

- Advertisement -

Баймаханбет АХМЕТ

Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты өңірлік коммуникациялар қызметінің күні кеше ғана «Aq jol» газетінің ғимаратынан ашылған жаңа мекен-жайында өткен екінші баспасөз мәслихатында өңірдің былтырғы жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытынды нәтижелері басты әңгіме арқауы болып өрілді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бұл туралы облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев тарата айтып берді.
–Біз негізінен түрлі салаларға қатысты ақпараттарды жинау, өңдеу және тиісінше қорытындылар жасау жұмыстарымен айналысамыз. Былтырғы жылға келсек, жалпы нәтижелер жаман емес. Атап айтқанда, өңір экономикасының нақты секторы мен әлеуметтік саласындағы өсу үрдісі одан әрі жалғасты. Өнеркәсіп өндірісінің, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің, жүк, бөлшек және көтерме сауда айналымының көлемі артты. Жалақы мен нақты ақшалай табыстар өсті, – деген Сырым Өскенбайұлы одан әрі өнеркәсіп өндірісі саласындағы жетістіктерге кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, өңір экономикасындағы жетекші буынның біріне жататын бұл салада жалпы өңірлік өнімнің 17 пайыздан астамы қалыптасады екен. Есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің индексі былтыр 102,6, оның ішінде кен өндіру мен карьерлерді қазу – 106,1, өндірістік өңдеу – 103,2, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптау – 90,3, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуы мен таратылуын бақылау 106,4 пайызды құраған.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар. Атап айтқанда, 2017 жылмен салыстырғанда егін шаруашылығы өнімдерінің көлемі – 7,6, мал шаруашылығының өнімдері 4,5 пайызға артқаны байқалуда.
Былтырғы жылы негізгі қорға салынған инвестициялар көлемі алдын ала бағалау бойынша 255004 миллион теңгені құрап, бұл реттегі жоспар 108,4 пайызға орындалыпты.
Баяндамашы, сондай-ақ өңірде 119,8 мың шаршы метр аумақта 18 көп пәтерлі үй, жалпы аумағы 360,7 мың шаршы метрді құрайтын 2584 жеке үй және 1,8 мың шаршы метрлік 1 отбасылық үлгідегі жатақхана пайдалануға берілгенін, ЕАЭО елдерімен облыстың өзара сауда-тауар айналымының көлемі 2018 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 229,3 миллион АҚШ долларына немесе 2017 жылғы сәйкес кезеңдегіден 11,2 пайызға артқанын жеткізді.
Сырым Өскенбайұлы биыл өткізілетін халық санағының мән-жайына да тоқталып, бұрынғыдай қағаз жүзінде емес, электронды түрде өтетінін, респонденттер мәліметтері бірден планшеттерге енгізіліп, тікелей арнайы серверлерге жолданатынын оның ерекшелігі ретінде атап өтті. Бүгінгі күні өңір халқының саны 1 миллион 125 297-ге жетіп отыр екен. Оның 678 516-сы ауылды жерлерде тұрады. Ең бір қуанарлығы, өңір тұрғындарының саны бір жыл ішінде 8 077 адамға өскен.
Басқосуда журналистер тарапынан қойылған басқа да сұрақтарға тиісінше жауаптар қайтарылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support