- Advertisement -

Жалаң ұран жігерлі ұрпаққа мін

88

- Advertisement -

балауса толқын уақытты текке өткізбеу керек дейді

Елордада Жастар жылының ашылу салтанаты өткені белгілі. Осы жиында жастар саясатын жетілдірудің бағыт-бағдары белгіленіп, жаңадан қабылданатын және қайтадан жаңғыртылатын бағдарламалар туралы айтылған еді. Міне, осы міндеттерді іске асыру жолдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» өткен шарада талқыланды. Осылайша облыста жыл ресми түрде старт алды. Оған өңірдің белсенді жастары түгел қатысты.
Орайы келген соң, біз замандастарымызды сөзге тартқан едік. Олар Жастар жылының жалаң ұранмен өтпейтініне сенім білдірді. Өз ұсыныстарын айтып, ойын жеткізді.

Дина Абдіғаппар, болашақ заңгер:
– Менің қатар-құрбыларым уақытты текке өткізбей, өздеріне берілген үлкен мүмкіндікті пайдаланады деп сенемін. Сонымен қоса жауапкершілікті де сезінуге тиіспіз. Тәуелсіздігімізді алғалы бергі жылдарда ел жастары ғылым-білімге ден қоюдың арқасында көптеген жетістік­терге жетіп жатыр. Енді сол алған білімнің жемісін мемлекетке қайтарар кез келді.
Қазіргі таңда экономиканың барлық саласы дамып келеді. Өндіріс өрге басты, ауыл шаруашылығына да инновациялық жаңалықтар енгізілуде. Қазір жастарға кез келген салада өздерін көрсетуге мүмкіндік бар. Өз құқығын біліп, әркім өзіне тиесілі қолдауды пайдалана білуі тиіс. Ол үшін құқықтық сауаттылықты арттыру қажет.

Бақдәулет Кемалов, ТарМУ-дың студенттік деканы:
– Әрбір азамат мемлекет бізге не береді деп емес, мемлекетке не беремін, мемлекеттің жағдайын қалай жақсартамын деп ойланғанда ғана қазақстандық қоғам жақсара түседі. Жастар бұлайша ұйқылы-ояу жүрмеуі тиіс. Бізге серпілу керек. Елбасының өзі бізге үлкен жауапкершілік артып, қолдау көрсетіп отыр.
Жастар арасындағы жұмыссыздық – қазіргі өзекті мәселенің бірі екені мәлім. Десек те жұмысқа орналасу үшін өзіміз ізденіп, әрекет етуіміз керек. Мысалы, менің Жастар жылында қолға алсам деген жоспарым бар. Атап айтсам, волонтерлік бағытты қолдап, Тараз қаласындағы барлық ерікті, жігерлі жастардың басын қосып, көмекке мұқтаж жандарға барынша көмектесуді көздеп отырмыз. Бұған дейін өз бастамаммен «Тараз оқырмандар» клубын құрған едім. Енді жас толқынды осы клубқа көбірек тартып, ұлттық әдебиетті оқуға баулысақ деймін.

Арнат Ұлтанбаев, жастар ісі жөніндегі ТарМУ ректорының көмекшісі:

– ТарМУ-дың Жастар ісі жөніндегі комитеті бірқатар жобаларды, игі бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Олар – қоғамға пайдасын әкелетін өзекті мәселелерді шеше алатындай, жастардың санасына жақсы ой салатындай жобалар. Елбасы айтып өткендей, жоспар жасағанда біз неғұрлым кішігірім дөңгелек үстел немесе бірмезетті іс-шараларды ұйымдастырудан қаштық. Жалаң ұран жарға жығады. Ақпараттық технологиялар ғарыштық жылдамдықпен дамыған заманда біз өз жобаларымызды іске асыру үшін әлеуметтік желілерді, интернетті тиімді пайдалана білуіміз керек. Себебі жастар көбіне ақпаратты осы әлеуметтік желілер арқылы алады. Әлем үшін Қазақстан тек үлкен территория ғана емес, тарихы терең мемлекет екенін көрсете білуіміз қажет.

Жастармен
пікірлескен:
Меруерт Қайнышева, студент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support