- Advertisement -

Әкеге қарап, ұл өседі

55

- Advertisement -

Бірде екі дос жағалауда дем алып отырса, өзеннің толқынымен бірге бір батып, бір шығып, кішкентай баланың ағып бара жатқанын көреді. Сонда кісінің бетіне қарсы келмей, үнемі бас шұлғып, қолдап-қоштап жүретін кісі ойланып жатпай суға секіріп түсіп, баланы құтқарып жағаға шығарады.
Ол ентігін де басып үлгермейді, қараса тағы біреуі ағып келе жатыр. Бірінші баланы тастай бере, қайта суға секіреді. Оған да жетіп, жағаға әкелсе, үшіншісінің басы қылтиып бара жатқанын көреді. Дереу досын айқайлап, көмекке шақырып: «Әй, дереу суға секір, ана баланы құтқар!» десе, әлгі суға қарай емес, кері өзеннің басына қарай жүгіре жөнеліпті. Ал оның бұл әрекетін түсінбей, аңырып қалған досы: «Ей, қайда барасың? Құтқаратын адамның былай қарай ағып келе жатыр ғой», – депті. Сонда: «Мен бұлардың суға секіріп жатқан жеріне барып, тоқтатайын!», деп ары қарай жүгіре беріпті.
Бұл мысалдан нені ұқтыңыз? Осы оқиғаның өзі қоғамдағы болып жатқан жағдайлардың айқын картинасын көрсеткендей. Біз үнемі келеңсіздіктің неден басталғанын ойлай бермейміз. Тек соның салдарымен күресеміз. Бір жасөспірім ұрлық жасаса, оған жатып кеп ұрысып, сол әрекетіміз арқылы ортасынан шеттетеміз. Бірақ әуелде өзіміз оның көзінше біреудің әдемі затын жымқырып кеткенімізді еске де алмаймыз.
Балаңызға сабақтағы нашар үлгерімі үшін жиі ұрсасыз, бірақ оның сабақты оқып, тапсырманы қалай орындағанын қадағаладыңыз ба? Қиын есепті бірге шешіп, көмек бердіңіз бе? 6-7-сыныпта оқитын ұлыңыз ұрланып темекі шексе, перзентіңіздің көзінше тартқан шылымның әсері болар деп ойландыңыз ба?! Қыз бұзылды дейміз, ал ұяң кезінде қатарыңнан қалма, көппен жүр деп достарының туған күн кешіне өзіңіз жібергеніңізді ұмытып қалмаған шығарсыз. Ұл-қызым көңіліме қарамай, тік сөйлейді деп ренжисіз. Алайда өзіміздің үлкендерге дауыс көтеріп, қаттырақ сөйлегенімізде шаруамыз жоқ. Сәбиін көшеге тастап кетті деп ұлардай шулаймыз, алайда саябақта қыз бен жігіт құшақтасып отырса, оларға бұларың ұят болады деп ескерттіңіз бе?!
Тізе берсең, осылай жалғаса береді. Неге бұлай болды деп ертең тағы да бір келеңсіздік орын ала қалса, улап-шулап салдарын талқылаймыз. Есесіне себебін іздемейміз. Ұрпағыңыз тәрбиелі болсын десеңіз, өз іс-әрекетімізге сақ болайық! Себебі балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі!

Ардақ Сапибулла,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support